«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз. Шынында да, біреуге жақсылық жасау үшін бай болу немесе үлкен мүмкіндіктердің болуы міндетті емес. Кейде дер кезінде созылған қол, шын көңілден айтылған жылы сөз немесе аз ғана көмек адамнң бойына үміт ұялатып, қиындықты еңсеруіне күш береді. Ең бастысы – сол жақсылықтың артында шынайы ниет пен жанашыр жүрек тұрса болғаны. Екібастұздағы осындай ізгі істі өмірлік ұстанымына айналдырған жандардың бірі – «Жастар Асары» қайырымдылық жобасының негізін қалаушы Нұрлыбахыт Назарбаев.
Нұрлыбахыт 1996 жылы Баянауыл ауданының Бірлік ауылында дүниеге келген. Қазіргі уақытта «Богатырь Көмір» ЖШС-де автожөндеу маманы болып еңбек етеді. Негізгі жұмысынан бөлек, бос уақытын қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық шараларына арнайды. Оның волонтерлік жолындағы маңызды белестердің бірі – «Жастар Асары» қайырымдылық жобасын қолға алуы. Қазақтың ежелден келе жатқан асар дәстүрін жаңғыртып, мұқтаж жандарға көппен бірге қолдау көрсетуді мақсат еткен жас азамат алғашқы қадамын туған ауылынан бастаған: жеті баланың анасы, «Алтын алқа» иегері – жалғызбасты әйелге азық-түлік себеттерін табыстапты. Осылайша шағын бастама ауқымды қайырымдылық қозғалысына айналды.
Алғашқы игі істен кейін команда қатары толығып, атқарылатын жұмыстардың ауқымы да кеңейе түсті. «8 отбасы – 20 бала» акциясы аясында Баянауыл ауданындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына Жаңа жыл қарсаңында сыйлықтар үлестірілді. Сондай-ақ Баянауылдың Құндыкөл ауылы мен Майқайың кентінде өрт салдарынан баспанасыз қалған жалғызбасты аналарға көмек көрсетілді. Бұл жолы жергілікті кәсіпкерлер де игі іске қолдау білдірді. Олардың көмегімен отбасыларға жаңа баспана сатып алынып, жиналған қаражатқа тоңазытқыш, қысқатолқынды пеш, шаңсорғыш пен ас үй плитасы секілді тұрмыстық техникалар алыныпты.
Нұрлыбахыттың айтуынша, волонтерліктің мәні тек материалдық көмек көрсетумен шектелмейді. Ең маңыздысы – қиындыққа тап болған адамның жалғыз емес екенін сезіндіру.
– Волонтерліктің басты мақсаты – көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созып, оның жанында қолдайтын адамдар бар екенін сезіндіру. Меніңше, қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Бір адамның мәселесін шешуге атсалысудың өзі өзгелерге үлгі болып, жақсылық жасауға ынталандырады. Сондықтан көмектің көлемінен бұрын, оның қандай ниетпен жасалғаны маңызды, – дейді ол.
Ол жүзеге асырған жобалардың бірі – «Жақсылық бумерангі». Оның ерекшелігі– тұрғындар өздеріне қажет болмай қалған, бірақ әлі де пайдалануға жарамды заттарын қайырымдылық аукционына ұсынады. Ал сатылымнан түскен қаражат көмекке мұқтаж жандардың қажеттілігіне жұмсалады. Алғашқы аукционнан жиналған 39 мың теңге Екібастұз қаласындағы жалғызбасты ананың бір айлық пәтерақысын төлеуге жіберіліпті.
Сондай-ақ, ол Рамазан айында мешітпен бірлесе ауызашар ұйымдастырып, Құрбан айт мерекесінде мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен тәттілер таратуды игі дәстүрге айналдырған.
Еріктілік еңбегі қиын сәттерде де сыналды. 2022 жылы Екібастұз жылу электр орталығында төтенше жағдай орын алған кезде Нұрлыбахыт волонтерлер штабының жұмысына белсене араласты. Қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, тұрғындарға көмек көрсетуге атсалысты. Сол еңбегі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар облыстық деңгейде 150 мың теңге көлеміндегі волонтерлік сыйақыға ие болды.
Нұрлыбахыт үшін, әсіресе, балаларға қамқорлық көрсету ерекше мәнге ие. Ол «Үміт» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қорғау орталығының тәрбиеленушілеріне үнемі көңіл бөліп, оларды ойын-сауық кешендері мен атпен серуендеу орталықтарына апаруды дәстүрге айналдырған. Өйткені балалардың күнделікті ортасынан шығып, жаңа әсер алып, шаттана күлгенін көру еріктілер үшін де үлкен қуаныш. Алдағы уақытта «Жастар Асары» жобасының алты жылдығына орай орталық тәрбиеленушілеріне «Арманға толы күн» атты қайырымдылық шарасын өткізу жоспарланып отыр.
Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастардың басын біріктіре білген Нұрлыбахыт 2025 жылы Екібастұз қалалық Жастар мәслихатының төрағасы болып сайланды. Қалалық мәслихаттың экология жөніндегі комиссиясының құрамында жұмыс істеп, «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруға да үлес қосты.
Оның атқарған еңбегі мен қоғамдық белсенділігі де жоғары бағаланып келеді. 2023 жылы «Үздік жас волонтер» номинациясын жеңіп алса, 2025 жылы Екібастұз қаласы әкімінің қолынан Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жастар медалін алды. Ал 2026 жылы «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» тұжырымдамаларын насихаттауға қосқан үлесі үшін Павлодар облысы әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.
Нұрлыбахыт жастарды қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, айналасына жанашырлықпен қарауға шақырады. Оның ойынша, қайырымдылық белгілі бір мерекеде немесе арнайы ұйымдастырылған шара кезінде ғана жасалмауы керек. Ол күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналғанда ғана қоғамда мейірім мен өзара қолдау арта түседі.
«Бір адамға жақсылық жасау арқылы бүкіл әлемді өзгерте алмауымыз мүмкін, бірақ сол адамның әлемін өзгерте аламыз» деген қағиданы өмірлік темірқазыққа айналдырған Нұрлыбахыттың ізгілік жолында әлі талай белесті бағындырары сөзсіз.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ







