«Таза Қазақстан» – еліміздегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны тазартуға бағытталған жалпыұлттық экологиялық акция. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бұл акция табиғатты аялау, патриотизмді дәріптеу және тұрғындардың экологиялық санасын көтеруді мақсат тұтады.
Жалпыұлттық бастама аясында экологиялық мәдениетті дамыту, абаттандыру, қалдықтарды қайта өңдеу, көгалдандыру және табиғи экожүйелерді қалпына келтіру жұмыстары бір салаға жұмылды. Ондағы құндылықтар жаңа Конституцияда институционалды тұрғыда бекітіліп, табиғатты сақтау мемлекет пен әрбір азаматтың жауапкершілігі ретінде айқындалды, ал ішкі саясаттың негізгі қағидаттарында, құндылықтары мен бағыттарында «Таза Қазақстан» жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыратын бағдарлардың бірі ретінде орын алды.
Қаламызда күз маусымында көптеген ағаштар егіліп, сенбіліктер ұйымдастырылды. Көгалдандыру мен тазалық жұмыстары қатар жүрді. Өкініштісі, айнадалағы әдемілікті күйретіп, тәртіп бұзғандар статистикасы да жағымды жаңалықтардан қалысқан жоқ.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Павлодар облысы аумағында полиция қызметі табиғатты қорғау және экология органдарымен, қоғамдық ұйымдармен, экобелсенділермен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізуде. Негізгі мақсат – заңсыз қоқыс орындарын анықтау, сондай-ақ, демалыс орындарында, адамдар көп жиналатын жерлерде, соның ішінде елді мекендер маңында құқық бұзушылықтарға жол бермеу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту.
Жүргізілген жұмыстар барысында қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзудың және қоғамдық орындарды ластаудың 6656 фактісі анықталды. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 6,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптарды бұзу фактілері бойынша материалдар Павлодар облысы бойынша экология департаментіне жолданды.
Акция, сондай-ақ, құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидаты аясында полиция облыс аумағындағы экологиялық ахуалды және қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған жұмысты жалғастыруда.
– Екібастұз қаласында өткен кезекті рейдтердің бірінде жүк көлігі жүргізушісінің құрылыс қалдықтары мен ағаш бұтақтарын тиеп әкеліп, Энергетиктер көшесіндегі «Монолит» жанармай құю бекетінің маңындағы рұқсат етілмеген жерге төккені анықталды.
Мұндай әрекеттер қоршаған ортаға зиян келтіріп, санитарлық талаптарды бұзады. Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған қатысты хаттама толтырылды, – дейді Екібастұз қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Медет Бейсенов.
Айта кетерлігі, полиция қызметкерлері экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау үшін Жедел басқару орталығының мүмкіндіктерін де пайдаланады.
Акция аясындағы жұмыс тек құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді. Полиция қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, табиғатқа ұқыпты қарауға, қоғамдық орындарда тазалық сақтауға және демалыстан кейін қоқыс қалдырмауға шақыруда.Қаламыздың тазалығы әрбір тұрғынның саналы көзқарасына, қоршаған ортаға деген құрметіне және белгіленген талаптарды сақтауына байланысты екенін есте ұстаған жөн.
Полиция облыс тұрғындары мен қонақтарын экологиялық мәселелерге бей-жай қарамауға, абаттандыру қағидаларын сақтауға және құқық бұзушылықтар туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.
Екібастұз өңірінде жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабы («Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ, қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру») шеңберінде 951 құқық бұзушы жауапқа тартылып, 2 миллион 789 мың 625 теңге айыппұл салынған, бүгінгі таңда бұл соманың 2 миллион 140 мың 875 теңгесі өндірілген.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-2-бабы («Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау») бойынша 57 тұлға жазаға тартылып, 942 850 теңге айыппұл кесілген. Оның 630 441 теңгесі өндірілді.
Полицейлер қала тазалығы тек коммуналдық қызметтерге ғана емес, тұрғындардың жауапкершілігіне де байланысты екенін еске салады. Егер тұрғындар заңсыз қоқыс тастау немесе қалдық төгу фактісінің куәсі болса, оны фото немесе видеоға түсіріп, «102» нөміріне хабарлауы қажет. Ескерер жайт, елімізде «Taza Qazaqstan» ресми платформасы мен @TazaQazBot Telegram боты жұмыс істейді, оның көмегімен азаматтар экологиялық мәселелер бойынша өтініштер жолдай алады.
ЖАНАРГҮЛ ҚАДЫРОВА





