Кітапхананы өз басым кітап патшалығы деп атаймын. Ақыл қазынасының ортасында отырған маманды кітап патшайымы десек, жарасар. Кітапханашы маман әр адамның өмірінде кездесері сөзсіз. Ал олардың кітапқа деген махаббаты, өз ісіне жауапкершілігі ерекше болады.
Мектеп кітапханашысының әр кітапты мұқият тексеріп барып қабылдайтыны естеріңізде болар? Жыл басында сынып болып кітап алу, жыл соңында оны тапсыру – бір науқан, тіпті мереке. Сынып жетекшілері де бұл кезде қарбаласқа түседі.
Сабақ уақытында кейде кабинетке «десант» болып иығына түбіт шәлі жамылған кітапханашының кіріп келіп, кітаптарды қарап шығатыны әркімге таныс үрдіс шығар? Кітапханашының алдында қызарып тұрмау үшін бар бала кітабын баптап, «десантқа» төтеп беруге талпынады емес пе. Ал Салтанат Тоқболатқызы сияқты ыждағатты мамандар тіпті тапсырған кітабыңның мазмұнын да сұрап қалатын еді – осының бәрі оның өз жұмысына тиянақтылығының көрінісі. Кітапты сүюді осылайша үйренесің…
Салтанат Тасбулатова 1965 жылғы 2 қарашада Семей облысы Бесқарағай ауданының Өндіріс ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген. №18 ЖОББМ-нің кітапханасында 2009 жылдың 2 қарашасынан бастап еңбек етсе, 2011 осында меңгеруші қызметінде.
Салтанат апай өз қызметінде «Балалар кітапханасы» бағдарламасы, «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Оқуға құштар мектеп», «Кітап оқитын ұлт» жобаларын жүзеге асыруға белсене атсалысып, олардың мазмұнды әрі тиімді ұйымдастырылуына үлес қосуда.
Оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, көркем әдебиетке қызығушылығын ояту, ұлттық әдебиет пен тарихи-мәдени мұраларды насихаттау мақсатында әдеби-танымдық кештер, кітап көрмелері, оқырман конференциялары, пікірталастар, әдеби сайыстар мен түрлі тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастырып келеді.
Сонымен қатар, кітапхана жұмысын цифрландыру және ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану бағытында да белсенділік танытып, E-kіtaphana, E-TANDAU электронды платформаларымен жұмыс жүргізіп, автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйелерді кәсіби қызметінде тиімді қолданады. Электронды ресурстарды пайдалану арқылы оқырмандарға ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсетуді жетілдіріп, кітапхана қорын есепке алу, жүйелеу, каталогтау және оқырмандарға ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету жұмыстарын жүзеге асырады.
Кітапхана қорын тиімді пайдалану, кітап оқу мәдениетін дамыту, оқырмандарға сапалы қызмет көрсету бағытында ізденімпаздық пен шығармашылық танытып, кәсіби біліктілігімен, жауапкершілігімен ерекшеленеді.
Облыстық, қалалық семинарларда, тақырыптық конференцияларда ақпараттық қызмет көрсету, жаңа технологияларды кітапхана қызметіне енгізу және т.б. өзекті мәселелер жайында әріптестері арасында үнемі тәжірибе әдістерін бөлісіп, жас мамандарға кітапханашы мамандығының қыр-сырын да үйретуге уақыт табады. Кәсіби біліктілігін үнемі арттырып, жаңа тәжірибелерді игеріп, заман талабына сай, жан-жақты ойлай білетін, қоғамды алға қарай дамытатын ұрпақ тәрбиелеу ісіне өз үлесін қосуда.
Мектеп кітапханасының жұмысын жандандырып, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқырмандық мәдениетін қалыптастыру және мерзімді басылымдарға жазылуды басқарып, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау жолында нәтижелі еңбек етіп жүрген маман.
Осы жылдар ішінде Салтанат апай «Отарқа» газетіне де өте адал болды, газеттің таралымын көтеру арқылы мемлекеттік тілдің дамуына да мол үлес қосты. Әр баспасөз науқанында Салтанат апайдың өз жұмысына тиянақтылығы, әріптестерінің арасындағы сый-құрметі көзге ұрып тұратын.
Бірнеше жыл бұрын «Найзатас» журналының редакциясы келгенде, шығармашылық ұжым мен дарынды оқушылардың басын біріктіріп, тамаша әдеби кеш те ұйымдастыра білді. Мұндай мазмұнды кештер жалпы кітап ұясында жиі-жиі өтіп тұрды.
Осылайша Салтанат Тоқболатқызы тек кітапппен қамтамасыз ететін маман болып қана қоймай, ақыл-ой шырақшысы, асыл сөз насихатшысы бола білді. Өзінің адал еңбегімен талай өреннің бойында тәлім-тәрбие қалыптастырды, кітаптан ізгілік дәнін тере білуді үйретті.
Бүгінде зейнет жасына жеткен Салтанат апайымызға зор денсаулық, отбасылық бақ-береке, ұзақ ғұмыр тілейміз. «Отарқаға» ықыласыңыз бен адалдығыңыз үшін мың алғыс!
Жанаргүл ҚАДЫРОВА






