Екібастұз қалалық сотының үкімімен 2026 жылғы 17 қарашада Кәкен атты азамат (мақала кейіпкерлерінің аты-жөндері өзгертілді) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-3-бабы («Медицина қызметкеріне немесе жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушісіне қатысты күш қолдану қатерін төндіру немесе күш қолдану») 4-бөлігінің 1) – «екі және одан көп адамға қатысты»;
2) – «адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған» тармақтарында қарастырылған қылмыстық әрекетті жасағаны үшін кінәлі деп табылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Қылмыстық кодекстің 60,61-баптары («Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау» және «Жаза мерзiмдерiн қосу кезiнде мерзімдерді айқындау тәртiбi») негізінде алдыңғы үкім бойынша 6 ай бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін қосу жолымен, қорытындысында айыпталушыға 4 жыл мерзімге қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеу үкімі шықты.
Серік пен Қасым да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-3-бабы 4-бөлігінің 1), 2) тармақтарында қарастырылған қылмыстық әрекетті жасағаны үшін кінәлі деп табылып, оларға 3 жыл мерзімге қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеу кесілді.
Жәбірленуші екі азаматтың моральдық шығын өндіру туралы талап арыздары ішінара қанағаттандырылды. Ж. атты азаматқа 3 миллион теңге көлемінде моральдық шығын, 600 000 теңге көлемінде соттағы өкіл шығындары – әрқайсысынан үлестік мөлшерде 200 000 теңгеден; А. атты азаматтың пайдасына 1 жарым миллион теңге көлемінде моральдық шығын, соттағы өкіл шығындары – 400 000 теңге – әрқайсысынан үлестік мөлшерде 133 333 теңгеден өндіру кесілді.
Сот нені анықтады?
2026 жылғы 14 сәуірде таңғы сағат 06.30-дар шамасында Кәкен мен Қасым Екібастұз қалалық ауруханасының жарақат бөлімшесіне өздерінің таныстары – Серікті медициналық көмек алу мақсатында алып келеді. Дәрігер Ж. мен медбике А. Серікті қарау үшін қабылдайды. Бірақ Кәкен дәрігер Ж. мен медбике А.-ны өз жұмыстарын жеткілікті деңгейде білмейді деп санап, медициналық көмек көрсетуге кедергі жасайды және «Серікке операция жасау керек» деген пікір білдіреді.
Медицина мамандарымен арада туындаған келіспеушілік кезінде Кәкен, Серік және Қасым медицина мамандары: Ж. мен А.-ға өмірлері мен денсаулықтары үшін қауіпті болып саналмайтын дәрежеде күш қолданып, соққы жасайды. Сөйтіп олардың денсаулықтарына жеңіл зиян келтіреді. Сотталушылардың айыптары жәбірленушілердің, куәгерлердің сөздерімен, сот сараптамасының қорытындысымен және сот процесі кезіндегі дәлелдемелер жиынтықтарымен дәлелденді.
Сот неге мұндай жаза кесті?
Сот айыпталушылардың медицина қызметкерлеріне қатысты қызметтік міндеттемелерін орындау кезінде жасаған ауыр қылмысының қоғам үшін қауіптілік деңгейі мен сипатын, сонымен қатар, жоғары қоғамдық қауіптілігін назарға алды.
Бұл әрекеттер жәбірленушілердің жеке қолсұғылмаушылығын ғана бұзып қоймай, денсаулық сақтау саласының қалыпты қызметіне де нұқсан келтіреді. Осылайша медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Сондай-ақ айыпкерлердің тұрғылықты жері мен жұмыс орындарынан берілген оң мінездемелер, жас екендіктері, келтірілген шығынның ішінара өтелгендігі, кінәларын ішінара мойындағаны, жасаған істері үшін өкінетіндері ескерілді. Істі қараған – Екібастұз қалалық сотының судьясы А.М.Аткешова. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге салсақ, сот процесіне өзек болған келеңсіз жайтқа қатысты 2026 жылғы 16 сәуір күні ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өзінің Іnstagram аккаунтында мынадай жазба жариялаған болатын:
«Екібастұз қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінде медицина қызметкерлеріне жасалған кезекті шабуыл жағдайы терең наразылық туғызады және құқық қорғау органдары тарапынан да, жалпы қоғам тарапынан да қағидатты баға беруді талап етеді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
7 наурыздан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық пен қорқыту әрекеттері үшін жауапкершілік күшейтілді. Бұл – мемлекеттің қағидатты ұстанымы: медицина қызметкерлеріне қарсы кез келген агрессия көріністеріне нөлдік төзімділік.
Алайда заң күші – бұл салдардың алдын алу емес, ол тек болғаннан кейінгі шара. Біз үшін ең маңыздысы – қоғамдағы көзқарас.
Барлық азаматтарға үндеу жолдаймын. Дәрігер, фельдшер, мейіргер – ең қиын сәттерде көмекке келетін жандар. Олардың еңбегіне адамдардың денсаулығы мен өмірі тәуелді.
Медицина қызметкерлері өз кәсіби борышын атқарады – тәуліктің кез келген уақытында, ең күрделі жағдайларда өмірді сақтап қалады, көмек көрсетеді. Осындай сәттерде олар қорғалуы тиіс, агрессияға ұшырамауы керек.
Біз – заңнамалық деңгейде де, медициналық ұйымдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да медицина қызметкерлерін қорғау шараларын әрі қарай да күшейтетін боламыз. Әрбір зорлық-зомбылық фактісіне қатаң құқықтық баға берілетін болады. Бұл ретте: аурухана – жанжал орны емес, көмек көрсетілетін орын екенін барлығымыз бірдей түсінуіміз маңызды».
Ж.ЖАПАРОВА





