Жыл сайын қараша айында Халықаралық студенттер күні аталып өтеді. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тауып, Екібастұзда «Student Fest» мерекелік кеші ұйымдастырылды.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы «Өнер» қалалық мәдениет сарайында ұйымдастырған шараға қаламыздағы оқу орындарының жүздеген студенті қатысты.
Мерекелік көңіл күй мәдениет сарайының кіреберісінен-ақ сезілді. Дәліз бойына әр колледж өз студенттері әзірлеген фотоаймақтарын орналастырып, оларды алуан форматта безендіріпті. Үлкен баннерлер мен фотосуретке түсуге арналған бұрыштар жастардың назарын аударды. Сонымен қатар, Жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырған қалалық шаралар мен акцияларға белсене қатысқан студенттердің фотосуреттері де жеке көрме ретінде ұсынылды. Ал дәліздің бір бұрышында жігіттер арасында армрестлингтен жарыс өтіп жатты.
Мерекелік кештің ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева студенттерді құттықтап, жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігіне тоқталды.
–Баршаңызды Халықаралық студенттер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қаламыздың студенттері білім мен спортта, қоғамдық шараларда, ғылыми жобалар мен экологиялық акцияларда белсенділік танытып жүр. Біз сіздердің жетістіктеріңізді мақтан тұтамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен үміт артып, олардың әлеуетіне ерекше мән береді. Қаламыздың ғана емес, еліміздің болашағы сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен мақсатқа ұмтылыстарыңызға байланысты. Біз әрдайым жастардың бастамаларын қолдауға дайынбыз. Білімге ұмтылып, еңбекқор болыңыздар! – деді Бибігүл Иманғалиева.
Бүгінде қаламыздың жастары білім алумен қатар ғылыми жобаларға қатысып, стартаптарды қолға алып, волонтерлік қозғалыстарда да белсенділік танытып жүр. Қоғамдық жұмыстарға араласып, түрлі бастамаларға үлес қосып жүрген студенттердің еңбегі де елеусіз қалмады. Осындай белсенділігімен көзге түсіп, түрлі салада жетістікке жеткен бірқатар студент қала әкімінің орынбасары атынан алғыс хатпен марапатталды.
Олардың қатарында Академик Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының студенттері: Адам Беков, Алексей Семагин, Анеля Самарханова, Екібастұз медициналық колледжінің студенттері Илана Жапарова, Диана Әуесбек, Ақниет Құрмет, Екібастұз политехникалық колледжінің студенттері: Жүсіп Болат, Нұрболат Тұңғышев, Бақдәулет Қадыр, Ырысбек Жұмағали, Аманбек Шүкірбай бар. Сондай-ақ Инновациялық Еуразия университетінің Екібастұз қаласындағы жоғары колледжінен Ксения Гречко, Алина Сурдейкина, Қосым Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжінен Жәнібек Аманкелді, Серафима Решетникова, Степан Голиков, Екібастұз инженерлік-техникалық институтының колледжінен Әлижан Тұяқов, Айдана Елеусіз және Артем Зыкин марапатталды.
Құттықтау мен марапаттау рәсімінен кейін мерекелік кештің концерттік бағдарламасы басталды. Алғаш болып ЕИТИ институтының студенті, жас әнші Қадыр Мұратов гитарамен өнер көрсетті. Одан әрі сахнада студенттердің әндері мен би нөмірлері ұсынылды.
Бағдарлама аясында «Dance Battle» би байқауы да өтті. Қаламыздағы бес колледждің студенттері өзара бақ сынап, дайындаған қойылымдарын ортаға салды. Байқауда лезгинкадан бастап испан биіне дейінгі түрлі бағыттағы билер орындалды. Әр команда өз өнерін көрсетіп, көрерменнің қолдауына ие болды.
Музыкалық бөлімде де студенттер белсенділік танытты. Малика Байболатова «Wild Flower» әнін орындаса, Куаныш Қашенов, Қуат Аңсаған және «Syncopate» музыкалық тобы өз өнерлерін көрсетті.
Концерттік бағдарламамен қатар, мерекеде спорттық сайыстар да ұйымдастырылды. Соның бірі – армрестлинг жарысы. Оған қатысқан студенттер өзара күш сынасып, әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталды. Сондай-ақ диджейлер арасында «DJ Battle» байқауы өтті.
