арапынан мұқтаж адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Биылғы жылы қалалық мәслихат азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы шешімге бірқатар өзгерту енгізді. Әлеуметтік осал топтарға қандай көмек көрсетілетіні туралы қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көмек көрсету секторының мамандары түсінік берді.
Үстіміздегі жылы Ауғанстан, Таулы Қарабах, Ирак және Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, Чернобыль атом электр станциясының салдарын жоюға қатысқандарға табысын ескермей мынадай көмек көрсетіледі:
— тісті протездеуге — 25 АЕК (92 300 теңге);
— курорттық емдеуге — 50 АЕК (184 600 теңге);
— сауықтыруға — тоқсан сайын 10 АЕК мөлшерінде (36 920 теңге).
— Бұдан басқа, Кеңес әскерлерінің Ауған Республикасынан шығарылған күніне орай 150 мың теңге (біржолғы көмек), атаулы күнге 35 жыл толуына байланысты 100 мың теңге қосымша көмек беріледі, — дейді мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көмек көрсету секторының бас маманы Үміт Досымбекова.
Әлеуметтік көмек ұрыс қимылдарына қатысып қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің отбасына да көрсетіледі.
26 сәуірде, яғни, Чернобыль құрбандарын еске алу күні қарсаңында апат салдарын жоюға қатысқандарға, соның салдарынан мүгедек болған азаматтарға, апат салдарын жою кезінде қаза тапқандардың отбасына 150 мың теңге қаржылай көмек беріледі.
Дәл осындай мөлшердегі ақшалай көмек 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығыстарды реттеуге, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына, Тәжікстан-Ауғанстан арасында ТМД шекарасын қорғауға қатысқан азаматтарға, әскери міндетін орындау барысында қайтыс болған жауынгерлердің отбасына да көрсетіледі.
Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жұбай-ларына, қоршаудағы Ленинград тұрғындарына, сол кезде кәмелет жасына жетпеген тұтқындарға, әскери қызметшілерге табысын ескермей, тоқсан сайын сауықтыруға 10 АЕК көмек ұсынылады.
9 мамырда КСРО кезінде қауіпсіздік органдарының, ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамында қызмет еткендерге 150 мың теңге, екінші дүниежүзілік соғыста концлагерь, гетто, т.б. мәжбүрлеп ұстау орындарының тұтқыны болғандарға 100 мың теңге, қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен ҰОС мүгедектерінің екінші рет тұрмыс құрмаған зайыбына 60 мың теңге біржолғы көмек беріледі.
Соғыс жылдары қажырлы еңбек еткен тыл еңбеккерлері мен әскери қызметте болған тұлғалар 50 мың теңге көмек алады.
Енді мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау мөлшеріне тоқталсақ. Жыл басында айлық есептік көрсеткіштің артуына байланысты, көрсетілетін көмек мөлшері де аздап өзгерді.
Мүгедектігі бар адамдарға:
— кәмелетке толмаған балалары болған жағдайда 5 АЕК (18 460 теңге) мөлшерінде;
— санаторий-курорттық емдеуге мұқтаж І топтағы мүгедектігі бар тұлғаның қасына еріп жүретін адамға 55 АЕК (203 060 теңге);
— санаторий-курорттық емдеуге мүгедектігі бар балаларды ертіп жүретін адамдардың жолақысы, тұруы мен тамақтануына 20 АЕК (73 840 теңге);
— 12 аптаға дейін жүктілігі бойынша есепке тұрған мүгедектігі бар әйелдерге 20 АЕК (73 840 теңге);
— аймақтық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысатын мүгедектігі бар адамдарға 15 АЕК (55 380 теңге) көмек беріледі.
30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай:
— 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 20 АЕК (73 840 теңге);
— ҚР колледждерінде ақылы негізде білім алатын мүгедектігі бар адамдарға 30 АЕК (110 760 теңге);
— ҚР жоғары оқу орындарында ақылы негізде білім алатын мүгедектігі бар адамдарға 60 АЕК (221 520 теңге) көмек көрсетіледі.
25 қазан — Қазақстан Республикасы күніне орай:
— бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 5 АЕК (18 460 теңге);
— ең төменгі зейнетақы алатын азаматтарға 2 АЕК (7384 теңге);
— ең төменгі зейнетақы алатын 80-нен асқан азаматтарға 3 АЕК (11 076 теңге) көмек көрсетіледі. Аталған көмек көрсету барысында азаматтардың табысы ескерілмейді.
Онкологиялық аурумен ауыратын адамдарға көрсетілетін әлеуметтік көмек:
— науқас есепке тұрғанда 10 АЕК мөлшерінде (36 920 теңге) біржолғы көмек беріледі;
— Павлодар қаласындағы онкологиялық диспансерге бару-қайту жол ақысы өтеледі.
31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай біржолғы әлеуметтік көмек:
— сот арқылы не ҚР заңнамасында көрсетілген тәртіппен саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендігі дәлелденген азаматтарға 10 АЕК (36 920 теңге);
— Социалистік Еңбек Ерлеріне, «Даңқ» және «Еңбек даңқы» орденінің толық иегерлеріне — 10 АЕК (36 920 теңге);
— «Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық қаһарманы» атағына ие болғандарға — 10 АЕК (36 920 теңге);
— Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарға 60 АЕК (221 520 теңге) мөлшерінде көмек көрсетіледі.
— Желтоқсаншылар аталған көмекті алу үшін өздерінің алаңға барғандарын, шын мәнінде қудаланғанын дәлелдеуі тиіс. Ол үшін тиісті құжаттарды прокуратураға тапсырады, — деп тәптіштеді бас маман.
Бөлім мамандары бұдан әрі атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындарға, ата-ана қамқорлығынан айрылған балаларға, өрттен зардап шеккендерге, ВИЧ жұқтырғандарға, туберкулез ауруымен ауырғандарға берілетін көмекке тоқталып өтті.
— Әлеуметтік көмек алатын отбасынан шыққан студенттер қала маршруттарында тегін жүріп-тұрады. Былтырдан бері өңірдегі қант диабетінің 1-ші түрімен, сондай-ақ, жүйелі қызыл жегімен ауыратын науқастар әлеуметтік көмек алатындар қатарына енгізілді. Оларға 10 АЕК көлемінде қолдау көрсетіледі, — деді сектор меңгерушісі Меруерт Байсымақова.
Кенже Қуат