Жыл басынан бері көпшіліктің аузында жүрген тақырып — мобильді аударымдар жайы. Рас, электронды есеп айырысуды қолданып, ақшаны электронды әмиянда ұстаудың тиімділігі көп. Мәселен, сөмкеңде әмиян ұстамасаң, қалта ұрысынан төнетін қауіп жоқ. Электронды есеп айырысудан банктің өз клиенттеріне беретін аз да болса бонустары бар: бұл POS-терминалмен есеп айырысуға қатысты.
… Кейде баламызды таксиге отырғызып, таксиші қызметіне төлемді мобильді аударыммен жөнелтетін кезіміз болады. Ал қазір қолма-қол ақшасыз такси шақыру қиындады, сауда саласында да осы жағдай. Өйткені үкімет мобильді аударымдарды бақылауға алмақ, мақсаты — заңсыз кәсіпкерліктің жолын кесу. Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы мәселе сөз болып, Екібастұз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы жеке кәсіпкерлерді әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Болат Ибраев тақырыпты былайша тарқатты:
— Кей кәсіпкерлер тауар сатқанда төлемді мобильді аударым арқылы қабылдайды. Бұл аударымдар бақылау-кассалық аппаратын, POS-терминалды және QR-кодты қолданбастан жасалады. Тиісінше, тұтынушыға түбіртек берілмей, құқы тапталады. Мемлекеттік кірістер органдары барлық мобильді аударымды тексермейді. Тексеріске жататын тұлғалар: үш ай дересінде ай сайын 100-ден аса және түрлі адамдардан мобильді аударым қабылдаған азаматтар. Туған-туыс, бір отбасы мүшелерінің бір-біріне жасаған аударымдары есепке алынбайды.
Негізі, біздің қаламызда да тек қана қолма-қол ақша талап етіп, оның өзінде тұтынушыға чек бермейтін, мобильді аударыммен де есеп айырыспайтын, не бірде-бір электронды есеп айырысу құрылғысын ұстамайтын кәсіпкерлер жетіп-артылады.
— Есеп айырысуды тек қана электронды түрде жүргізетін адал кәсіпкерлер бақылау алаңынан шығарылады. Осы орайда атап өтерлік жайт, бизнесті жүргізіп, дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Салық режимдерінің мөлшерлемелері жеңілдеді — мөлшерлеме қызмет түріне қарай 1 пайыздан 4 пайызға дейінгі аралықты құрайды, — деді Болат Қабдылуахитұлы.
Әрине, мобильді аударымдардың бақылауға алынуы кімге болсын ұнамайды. Бұл жаңалыққа, әсіресе, таксишілер наразы. Қоғамда резонанс тудырып тұрған жай жоғарыдағы депутаттарға да жетіп, «Ақ жол» партиясының депутаты Асқар Садықов қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа 1 қаңтардан бастап енгізілген мобильді аударымдарды фискалды бақылауға қатысты сауал жолдады.
Депутаттың пікірінше, бизнесті POS-терминалдармен жұмыс істеуге мәжбүрлеу арқылы салық органдары банктердің мүддесін қорғайды. «Кәсіпкерді қандай да бір нақты төлем түрін жасауға мәжбүрлеу заңсыз. Шағын және микробизнес — олигархтар емес, шағын дүкендерде тауар сататын немесе шағын қызмет көрсететін қарапайым адамдар. Олар бюджеттен ақша ұрлап, оффшорға шығарып жатқандар емес. Ондай кәсіпкер тіпті 5 мың теңге салықтан жалтарса да, ақшаны елде қалдырады. Мәселен, ұлына бәтеңке алып береді немесе шағын кәсібін сәл де болса кеңейтеді. Түсіндіру барысында салық органдары түрлі адамнан түскен 100 мобильді аударым бақылауға алынғанын атап көрсетеді. Бірақ оның мөлшері анықталмаған. Демек, 100-200 теңге көлеміндегі кез келген, азғантай төлемдерді де бақылауға мүмкіндік береді. Онда салық органдарына сұрақ: «Сонымен кімді іздеп жүрсіздер? Жасырын олигархтар мен жемқор шенеуніктерді ме әлде жанын әрең бағып отырғандарды ма?» – деді депутат Асқар Садықов.
Енді брифингке оралар болсақ, «Егер кәсіпкер қолма-қол ақшасыз қызмет көрсетуден бас тартса, оның электронды есеп айырысу құрылғысы болмаса, қайда шағымдану керек?» — деген сұраққа: «1414» нөмірлі колл-орталыққа хабарласу керек», «Мемлекеттік кірістер басқармасына баруға болады» деген жауаптар алдық. Әрине, мынадай көктайғақта алдыңнан күнде кездесетін проблемаларға шағымданып басқармаға жиі- жиі барып тұру мүмкін емес. Сондықтан мекеменің 77-15- 28, 28-03-56, 28-03-55 нөмірлі телефондарына хабарласуға болады. Сонымен қатар, «КГД_ Всеобщее декларирование_ Мобильные переводы» телеграм каналына сұрақтар жолдау мүмкіндігі бар.
Қорыта айтқанда, кәсіпкердің қолма-қол ақшасыз, яғни, электронды есеп айырысудант бас тартуы тұтынушы құқығын бұзады және заңсыз болып табылады. Төлем карталарымен есеп айырысудан бас тартқан кәсіпкерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған: бірінші рет заң бұзса — ескерту, қайталанса — 147 680 мың мөлшерінде айыппұл (40 АЕК, ӘҚК 194-бабы) салынады. Брифингте салық маманына «Шаштараз, тағы басқа үйінде қызмет көрсететін табысы аз мамандарға жеке кәсіпкерлік ресімдеу тиімсіз, олар не істеуі керек?» — деген де сұрақ қойылды. Егер ондай азаматтардың жылдық табысы 1 020 000 теңгеден (ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерi) аспаса, кәсіпкерлікті ресімдемей жұмыс істеулеріне болады. Бірақ қолма-қол ақшамен есеп айырысатын азаматтардың қанша табыс тауып жатқанын ешкім біле алмайды.
Ал үш ай ішіндегі ай сайынғы мобильді аударымдарының саны 100-ден асқан азаматтар анықталған жағдайда салық басқармасы олардың деректерін сотқа тапсырады. Ары қарай мән-жайды сот анықтайтын болады.
Ж.ӘБДІКӘРІМ