2 ақпанда «Жасыбай» спорт кешенінде ішкі істер органы ардагерлері мен Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкерлері арасында шағын футболдан турнир өтеді. Екібастұз қаласы ПБ ардагерлер кеңесі мен басшылығы ұйымдастырған бұл шара қылмыскердің қолынан қаза тапқан полиция қызметкері Ербол Сембаевты еске алуға арналады.
Ербол Қабыкешұлының Павлодар облысы департаменті жеке құрамының тізімінен шығарылғанына 30 жыл уақыт өтті.
Ол 1971 жылы Павлодар облысы Баянауыл кентінде дүниеге келген. 1988 жылы орта мектепті бітіріп, әскер қатарында қызмет атқарып келгеннен кейін туған ауылында жүргізуші, содан кейін «Екібастұзкөмір» кәсіпорнында жөндеуші слесарь болып жұмыс істеді. 1993 жылдың тамыз айынан бастап ішкі істер органында Екібастұз ҚІІБ ОМАИ моторландырылған взвод инспекторы ретінде еңбек ете бастады.
1994 жылғы 3 ақпанда Е.Сембаев Екібастұз қаласының жанындағы МАИ стационарлық бекетінде қызмет атқарып тұрған. Сағат 13.40-та ол Ақмола облысынан келе жатқан «КамАЗ» автокөлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру барысында Ербол жүргізушіден алкоголь иісін сезіп, медициналық куәландыру үшін ауруханаға автобуспен баруды ұсынды. Автобуспен кетіп бара жатқан кезде көліктің артында отырған адам алдыңғы орындықта отырған Ербол Қабыкешұлына жақындап, асүй пышағымен арқасына ұрып жіберді. Пышақты көлігінен шығып бара жатып қалтасына тығып қойған екен. Қылмыскер оқиға болған жерден қашып, жасырынуға тырысты. Полиция қызметкерлері оны тез арада ұстап, қылмыстық жауапкершілікке тартты. Жараланған Е. Сембаев қалалық ауруханаға жеткізілді. Алайда полицей ес жимастан қайтыс болды.
Е. Сембаевтың есімі Павлодар қаласының саябағында қызмет бабымен қаза тапқан ішкі істер органы қызметкерлеріне арналған мемориалда, сондай-ақ, полиция басқармаларының мұражайларында мәңгілікке сақталған.
Бибігүл Исаева,
Екібастұз қаласы ПБ ардагерлер кеңесінің төрағасы