Әп-әдемі шаһарымыздың көркін көмескі етіп тұрған «сақалды» құрылыс нысандары биліктің басын қатырғалы көптеген жыл болды. Қоғам үшін өзекті мәселе оқтын-оқтын сөз болғанымен, шыққан нәтижесі көңіл көншіткен емес. 31 қаңтар күні Екібастұз қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысы өткізіліп, аталмыш мәселе тағы қаралды. Қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Данияр Дауылбаев хабарлама жасап, депутаттарды атқарылған жұмыстан құлағдар етті.
Аталмыш бөлім жүргізген мониторинг барысында сәулет саласындағы мемлекеттік нормативтерді бұзған 7 нысан анықталыпты. Жіктеп айтсақ, құрылысы аяқталмаған 2 нысан, пайдаланудан шығып қалған 5 нысан есепке алыныпты. Сөз болып отырған құрылыс ғимараттары қоршалмаған, аумағын қоқыс басқан, кейбірінің эскиздік және жобалық сметалық құжаттамалары жоқ, қысқасы адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтіріп тұр. Сәулет және қала құрылысы бөлімі бұл жөнінде ГАСК пен жергілікті полиция қызметіне хат жолдап, шара қолдануды сұрапты. Енді аяқталмаған құрылыс нысандарына жеке-жеке тоқталайық.
Мәшһүр Жүсіп көшесі, 29-мекенжайында мейрамхана құрылысы тоқтап тұр. Қожайыны – Надежда Зеневич. Бүгінгі күні коммуналдық тораптары тартылған, екінші қабттағы терезелер орнатылыпты. Данияр Дауылбаевтың сөзіне қарағанда, иесі биылғы жылдың екінші жартыжылдығында мейрамхананы іске қоспақшы көрінеді.
Екібастұз қаласынан жаңа көпірге бет алған жолаушылар жолдың сол қапталында есік-терезелері үңірейген бетон қабырғалы биік үйлерді көріп, «Бұлар осылайша қашанғы тұрар екен?» деп ойлайды. Ойламайтын, билік түртпектесе де міз бақпайтын меншік иесі Халид Татаев қана. Екі биік үй Энергетиктер көшесі 27, 27 А мекенжайында орналасқан, заңды иесі – «ДАШО» ЖШС. Әлгі Халид мырза екі биік үйді бұзып, құрылыс материалы етіп сатамын дейтін көрінеді. Бұдан іс шығарына халық қалаулылары күмән келтірді. Өйткені, жөнсіз жекешелендіру кезінде көптеген ғимаратты тиын-тебенге меншігіне алған Халид Татаевтың берген уәдесінде тұрмай билікті сан мәрте сан соқтырғанын қала жұртшылығы жақсы біледі.
Абай көшесі, 72/1 мекенжайында дәмхана салынып жатыр. Иесі – Валерий Асатрян. Құрылыс-монтаждау жұмыстары үстіміздегі жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс.
Ал Шолпан Субекова М. Әуезов көшесі, 49 мекенжайында сауда үйін салуды көздеген екен. Енді әуелгі ойынан айнып, жобаны өзгертіп, көпсалалы спорт кешенін салуды мақсат етіпті. Жоба өзгертілген соң құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Әрине, кәсіпкердің бұл ойы құптауға тұрарлық. Біздің қаламызда сауда үйлері жеткілікті, есесіне спорт ғимараттары тапшы. Көп салалы спорт ғимараты пайдалануға берілсе, кәсіпкер үшін табыс көзіне айналары шүбәсіз.
№21 мектептің қасындағы бассейн құрылысы да көзге шыққан сүйелдей болып тұрғанына қаншама жыл болды. Данияр Дауылбаевтың аузынан осы жолы жақсы сөз шықты. Екібастұз қалалық сотының 16 қаңтардағы шешімімен ғимарат қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылыпты. Кеңейтілген отырысқа қатысқан қала әкімінің орынбасары Гүлжан Зарлықованың айтуынша, енді ғимарат балансқа алынып, техникалық сараптамадан өткізіледі. Сонда ғана ғимаратты қалпына келтіруге болатыны-болмайтыны анықталады. Ол үшін біршама уақыт әрі бюджет қаражаты қажет екені айтпаса да түсінікті. Сонау 1990-шы жылдары жөнсіз жүргізілген жекешелендіру саясатының зардабын қазіргі буын көріп отырғанын тағы да қайталап айтуға мәжбүрміз.
Кеңейтілген отырыста пайдаланылмай отырған жер телімдері туралы да сөз қозғалды. Жер қатынастары бөлімі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Павлодар облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаментіне 73 материал жіберсе, соның 46-сы жер телімін пайдаланбауға қатысты екен. 14 жер иесіне 1 жыл мерзімге предписание беріліпті. Әйтсе де, жер қатынастары бөлімінің бұл әрекетінен нәтиже шығуы екіталай. Жер телімдері иелері түрлі қитұрқы жасап, жер телімін өзге біреудің атына сатқан болып, мерзімді тағы ұзарта түседі. Кейбір жер телімдерінің қожайындары тіптен шегара асып, шет елдерге кетіп қалыпты. Енді олардан жер телімін қайтарып алу тіптен машақат. Өйткені, қолданыстағы заңға сай, құзыретті органдар хабарламаны жер телімі иесінің қолына беруге міндетті екен. Қысқасы, кәсіпкерлерге кеңшілік көп-ақ, содан олар тайраң-тайраң етеді.
Еш кәдеге жаратылмаған жер телімдерін тізіп шығудың қажеті шамалы, тек бір жер телімін сөз етіп көрейікші. Космонавтар көшесі, 4 мекенжайында кеңес заманында балалар емханасы салынған еді. Оған берілген жер көлемі – 0,1777 гектар. Атқарушы билік пәленбай жыл әупірімдеп жүріп жер телімінің бір бөлігін мемлекет меншігіне әрең қайтарды. Сол жер телімінің емхана ғимараты орналасқан бөлігі кәсіпкер Сәнімгүл Қожанованың иелігінде. Біздің білуімізше, оған ол кәсіпкер Халид Татаевтан өткен. Жоғарыда айтқанымыздай, жер телімі бір қолдан екінші қолға өткізіледі де, пайдалану мерзімі ұзара береді. Ал әкімшілік айыппұл салынса, кәсіпкерлер оны шыбын шаққан ғұрлы көрмейді.
Айтпақшы, бұрынғы балалар емханасы ғимаратының қазір жұрнағы ғана жатыр. Сонда да меншік иесінің айрылғысы жоқ. Бәлкім, билік бюджет қаражатына сатып алады деген дәмесі бар шығар. «Тамыр» ЖШС қираған бала бақша ғимаратын қыруар қаржыға мемлекетке сатып жіберді емес пе. «Жаман әдет жұқпалы» демекші, біраз дүниені жамбасына басқандар үшін бұл тамаша мысал болып тұр. Олай болса, әліптің артын күтейік…
Ж. Жәлелұлы