Экономикасы қуатты өңір өркендей түседі. 2023 жылы Екібастұз өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуының микроэкономикалық көрсеткіштерінің жақсарғаны жыл қорытындысынан белгілі болып отыр. 9 ақпан күні Екібастұз қалалық коммуникациялар қызметінде болған брифингте қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Гүлфия Чуканова бұл жайында кеңінен баяндап берді.
Ең алдымен өндіріс туралы айтар болсақ, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1119,9 миллиард теңгені құрады. Сөйтіп, физикалық индекс көлемі 103,5 пайыз болды. Енді тарқата айтсақ, тау-кен өнеркәсібінде аталмыш көрсеткіш 101,7 пайыз, ұқсату өнеркәсібінде — 110,7 пайыз, электр қуатын өндіруде 101,7 пайызға жетті.
Жалпы, өнеркәсіп құрылымында тау-кен өнеркәсібінің үлесі 58 пайызды, ал электр энергиясымен жабдықтаудың үлесі 27 пайызды құраған екен.
Ұқсату өнеркәсібі көрсеткішінің жақсаруы теміржол кластеріне жататын «Проммашкомплект» және «Қазақстан вагон жасау компаниясы» кәсіпорындары есебінен болып отыр. Бұл кәсіпорындар 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы өнімді 13,3 пайызға артық сатыпты.
Болжам бойынша, биылғы жылы өнеркәсіптік өндіріс көлемі арта түспекші.
Брифингте спикер Гүлфия Чуканова инвестициялық климаттың тартымды болғанын атап өтті. Былтырғы жылы негізгі капиталға 313,7 миллиард теңге инвестиция құйылыпты. Оның 267,7 миллиард теңгесі — кәсіпорындардың өз қаржысы, ал 31,4 миллиард теңгесі — бюджет қаржысы. Инвестициялық көрсеткіштердің жақсаруына «Ekibastuz-FerroAlloys» ЖШС, «Проммаш.KZ» ЖШС, «RAILCAST» ЖШС және тағы басқа кәсіпорындар айтарлықтай үлес қосыпты.
2024 жылдың 1 қаңтарына құрылыс көлемі 88,9 миллард теңгені құрады. 2022 жылы бұл көрсеткіш 71,4 миллиард теңге еді. Аталмыш өсім Екібастұз жылу-электр орталығында, сумен жабдықтау нысандарында, тұрғынжай құрылысында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде болды.
Былтырғы жылы 75,8 мың шаршы метр тұрғынжай пайдалануға берілді. 2022 жылмен салыстырғанда құрылыс қарқыны 104,4 пайызды құрады.
Екібастұз өңірінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі де жылдан-жылға артып келеді. 2023 жылы 28,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілді, 2022 жылы бұл көрсеткіш 23,6 миллиард теңгені құраған болатын.
Бөлшек сауда туралы айтар болсақ, 2023 жылы 112,4 миллиард теңгенің тауары сатылыпты. Көрсеткіш, әрине, өскен, бірақ бағалар да өсті емес пе?!
Жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыздар саны кеміп келеді. Ресми тіркелуде осындай 637 адам есепке алынған. Жұмыссыздар санының кемуіне мемлекет тарапынан жүргізілген іс-шаралар игі ықпал еткен. Осылайша, 5306 адам жұмыспен қамтылған. Атап айтқанда, бос орындарға 2272 адам орналастырылып, ұлттық жобалар аясында құрылған жұмыс орындарына 260 адам қамтылып, 1716 адам кәсіпкер атанып, 1058 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған.
Атаулы әлеуметтік көмек 972 отбасына көрсетіліп, бұл мақсатқа 449,2 миллион теңге жұмсалыпты.
Халықтың денсаулығын жақсарту маңызды. Осы орайда, туберкулезбен науқастану 11,8 пайызға, қан айналу аурулары — 20,9 пайызға, обыр 8 пайызға кеміген екен. Есесіне, нәрестелер өлімі 19,3 пайызға өсіп кетіпті. «Неге бұлай болды?» — деген сұрағымызға спикер оның себептерін айтып бере алмады.
Экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Гүлфия Чуканова қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібі мәселесін де қамтып өтті. 2023 жылы тіркелген қылмыстар саны біршама кеміп, жол-көлік апаттары азайыпты. Мәселен, 2022 жылы жол-көлік апаттарынан 33 адам өліп, 227 адам жарақат алса, 2023 жылы 17 адам көз жұмып, 130 адам жарақат алыпты.
Ж.Жәлелұлы