Биыл қалада балалар алаңшалары мен футбол алаңдарын салуға облыстық бюджеттен 915 млн. теңге қаржы қарастырылды. Жалпы саны 20 футбол алаңы салынады деп жоспарланған. Сондай-ақ, кварталішілік жолдарды жөндеуге де қаржы бөлінген.
— Бюджет маусым айында нақтыланады. Қосымша қаржы көзіне байланысты мәселелер сол кезде шешіледі, — дейді бұл туралы қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ибрагим Досанов.
Осы жерде айта кетсек, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында келіп түскен ұсыныстарды қаржыландыру мәселесі де бюджетті нақтылаған кезде шешімін таппақ.
Республикалық бюджет есебінен Исабек Ишан Хазірет кесенесіне жол салу биылға жоспарланған екен. Осы мақсатта «АЗА» ЖШС келісімге отырыпты. Бас маманның айтуынша, қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүргізілуде. «МАЭС-1 — Басқамыс», «МАЭС-2 — Сарықамыс» автожолдарын реконструкциялауды да аталған кәсіпорын мойнына алып отыр. Бүгінде мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша келісімшарт жасалып, құжаттар толтырылған.
Үстіміздегі жылы жолдардың ой-шұқырын жөндеу жұмыстары да жүргізілетін болады. Жалпы көлемі 91,5 мың шаршы метр аумақ жөндеу көреді. Әлеуметтік нысандарға апаратын 18 мың шаршы метр жол жөнделеді. Автожолдарды профильдеу (110 мың шаршы метр), әлеуметтік нысандар аумағына ағымдағы жөндеу (30 мың шаршы метр) жүргізіледі. Аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін конкурс жарияланды. Ағымдағы жылы, сондай-ақ, орамішілік жолдарды жөндеу жалғасын табады.
2024 жылы бес мыңнан аса ағашты санитарлық кесу жоспарда бар. Бұдан басқа, тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша үй маңындағы ағаштар кесіледі. Саябақтар мен сквердегі жұмыстарды жұмысшылар ауа райы қолайлы болғанда бастайды.
2024 жылы 10 мың шаршы метрге біржылдық, көпжылдық гүлдер егу жоспарланып отыр. Атап айтсақ, мұндай жұмыстар Астана, Мәшһүр Жүсіп, М.Әуезов, Кеншілер, Бауыржан Момышұлы, Энергетиктер, Беркімбаев, Абай көшелерінде, саябақтар мен скверлерде жүргізіледі.
— Биыл жақсы жерсінетін, ұзақ уақыт гүлдеп тұратын өсімдіктер таңдалатын болады, — дейді бас маман.
Кенже ҚУАТ