Екібастұз қаласының екі бірдей тұрғыны: Ирина мен Галина (кейіпкерлердің аты-жөндері өзгертіліп алынды) айдың-күннің аманында темір тордың ар жағына – тар қапасқа аттанды. Ел қатарлы бала-шағасын тәрбиелеп, демалыс күндері қаланың жаймашуақ көшелерінде рахаттана серуендеп жүру әу баста олардың маңдайына жазылудай-ақ жазылған. Бірақ қай түлен түрткенін кім білсін, бастарындағы бақытты күндер көп көрінгендей, тілдерінен пәле тауып, қазіргі кезде балаларын сағынып, таза ауаның өзіне зар болып отырған жайы бар.
Бәрі қалай басталды – соған келейік.
Галина Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабымен айыпталды. Бұл дегеніміз – ұлт араздығы мен діни алауыздықты қасақана қоздыру, ұлттық ар-намысты қорлау. Ал егер ұлттық және діни алауыздықты насихаттау онлайн платформаларды қолдана отырып немесе ақпарат таратудың өзге де көздері арқылы жасалса, онда бұл Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бабында қарастырылатын сепаратистік әрекетке жатады, яғни, мұны жасаған тұлғаға Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуды не мемлекетті ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты осындай мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату айыбы тағылады.
Міне, Галинаға дәл осы айып тағылды. Нәтижесінде оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару мекемесіне тоғытылды.
Ал Ирина бейбітшілік пен адам қауіпсіздігіне қарсы, сондай-ақ, конституциялық құрылыс негіздері мен мемлекет қауіпсіздігіне қарсы ауыр экстремистік қылмыстар жасады деп есептеледі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабына сәйкес, «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі – президенттік республика. Қазақстан Республикасының Егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын, бөлінбеуін қамтамасыз етеді.
Ал Қазақстан Республикасы Конституциясында аталғандай, конституциялық құрылысты, Республиканың тұтастығын күштеп өзгерту туралы, мемлекет қауіпсіздігін, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни араздықты қоздыруға бағытталған үгіт пен насихатқа жол берілмейді.
2025 жылғы 24 қарашада «TikTok» әлеуметтік желісіндегі белгісіз аккаунтта Иринаның мынадай мазмұндағы видеожазбасы жарияланады: «Қазір Павлодар мен Петропавлға қатысты дау-дамайлар кезінде мен, Ирина (толық аты-жөнін айтқан – автор), Дима және Аня Петренколардың «Павлодар – бұл – Ресей, Петропавл – бұл – Ресей» деген сөздеріне қосыламын. Қазақстанда қазақтардың ешқашан еркін сөйлеу құқы болмаған, Қазақстанда бәрі орысша сөйлеуі керек, мен және менің отбасым осы пікірдеміз. Көресіңдер, бір-екі жылдан соң Қазақстанда әр көшеде Ресей туы ілініп, президент Путин болады!». Сотта бұл видеожазбаны Ирина «Телеграм» платформасы арқылы белгісіз қолданушыға жолдағанын баяндаған.
Дегенмен видеожазбада батырсынған Ирина соттың алдында қойдан момақан күйге еніп, Қазақстанда туып-өскенін, Отанын сүйетінін және балалары қазақстандық балабақшада тәрбиеленіп жатқанын айтқан. Сонымен қатар, таяуда ғана қыз баланы дүниеге әкелгенін, заңды некедегі күйеуі барын айтып, «Сәбиімді тәрбиелеуге мүмкіндік беріңіздер! Шартты жаза кесіңіздер!» – деп жалбарынған.
Өзінің теріс қылығының мән-жайын ол: «Жұмыссыз едім. Бірге ішімдік ішкен досым маған психотроптық заттар курьері болып жұмысқа орналасу жөнінде ұсыныс жасады. Аталған видеожазбаны жазуымды «жұмыс беруші» тарап кепілдік ретінде талап етті. Бірақ мен ол видеожазбаны «жұмыс беруші» тарап ұсынған «Телеграм» аккаунтына ғана жолдадым, басқа жаққа таратқан жоқпын», – деп түсіндіріп, өз әрекетін ақтауға тырысқан. Ал сот құжаттамаларында жазба жолданған және тараған «Телеграм», «TikTok» аккаунттары «құқық қорғаушылар тарапынан анықталмаған» деп көрсетілген.
Қалай болғанда да Ирина Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі және 180-бабының 2-бөлігі шеңберінде айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сәбиі ана мейірімін көрмей өсіп жатыр…
Ж.ЖАНДОС





