25 қараша күні «Өнер» мәдениет сарайында ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күніне арналған салтанатты шара өткізілді. Әуелі агроөнеркәсіп саласының өңірдегі тыныс-тіршілігі жайлы деректі бейнефильм көрсетіліп, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин сөз сөйлеп, жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға, өнімді терең өңдеуге, фермерлерді қолдауға және ауыл инфрақұрылымын жаңартуға ерекше мән бергені белгілі. Қала әкімі Аян Уахитұлы өз сөзінде Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен Екібастұз өңірінде агроөнеркәсіп саласында жүзеге асырылған игі істерді атап өтті.
Жылдан-жылға ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің әлеуеті артып отыр. Бұған озық технологиялардың өндіріске енгізілуі, заманауи жобалардың қолға алынуы серпін беруде. Мәселен, «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС жылыжайы өнімдері бүгінгі таңда ішкі және сыртқы нарыққа шығарылуда. Алдағы уақытта жылыжай аумағы 30 гектардан 40 гектарға ұлғайтылады. Ал 2023 жылы құрылған «КорнАгро» ЖШС 990 гектар алқапқа картоп отырғызып, мол өнім жинады.
Шаруашылықта 22 мың тонна картоп сыятын қоймалар салынды. «Тұрсынбаева» жеке кәсіпкерлігі 650 гектар егістік жерді тамшылатып суаруға кірісті.
Жалпы, агроөнеркәсіп саласында мұндай жаңашылдықтар жетерлік, сонымен қатар, қала басшысы сөзінде өңірде мал шаруашылығын кәсіп еткен еңбек әулеттері бар екенін, адал еңбегімен алғысқа бөленген азаматтар қатары көп екенін айтты. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ерен еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып жатыр. Павлодар қаласында өткен жиында «Жаңа ауыл» ЖШС басшысы, кәсіпкер Қайрат Ибраев «Құрмет» орденімен марапатталыпты. Бұл жолы да қала басшысы марапаттау рәсімін жүргізіп, «Анара» фермер қожалығының басшысы Серік Сәдуақасовтың өңіріне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің төсбелгісін қадады. Екібастұз ауылдық округі «Қаржау» шаруа қожалығының басшысы Тұрсынғали Ордабаевқа облыс әкімінің құрмет грамотасы, «Арғымақ» шаруа қожалығының жылқышысы Қуаныш Кәпкеновке алғыс хаты табыс етілді.
«Нұрлан» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Обаев «Екібастұз қаласының алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен бірге, бірқатар азаматтарға Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары тапсырылды. Құрмет грамотасын алғандар қатарында ауыл шаруашылығы ардагері Амантай Масығұтов, «Көктөбе» шаруа қожалығының агрономы Манап Жұманов және т.б. бар.
Айтпақшы, салтанатты шарадан бұрын жиналған қауым ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалады. Қала басшысы көрмені аралап, оған қатысушылармен әңгімелесті. «Союз» саяжай қоғамының төрайымы Татьяна Шульц қала басшысына саяжайшыларға жасалған қолдау үшін ризашылық білдірді.
Биылғы жылы «Оңтүстіктен – солтүстікке» көші-қон бағдарламасы аясында Екібастұз өңіріне 91 отбасы көшіп келіп, жұмыспен қамтылған болатын. Қоянды ауылына қоныстанған Фариза Әкіш көрмеге қолөнер бұйымдарын қойыпты. Ал Бәйет ауылы «Наурызхан» шаруа қожалығы бал татитын қымызын ұсынса, Атығай ауылының тұрғыны Любовь Деден коның бройлер тауық өсіріп жатқаны айтылды.
Солнечный кентіндегі Әсемгүл Сағынаеваның наубайханасында пісірілген нан-тоқаштардың дәмін кент пен Сарықамыс, Ақкөл мен Зеленая роща ауылдарының тұрғындары татып жүр екен.
Екібастұз ауылдық округінен көрмеге Әулиекөлден ауланып қуырылған табан балықтар қойылса, Ақкөл ауылы түрлі дәмге қоса, шаруашылық тарихынан сыр шертетін фотокөрме мен ескі тұрмыстық заттар көрмесін ұйымдастырыпты.
Қысқасы, көрмені тамашалап, ауыл дастарханынан дәм ауыз тиген сала ардагерлері «Елден береке-ырыс кетпесін», – деп баталарын берді.
Ж. Жәлелұлы









