Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің тұрғындармен есеп беру кездесулері жалғасуда. 11 қараша күні №11 жалпы орта білім беру мектебінің акт залында өткен басқосуға 17, 18, 19, 20, 21, 22 және 23-шағынаудандардың тұрғындары қатысты. Кездесуде қала тұрғындары абаттандыру, инженерлік инфрақұрылым, жылумен қамту және жол жөндеу мәселелерін көтерді.
Жиында қала тұрғыны Ахмади Қаленов 21-шағынаудандағы жылу желісіне қосылу мәселесін жеткізді. Оның айтуынша, №20 үй орналасқан аумаққа орталық жылу жүйесі тартылмаған. Қазір көршілері қаражат жинап, үйлеріне жылу желісін жүргізуге кіріскен. Алайда тұрғынды бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін өз үйін орталық жылу жүйесіне қосу мүмкіндігі бола ма, жоқ па деген сауал алаңдатады.
Аян Бейсекин аталған аумақты орталық жылу жүйесіне қосу жоспарда бар екенін, алайда жұмыстардың қаржыландыруға байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтты. Қалада әлі де орталық жылуға қосылмаған 1500-ден астам жер үй бар. Оларды жылумен қамту жұмыстары біртіндеп жүргізілмек.
Кездесуде тұрғындар абаттандыру және аулалардың жай-күйіне де назар аударды. Қала тұрғыны Валентина Емельянова биыл Беркімбаев көшесінде жолдар жаңартылғанын атап өтіп, жөндеу барысында кесілген ағаштардың орнына жаңа көшеттер отырғызу жөнінде өтініш білдірді. Оның сөзінше, көшенің жасыл желегін қалпына келтіру экология үшін маңызды. Ал осы көшедегі №102 үйдің тұрғыны Татьяна Баух ауланың жанындағы ескі тротуардың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, жаяу жүргіншілер жолы өте тар әрі әбден тозған. Оның үстіне, бұл жолмен балалар күн сайын № 18 мектепке қатынайды. Сондықтан тротуарды жөндеп, жаяу жүргіншілерге қауіпсіз әр қолайлы жағдай жасау қажет.
Қала әкімі тұрғындар көтерген мәселелер назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік органдарға жолданған өтініштер мен ұсыныстар бірінші кезекте пысықталып, әрқайысысы бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.
– Біз мұндай кездесулерді тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қойып, нақты жауап алуы үшін ұйымдастырамыз. Халықпен ашық диалог орнату маңызды. Сондықтан әрбір өтінішті назарға алып, тиісті мекемелермен бірлесіп пысықтаймыз – деді Аян Бейсекин.
Қала әкімінің тұрғындармен есеп беру кездесулері алдағы уақытта басқа да шағынаудандарда жалғасын таппақ.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






