30 қаңтардағы жағдай бойынша Екібастұз өңірінде қызылша жұқтырды деген күдікпен 462 жедел хабарлама тіркеліпті, соның ішінде сырқаты расталған 234 адамның 184-і — балалар (78.6%). Аурудың жалпы көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 158,5 пайызды құрап отыр.
Екібастұз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бибіжан Тоғаеваның айтуынша, жоғарыда аталған 234 адамның 121-і (65,8%) — кезінде қызылшаға қарсы екпеден бас тартқандар, 50-інің (ересектер, 20,7%) иммундық мәртебесі белгісіз, 29-ы (15,8%) — екпе жасына жетпеген балалар, 20-сы (8,4%) — екпесі денсаулығына байланысты шегерілген балалар.
Әлеуметтік-кәсіби мәртебесіне қарай талдасақ, ауру жұқтырған 50 ересек адамның 3-еуі — медицина қызметкерлері (Екібастұз қалалық ауруханасы, № 2 емхана, «Дисконт» ӨК), 18-і — жұмыссыз, 11-і — мәртебесі әр түрлі адамдар, 7-еуі — студент, 4-еуі — мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, 2-еуі — мектепте жұмыс істейтіндер, 5-еуі — өнеркәсіптік кәсіпорын еңбеккерлері.
Ауру жұқтырған 184 баланың 32-сі — мектеп оқушылары, 68-і — мектепке дейінгі мекеме тәрбиеленушілері, 84-і — үйде отырған балалар.
«Дисконт» ӨК-інде ауру жұқтырудың 52 жағдайы, № 2 емханада — 104 науқас, № 3 емханада 78 науқас тіркелген.
Қызылшадан сақтанбаудың, әсіресе, екпе алмаудың салдары жайлы дәрігерлер баспасөз бетінде де, әлеуметтік желіде де, басқа форматта да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Соған қарамастан жұқпаның беті қайтатын емес. Оған жоғарыдағы сандар — айқын дәлел. Екібастұз қалалық коммуникациялар қызметінде Екібастұз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бибіжан Тоғаеваның қатысуымен өткен брифингте де бұл тақырып егжей-тегжейлі қозғалды. Бұл орайда оқырман қауым невропатолог Зәуре Бейсембаеваның газетіміздің өткен нөмірінде жарық көрген қызылшаның қаупі туралы мақаласын оқып шыққаны жөн.
Жалпы, қызылша дертінің салдары өте ауыр, асқынған жағдайда ол миды зақымдап, сал ауруына әкеп соғып, есту, көру қабілетінен айыруы да ықтимал. Сондықтан денсаулыққа салғырт қарамай, медицина қызметкерлерінің кеңесіне құлақ салған абзал болмақ.
Ж.Әбдікәрім