Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттырудың ортақ жауапкершілік екенін ел болашағына бей-жай қарамайтын әрбір қазақстандық сезінуі тиіс. Мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылықтың артуы, өзге этнос өкілдерінің қазақ тілінде еркін сөйлеп, оны күнделікті өмірде қолдануға ұмтылуы – көңіл қуантатын үрдіс.
Астанада өткен тіл құрылтайы осы маңызды мәселелерді кеңінен талқылап, мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайы мен келешегіне қатысты тың ойлар ортаға салынған айтулы жиын болды. Еліміздің әр өңірінен жиналған тіл жанашырлары, ұстаздар, қоғам белсенділері мен түрлі этнос өкілдері қазақ тілінің дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты. Құрылтайға Екібастұз қаласының атынан – «Достық үйі» басшысының орынбасары Юлия Мерк пен №35 мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Виктория Қожамбердина да қатысты.
Екі делегат үшін де бұл сапар мемлекеттік тілдің болашағына қатысты жаңа бастамаларға жол ашты. Құрылтайда айтылған ойлар, Мемлекет басшысының тіл саясатына қатысты тапсырмалары және өзге өңірлердегі озық тәжірибелер оларды туған қалада атқарылатын жұмыстарға жаңаша көзқараспен қарауға жетелейді.
Виктория Қожамбердина үшін құрылтайға қатысу – үлкен мәртебе.
– Екібастұзда мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдері аз емес. Олардың арасында құқық қорғау, медицина және басқа да салаларда еңбек етіп жүрген азаматтар бар, – деген кейіпкеріміз тіл үйренудің ұлтқа бөлінбейтін ортақ құндылық екенін алға тартады.
№35 мектепте осыдан төрт жыл бұрын алғаш рет қазақ сыныбы ашылған болатын. Бұрын негізінен орыс тілінде білім берген мектепте бүгінде қазақ сыныптары қалыптасып, алғашқы оқушылар бастауыш білімін аяқтағалы отырғаны мемлекеттік тілге деген сұраныстың артып келе жатқанын аңғартса керек. Қуантарлығы, бұл сыныптарда өзге этнос өкілдерінің балалары да оқиды. Олардың ата-аналары мемлекеттік тілді меңгеруді өздері өмір сүріп жатқан елге, туған жерге деген құрметтің көрінісі деп түсінеді.
Бастауыш сынып оқушыларына қазақ тілінен сабақ беретін Викторияның пікірінше, тілді үйрену тек грамматикалық ережелер мен сөз жаттаудан тұрмауы керек. Ең алдымен, оның күнделікті өмірдегі қажеттілігін сезініп, қазақша ойлап, сөйлесуге дағдылану маңызды. Осы ұстанымға сүйене отырып, ол өзге этнос өкілдері мен ересектерге арналған ауызекі, жағдаяттық қазақ тілін үйрету әдістемесін қалыптастырған. Мақсаты – тіл үйренушілерді күрделі теориямен шаршатпай, нақты өмірлік жағдайларда ойын жеткізіп, сұхбаттаса алатын деңгейге жеткізу.
– Қазақ тілін тану халықтың дүниетанымын, салт-дәстүрі мен мәдениетін түсінумен де тығыз байланысты. Тілді құрметтеу сол тілде қалыптасқан рухани құндылықтарды танып-білуден басталады. Сондықтан балаларды ұлттық мұрамен таныстыруға да ерекше көңіл бөлемін. Екі жыл бұрын демеушілік қолдаудың арқасында мектепте домбыра кабинетін ашып, кәсіпкер Серік Сәдуақасов 20 домбыра сыйға берген еді. Бүгінде мұнда «Асыл мұра» үйірмесінің жұмысын жүргізудемін, – деген Виктория балаларға домбыраның үнін таныстырып, ұлттық аспапқа деген қызығушылығын оятуға атсалысып жүр.