Жарыстардың қорытындысында «Dance Battle» би байқауында Екібастұз медициналық колледжінің командасы бірінші орынды иеленді. Армрестлингтен 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Евгений Либих бірінші, Бекхан Амангелді екінші, Әбілмансұр Кәрімжан үшінші орын алды. Ал 70 келіден жоғары салмақта Нұрдәулет Тұрсынбек топ жарса, Абдурахим Қарашашев екінші, Райымбек Абдуқадыр үшінші орынға ие болды. «DJ Battle» сайысында DJ Tima бірінші, DJ Di Ali’k екінші, DJ Islam үшінші орын алды. Жеңімпаздарды Екібастұз қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев марапаттады.
Би байқауында бірінші орын алған Екібастұз медициналық колледжінің студенті Илана Жапарова дайындық барысы мен алған әсерін бөлісті. Оның айтуынша, команда байқауға екі апта дайындалған.
– Барлық колледж студенттері жақсы дайындалып, қызықты нөмірлер ұсынды. Кештен алған әсерім өте жақсы. Қаламызда өз өнерін көрсете алатын талантты жастардың көп болғаны қуантады. Осындай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Біздің медициналық колледждің командасы байқауға шамамен екі апта дайындалды. Бірнеше рет дайындық өткізіп, қойылымды бірге талқылап, көп еңбектендік. Нәтижесінде «Dance Battle » байқауында бірінші орын алдық. Бұған қатты қуандық, себебі жұмсаған уақытымыз бен еңбегіміздің ақталғанын сезіндік. Колледж президенті ретінде жанымда осындай жауапты, мақсатшыл әрі талантты студенттердің болғанына ерекше қуанамын, – дейді Илана Жапарова.
Студенттердің бірі шығармашылықпен айналысса, енді бірі спортқа қызығады. Академик Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының екінші курс студенті Алексей Семагин сәндік-қолданбалы өнерге қызығатынын, шығармашылық мектепке қатысатынын және институттың қоғамдық өміріне белсене араласатынын айтты. Ол бүгінгі шарада қала әкімі орынбасарының алғыс хатына ие болғанына қуанышты екенін жеткізді.
Ал армрестлинг жарысына қатысқан Екібастұз инженерлік-техникалық институтының екінші курс студенті Абдурахим Қарашашев бұл спорт түрімен айналысқанына бір жылға жуық уақыт болғанын айтады. Осы уақыт ішінде облыс чемпионы және ересектер арасында қала чемпионы атанған.
– Армрестлингпен айналысып жүргеніме бір жылға жуықтады. Бүгінгі жарыс Студенттер күніне орай ұйымдастырылып отыр. Осындай шара өткізіп, спорттың осы түрін дамытуға мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін,– дейді ол.
Кеш аясында «Үздік мобилограф» байқауы да ұйымдастырылды. Оның қорытындысы әлеуметтік желіде жарияланатын болады. Сайысқа Екібастұз политехникалық колледжінен Нұрболат Тұңғышев, Екібастұз медициналық колледжінен Диана Әуесбек, Академик Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтынан Алексей Семагин, Қосым Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжінен Вероника Миллер, Екібастұз инженерлік-техникалық институтының колледжінен Ажар Жұмақова және Инновациялық Еуразия университетінің Екібастұз қаласындағы жоғары колледжінен Назар Жарков қатысты.
Мерекелік кештің соңында ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысқан жастар да марапатталды. Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Еркін Құсан Жұлдыз Қайыржанқызына, Бекарыс Мұрзатайұлына, Нұрсұлтан Қуанышұлына және бірқатар белсенді жасқа алғыс хаттар табыстады.
Осылайша, жүздеген студенттің басын қосқан «Student Fest» кеші би кешімен жалғасын тауып, көтеріңкі көңіл күйде қорытындыланды. Бірі ән айтып, бірі би билеп, енді бірі спорттық сайыста бағын сынаған жастар үшін бұл күн жаңа әсер мен жарқын естеліктерге толы болды. Осындай ортақ мерекелер студенттік шақтың ең есте қалар сәттерінің біріне айналары сөзсіз.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ









