Екібастұз қаласында баспана кезегінде тұрған 31 отбасы қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алды. Әуезов көшесі, 32 мекенжайында бой көтерген жаңа тұрғын үйлердің бірінен оларға көптен күткен пәтер кілттері табысталды. Тұрғындардың кейбірі баспана кезегінде 15 жылға дейін тұрған екен.
Аталған мекенжайда барлығы төрт көпқабатты тұрғын үй салынған. Жалпы саны – 200 пәтер. Құрылыс жұмыстарын «Қазақ Энерго Индустрия» ЖШС мердігер ұйымы жүргізген.
Салтанатты шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысып, қоныс иелерін құттықтап, отбасыларына амандық пен береке тіледі. Өңір басшысы тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
– Соңғы бірнеше жылда өңірде 4 мыңға жуық пәтер берілді. Жыл соңына дейін тағы 57 отбасы баспана кілтін алады, – деді Асайын Байханов.
Жаңа баспанаға ие болғандардың қуанышында шек жоқ. Тұрғындардың атынан сөз сөйлеген Жұлдыз Хамитова мен Наталья Счетчикова билік өкілдеріне алғыстарын білдіріп, көптен күткен баспаналарына қол жеткізгендеріне қуанышты екенін жеткізді.
Бұл күннің әр отбасы үшін орны бөлек. Өйткені жылдар бойы күткен жаңа пәтер балаларының алаңсыз өсіп, отбасының жаңа өмір бастауына кепіл болмақ.
Баспаналы болғандардың бірі – Айгүл Елубаева екі баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. Жұбайы өмірден өткеннен кейін баспана кезегіне тұрған. Содан бері он жылға жуық уақыт өтіпті. Бүгін, міне, ұзақ күткен қуанышты сәтке жетіп, жаңа пәтердің кілтін қолына алды. Бүгін оның да көптен күткен арманы орындалды. Пәтер кілтін қолына алған ана енді балаларымен бірге өз шаңырағында тұрады.
Ал Светлана Гиндер осы уақытқа дейін Шідерті кентінде тұрған. Оның 35 жастағы мүгедек қызы бар. Екібастұз қаласынан пәтер берілетінін естігенде алғашында таңданғанын жасырмады. Бүгінде анасы мен қызы бір бөлмелі жаңа пәтердің табалдырығын қуанышпен аттап отыр.
Он-он бес жыл күткен баспанаға қол жеткізген отбасылар үшін бұл күн ұмытылмас сәтке айналды. Алдағы екі жылда жалпы сыйымдылығы 1700 пәтерді құрайтын тағы бірнеше көпқабатты үй салу жоспарланып отыр екен. Жоспарланған жаңа тұрғын үйлер алдағы уақытта баспана кезегінде тұрған тағы талай отбасының үмітін жалғайтыны анық.
КЕНЖЕ ҚУАТ








