«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, қазіргі қоғамды бала тәрбиесі алаңдатып отыр емес пе. Адамгершілік кеміп, қатыгездік үстемдік құрды. Әлеуметтік желіге үңілсеңіз, небір сұмдық оқиғаларды оқып, төбе шашыңыз тік тұрады. Ғасырдан-ғасырға мирас болған қазақы тәрбие бойға сіңірілмеген соң отбасылық құндылықтардың қадірі кетіп, тоз-тоз болғандай. Жат жұрттық өмір салтынан желкілдеген жас ұрпақты сақтандыру үшін не істемек керек? Міне, сол сұрақ бүгінгі таңда қаламгерлерді де толғандырып, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас жайлы драмалық шығармалар жазылып жатыр. Өйткені ұшқан ұядағы тәлім-тәрбие таяз болса, соңы қасіретке әкеп соғып, әке-шешенің де, баланың да жан азабын тартуы әбден ықтимал…
19 қараша күні «Өнер» мәдениет сарайында Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театры «Балам, қашан келесің?» спектаклін қойды. Спектакльді қаламгер Сәкен Сыбанбайдың «Үміт үйі» шығармасының желісі бойынша режиссер Жұлдызбек Жұманбай сахналаған екен.
«Қарттар үйіндегі қариялардың күнтізбесінде тек бір ғана күн бар. Ол – «бүгін келеді» деген үміт күні. Алты тағдыр, алты түрлі өкініш және бір ортақ күту залы.
Бұл мекенде уақыт тоқтап қалғандай, тек есіктің әрбір шиқылы жүректерді дүрсілдетеді. Өз үйіне сыймағандар, өз баласына «артық жүк» болғандар мұнда не іздейді? Олар перзентін кешіре ме, қарғай ма? Ең басты сұрақ: есік ашылғанда табалдырықтан кім аттайды – сағынған баласы ма, әлде ажал ма?».
Шығарма авторы мен қойылым режиссерін мазалаған осы ойдың жауабын спектакльді көріп отырып іздейсіз. Сырт көзге тып-тыныш көрінген «Үміт үйінің» күнделікті тыныс-тіршілігі сұхбат алуға келген журналист қыз кеткен соң бұзылады. Сұхбат берген Омархан қарт, жасамыс Бақтыбай мен Хадиша келіншек журналист қыздың айтуымен «Үміт үйіндегі» өмірлерін мақтауға мәжбүр болады. Алайда тележурналист кеткен соң қарттардың арасында дау-дамай туып, бүркеулі шындықтың беті ашылып, әр кейіпкер ішкі сырын ақтарады.
– Жалғыз ұлымды еркелетіп өсірдік. Әйелім қайтыс болды, бала үйленді. Келін еркетотай еді. Менің әр әрекетімді жақтырмай, балам екеуіміздің арамызға от жақты. Тәрбиесі кем, ақылы аз болды ма, әйтеуір балам жағама жармасып, соққыға жықты. Ақыр аяғы қарттар үйін паналап отырмын. Немеремді бір иіскегім келеді, сүйегімнің өз үйімнен шығуын қалаймын…
Бұл – шахматшы Бақтыбайдың (Бейбіт Шәнім) күйініші.
Тағдыр тәлкегіне ұшыраған Дәмегүл апаның (Рауза Тәжібаева) зары да ащы. Қызы өмірден ерте өтіп, ұлын ер жеткізеді. Шалы бақилық болған соң қара шаңырақты күзетіп отырғанында, келіншегінің сөзіне ерген ұлы үйді сатқызып, анасын қолына алады. Бірақ көп ұзамай «Контрактімен Калькуттаға кетпекшіміз» деп қарияны алдап, пансионатқа әкеліп тастайды. Енді Дәмегүл ана баласын күтумен жүр…
Сейфолла шалдың (Бек Тоқатов) соқталдай үш ұлы бар. Соған қарамастан «Үміт үйінде» өмір сүріп жатыр. Сейфолла қарттың «Бір әке үш баланы асырай алады екен, үш бала бір әкені асырай алмайды екен» деген сөзі көрерменнің жүрегін тілгілеп өткені анық.
Зиялы қауым өкілі – Омархан қарияның (Жұмахан Доспаев) өкініші тіптен бөлек. Балаларын орыс мектебінде оқытқан екен. «Орысша оқыған бала сол халықтың мінезін, тұрмыс салтын бойына сіңіреді екен», – деп Омархан қарт күйінсе күйінгендей. Кемпірі өлген, екі қызы жат жұрттықтарға тұрмысқа шығып, шет елдерде шалқып жүр. Бизнесмен ұлы «Әке, сенің ақыл айтуыңнан қажыдым» деп үйінен қуады. Немересі атасынан айырылғысы келмесе де, әкесі күштеп ажыратады.
