Көркейген Бәйет ауылының көркіне көрік қосып тағы бір әсем ғимарат пайдалануға берілді. 20 қараша күні аталмыш елді мекенде жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанаты өтіп, ауыл халқының қуанышын Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин бөлісті.
Салтанатты рәсімде сөз алсған ауыл тұрғыны, мәдениет саласының ардагері Қайыпхан Жантелиев атқарушы билік басшыларына ел-жұрттың атынан алғыс айтты.
– Ауылымыз қазір ажарлы. Жаңа мәдениет үйі мен ФАП жұмыс істеп тұр. Көшелерге асфальт төселді. Осы округке қарайтын Атығай ауылында жаңа мектеп салынды. Енді, міне, спорттық кешен жастарға есігін айқара ашты. Бұған дейін олар мектептің спорт залын жағалап жүруші еді. Жаңа спорт кешені ауыл жастары мен балаларына спортпен шұғылдануға тамаша мүмкіндік бергелі отыр. Жас буын салауатты өмір салтын ұстанғаны жөн, – деді ол.
Келесі кезекте Екібастұз қаласындағы №3 БЖСМ тәрбиеленушісі, қазақ күресінен Азия Кубогының күміс жүлдегері Әли Төлеген тілегін айтып, сөз сөйлеген екі азамат босағаға керілген көк лентаны қиды. Осы сәтті күтіп тұрған ауыл тұрғындары жапа-тармағай ішке кірді.
Спорт кешенінде әдіскер, медбике, киім ауыстыру бөлмелері бар екен. Облыс басшысы бәрін аралап көріп, медбике Бибігүл Мұқашевамен сөйлесті. Содан соң кең спорт залға бет алды. Мұнда қыздар волейбол ойнап, ұлдар күресіп жатыр екен. Қыздардың арасынан Ұлту Телебек суырылып шығып, аймақ басшысы Асайын Қуандықұлына жаңа спорт кешенінде балалардың жоғары жетістіктерге жететініне уәде берді.
– Ел экономикасы жылдан-жылға қуатты бола түсуде. Соның нәтижесінде әлеуметтік нысандар көптеп салыну үстінде. Мына спорт кешені – сөзімізге дәлел. Тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын болуы үшін жас буын білімді де білікті болуы тиіс. Спортпен шұғылданып, қоғамдық өмірге белсене араласқан абзал, – деген облыс әкімі Асайын Байханов байғазыға 1 миллион теңгенің сертификатын ұсынып, балаларға волейбол мен баскетбол доптарын сыйлады.
Кең залдың төріне қарай жылжыған басшыларды жас палуандар күтіп алды. Жаттықтырушы Зайыргелді Қобылан қырық шақты баланы қазақ күресіне баулып жүр екен. Аймақ басшысы палуан балалармен емен-жарқын әңгімелесіп, спорттық күртешелерді табыс етті.
Жалпы, денешынықтыру-сауықтыру кешенінде балалар үшін волейбол мен баскетбол, қазақ күресі мен үстел теннисі секциялары жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, кешен сыртында жасанды көгал төселген футбол алаңы да бар.
Айтпақшы, спорт кешеніне тапсырыс берген – Екібастұз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі. Құрылысты мердігер – «Промжилстройкомплекс» ЖШС жүргізді. Спорт кешенінің жалпы алаңы – 816,5 шаршы метр. Мұнда 15 адам жұмыспен қамтылады.
Ерекше бір айта кететін жайт, бұрын Екібастұз өңірі ауылдарында балалар мен жастарға арналған жеке жабық денешынықтыру-сауықтыру кешені болған емес. Тәуелсіздіктің арқасында бәйеттіктер тамаша игілікке қол жеткізіп отыр.
Айтпақшы, дәл осындай үлгідегі спорт кешенінің құрылысы Қоянды ауылында да аяқталуға таяу. Ал алдағы жылдары өңірдің өзге де ауылдарында спорт ғимараттары бой көтереді деген үміт басым.
Ж. ЖӘЛЕЛҰЛЫ