Оның алдағы үлкен жоспарларының бірі – қалада тегін тіл үйрету клубын ашу. Бұл бастама арқылы қазақ тілін меңгеруге ниетті азаматтар үшін тұрақты тілдік орта қалыптастырып, өзара сөйлесуге, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берілмек. Сабақтар ресми оқыту форматына емес, күнделікті тұрмыста қолданылатын қарапайым диалогтарға, жағдаяттық тапсырмаларға негізделеді. Виктория бұл іске демалыс күндері де уақыт бөліп, тегін жұмыс істеуге дайын. Қазір ол ұсынысын қала басшылығына жеткізіп, жобаны жүзеге асыру жолдарын қарастыруды көздеп отыр.
Ал «Достық үйі» басшысының орынбасары Юлия Мерк үшін құрылтай мемлекеттік тілдің заманауи даму бағыттарын тереңірек түсінуге мүмкіндік берген. Ол Қазақстанда туып-өскен. 2004 жылдан бері мәдениет саласында еңбек етіп келеді. Дегенмен қазақ тілінде әзірге еркін сөйлей алмайды. Мемлекеттік тілді түсінгенімен, ойын қазақша толық жеткізу үшін әлі де білімін жетілдіру үстінде.
– Өздігімнен ізденіп қазақ тілін меңгеруге күш салып жүрмін. Тіл үйрену бір курспен шектелмейді, тұрақты тәжірибе мен күнделікті қолданысты қажет етеді. Бұған дейін тіл үйрету курстарына, павлодарлық тәжірибелі ұстаз Шолпан Кинжикованың «Тіл керуені» жобасына бірнеше рет қатыстым, – дейді Ю.Мерк.
Құрылтайдан алған әсерін бөліскен Юлия жиынның басты ерекшелігі ретінде қазақ тілін қоғамды біріктіретін, шығармашылық пен технологияның тіліне айналдыру қажеттігінің талқылануын айтады.
– Әсіресе, кино, цифрлық сервистер, жасанды интеллект және сапалы қазақтілді контент арқылы тілдің қолданыс мүмкіндігін кеңейту жөніндегі ойлар ұнады. Құрылтайда көтерілген бірыңғай онлайн платформа құру бастамасын ерекше атап айтар едім. Мұндай цифрлық құрал мамандардың күнделікті жұмысын жеңілдетіп, құжаттарды сауатты рәсімдеуге, аудармалар мен көпшілік алдында сөйлейтін мәтіндерді сапалы дайындауға мүмкіндік береді. Әсіресе, терминологиялық, орфографиялық және стилистикалық нормаларды бір жерден табуға жағдай жасайтын ортақ база мәдениет саласы қызметкерлері үшін үлкен көмек болады деп ойлаймын, – дейді Юлия.
Ол құрылтайға еліміздің әр өңірінен келген әріптестерімен кәсіби байланыс орнату мүмкіндігі туғанына қуанады. Өзге аймақтардағы мәдени орталықтар мен «Қазақ тілі» қоғамының өкілдерімен тәжірибе алмасып, тіл үйретудің ойын және цифрлық форматтары жөнінде пікір бөліскен. Осындай байланыстар алдағы бірлескен жобаларға негіз боларына сенімді.
Қазір «Достық үйі» базасында этномәдени бірлестіктермен бірлесе отырып жаңа форматтағы шығармашылық және әдеби кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мұндай басқосуларда қазіргі қазақ тілі, ұрпақтар сабақтастығы, ортақ шығармашылық пен мәдени диалогқа басымдық беріледі. Ұлттық мерекелер мен мәдени іс-шаралар да екі тілде ұйымдастырылады. Бұл – әр этностың ортақ Отанға деген құрметін мемлекеттік тіл арқылы танытудың бір жолы. Юлия Мерк өзі жетекшілік ететін неміс орталығының да осы ұстанымды қолдайтынын айтады. Олар өздерін Қазақстанды туған Отаны санайтын қазақстандық немістер ретінде таныстырады. Яғни, өз ұлты мен мәдениетін сақтай отырып елге деген ортақ құрметті де жоғары қояды.
Қазақ тілінің дамуы тек тіл жанашырларының немесе ұстаздардың еңбегіне ғана байланысты мәселе емес. Ол әрбір азаматтың ішкі қажеттілігіне, құрметі мен күнделікті әрекетіне тәуелді. Құрылтайдан оралған екі жерлесіміздің сөздері осыны аңғартады.
ГҮЛСАНА МЕДЕУБАЙТЕГІ