Әдемі әйел Хадиша (Қарлығаш Жексембаева) екі рет тұрмыс құрғанымен, бала сүйе алмаған. Оқу іздеп келген бөле сіңлісінің қызы әуелгіде алдамшы қылығымен жағып, Хадиша пәтерін соған мұра етіп жаздырады. Әлгі қыз бір жігітке тұрмысқа шыққан соң, құбылып, «кетіңіз» деп Хадишаның чемоданын сыртқа лақтырады.
«Маған ана болу бақыты бұйырмады. Қазір кей-кейде «бала тумағаным дұрыс болды-ау» деген күпіршілік ой келеді».
Бұл – туған балаларының әке-шешелерінен безгенін көргеннен кейінгі Хадишаның сөзі.
«Үміт үйіне» өз еркімен келген жалғыз адам – бұрынғы шахтер – Зақаш (Дәурен Әділ).
– Жер астындағы жұмыс ауыр еді. Қажығанымды басу үшін арақ іштім. Бірте-бірте әбден үйір болып, бала тәрбиесіне мүлде көңіл бөлмедім. Олардың тірі жетімдердің күйін кешкенін кеш ұғып, өкініштен өзегім өртенді. Содан пансионатқа кетуге бел будым. Балаларым жібергілері келмеп еді, көнбедім. Үйге баруға арланамын. Мен сияқты әкенің орны – осы жер, – деп Зақаш әке бармағын шайнап опынуда.
Алайда баланың бәрі әке-шешесінен безген безбүйрек емес. Шығарма авторы сахнада өрбіген оқиғаларға «Үміт үйінен» тыс оқиғаны енгізіпті. Жас жұбайлар Дастан (Медет Садығазин) мен Мәрия (Айсұлу Балтабаева) кәрі анасы – енесін өбектеп күтуде. Алжуға шақ қария үйде жалғыз қалса, сыртқа шығып, көше кезіп кетеді. Қысқасы, ерлі-зайыптылардың біреуі жұмысынан шығуы тиіс. Міне, осы арада жұбайлар арасында түсініспеушілік туады. Дастан анасын қарттар үйіне беруге қимайды. Жүйкесі сыр берген келіншегі күйеуінен кетпекші болады. «Әкең жынды болса, байлап бақ» демекші, Дастан: «Кеудемде шыбын жаным тұрғанда, анамды күтемін», – деп, әйеліне «Кетсең, кете бер!» – дейді. Сөйтіп, күтуші жалдап, ауыш анасын үйінде бағып-қағады.
Ал ақыл-есі дұрыс әке-шешелерін қарттар үйіне тапсырған қатыгез балалар сауық-сайранмен жүр. «Үміт үйінің» бас дәрігері Нариман (Руслан Нығман) балалар үйінде тәрбиеленіпті. Оған қамкөңіл қариялардың жан күйзелісі ұғынықты, тіптен әкелері мен балаларын қайта табыстыруға да ниетті. Бұл әрекеті жемісін бермеген соң, оңашада «Бұл үйге кірген із бар, шыққан із жоқ», – деп қапаланады. Сөйтіп жүргенде күтпеген оқиға болады. Омархан қарттың ұлы әкесін іздеп келіп, кешірім сұрап аяғына жығылып, үйіне алып кетеді. Оның мұндай шешімге келуіне баласы себепші болыпты. Бизнесін баласының атына жаздырып, қарттыққа қамданған оған перзенті: «Қалған өміріңді атам тәрізді қарттар үйінде өткізесіз ғой», – дегенінде, біреу жүрегіне біз сұғып алғандай болады. Осылайша атасын жақсы көретін немересінің сөзі әкесін райынан қайтарып, қателік жібергенін мойындатқызады.
«Үміт үйінде» қалған қариялардың тағдыры не болды дер оқырман. Бұл тұста қоюшы режиссер ұтымды тәсіл қолдана білген. Сахна бос, қарттардың орындықтарына дәрігер мен медбикелер ақырет жауып жүр. Көрермен қариялардың өмірі «Үміт үйінде» үзілгенін ұғады.
Иә, сөз басында айтқанымыздай, бүгінгі қоғамда отбасындағы ұрпақ тәрбиесі өзекті болып тұр. Осы орайда, «Балам, қашан келесің?» спектаклі бітеу жараның аузын ашып, отбасы қасіретінің себептері мен салдарларын көрсетуімен құнды.
Айтпақшы, «Өнер» мәдениет сарайында қойылған спектакльді кілең балалар көрді. Рас, мұндай қойылымды балаларға көрсеткен жөн. Тек көкейде «Балалар спектакльден қандай ой түйіп қайтты екен?» деген сұрақ қалды.
Ж. СӘДУАҚАС









