Қазақстанда соңғы жылдары «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Оның негізгі мақсаты – қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және заңға құрметпен қарайтын құқықтық мәдениет қалыптастыру. Мемлекет басшысы да өз сөзінде құқықтық мәдениеті жоғары, азаматтық жауапкершілігі берік қоғам құрудың маңызын бірнеше рет атап өткен болатын.
Бұл бағыттағы жұмыстар Екібастұз қаласында да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі, әйелдер құқығын қорғау, интернет-алаяқтықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес және жастар арасындағы құқық бұзушылық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Осы мақсатта қала мектептерінде республикалық «Айқын нәтиже» жобасы, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында түрлі кездесулер, танымдық сабақтар мен тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мұндай жұмыстар оқушылардың құқықтық сауатын арттырып, күнделікті өмірде дұрыс шешім қабылдауына, өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне ықпал етеді.
Осындай бастамалардың бірі – №9 және №11 мектептердің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен «Заң – қорған, тәртіп – тірек» атты танымдық алаң.
11 қараша күні өткен шараға Екібастұз қаласы білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова, мемлекеттік айыптауды қолдау бөлімінің басшысы Дамир Апеков, қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрғазы Жамшитов, мектеп директорлары, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды.
Алғашқы болып сөз алған білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен тәрбиесі баршаға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
– Бүгінде білім беру бөлімі, полиция басқармасы мен прокуратура бірлесіп балалардың құқықтық сауатын арттыру, олардың бойында заңға құрмет қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. «Адал азамат» бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы тәрбиелік шаралар мектептерде тұрақты ұйымдастырылады. «Адал азамат» бағдарламасының негізгі мәні – елге қызмет ету, адалдық пен шыншылдықты ту етіп, өз міндетіне жауапкершілікпен қарау. Әр оқушы осы құндылықтарды бойына сіңіріп, білімді де тәрбиелі азамат болып қалыптасса екен дейміз, – дейді Лаура Аманқызы.
Заң мен тәртіп – қоғамның берік қалқаны. Ал оны сақтау мен нығайту әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Осы ортақ ұстанымның символы ретінде шара барысында №9 және №11 мектеп басшылары №17 және №18 мектеп директорларына арнайы дайындалған қорғаныс қалқандарын салтанатты түрде табыстады.
Салтанатты бөлімнен кейін қатысушылар тоғыз бағыт бойынша ұйымдастырылған сайыстар мен шеберлік сабақтарына қатысты. Әр алаңның өзіндік мақсаты болды. Бірі құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыруға арналса, енді бірі ұлттық ойындарды насихаттап, ептілік пен шапшаңдықты дамытуға бағытталды.
«Қаржы және заң» зияткерлік ойынында қатысушылар білімдерін ортаға салды. Сайысқа алты адамнан құралған екі команда қатысып, ұсынылған санаттар бойынша сұрақтар таңдап, күрделілігіне қарай ұпай жинады. Тапсырмалар қаржылық сауаттылықты, заң талаптарын және күнделікті өмірде кездесетін түрлі құқықтық жағдайларды қамтыды.
Ал «Мергендік – ептілік пен дәлдіктің белгісі» алаңында қатысушылар садақ ату өнерімен танысып, мергендіктерін сынады. «Асық ату ойыны – ұлттық тәрбие көзі» бағытында әкелер мен балалар, аға-інілер өзара бақ сынады. Ұлттық ойын арқылы үлкендер мен жас ұрпақ арасындағы байланысты нығайтып, атадан балаға жалғасқан дәстүрді дәріптеуге мүмкіндік туды. «Бес асық» алаңында да қатысушылар шапшаңдықтары мен дәлдіктерін көрсетті.
Шараның тағы бір ерекшелігі – экологиялық тәрбиеге арналған «Қайта пайдалан – жаңаша жаса» шығармашылық алаңы. Мұнда оқушылар пластик қақпақтарды кәдеге жаратып, олардан түрлі бейнелер құрастырды. Алдын ала ұсынылған суреттерді түрлі- түсті қақпақтар арқылы бейнелеу балалардан ұқыптылық пен шыдамдылықты талап етті.
«Ептілік алаңында» ағаштан жасалған бұйымдарды қолдану арқылы экологиялық ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылар «Дәл көз», «Тепе-теңдік шебері», «Епті қолдар» секілді тапсырмаларды орындап, қимыл үйлесімділігін, шапшаңдығы мен дәлдігін сынады. Ал «Күш тек қолда емес, мінезде» атты қол күресі жарысында мектеп басшылары күш сынасты.
«Сәндік-қолданбалы өнер» шеберлік сабағында балалар әр түрлі материалдардан күнделікті тұрмыста пайдалануға болатын бұйымдар жасауды үйренді. Қолда бар заттарды кәдеге жаратып, жаңа дүниеге айналдыру арқылы шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Ал «Әкем, ұстазым және мен» атты құқықтық тренинг отбасындағы тәрбиенің және мектептің бала тұлғасын қалыптастырудағы рөліне арналды.
Тоғыз бағытты қамтыған танымдық алаң оқушыларға құқықтық білімді тек теория жүзінде емес, түрлі ойындар мен тәжірибелік тапсырмалар арқылы меңгеруге мүмкіндік берді. Ұлттық ойындар мен спорттық сайыстар қатысушыларды ортақ мақсатқа жұмылдырса, шығармашылық және зияткерлік тапсырмалар олардың ойлау қабілеті мен белсенділігін арттырды. Ең бастысы, балалар заңды құрметтеу, тәртіп сақтау және өз әрекетіне жауап беру сияқты ұғымдардың маңызын тереңірек түсінді деп сенеміз.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ








