15 қараша – Ұлттық валюта күні. 1993 жылы дәл осы күні төл теңгеміз айналымға еніп, еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің маңызды нышанына айналды. Ұлттық валютамыздың атауын ұсынған – көрнекті ғалым, Халықаралық инженерлер академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов. Бүгінде бұл күн қаржы саласы қызметкерлерінің де кәсіби мерекесі ретінде аталып өтеді.
Осыған орай «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында қаржы саласының мамандарына құрмет көрсетіліп, бірқатары марапатталды. Салтанатты жиында қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, қаржыгерлердің өңір дамуына қосып жүрген үлесін атап өтті.
– Екібастұз – ірі өнеркәсіптік қала. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қаржы саласы мамандарының жауапты еңбегімен де тығыз байланысты. Бюджетті жоспарлау, қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау, қаржылық шешімдер қабылдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені әрбір теңгенің артында қала тұрғындарының игілігіне бағытталған нақты жұмыстар тұруы керек. Жол жөндеу, аумақтарды абаттандыру, инженерлік желілер тарту және әлеуметтік нысандар салу сияқты маңызды жобалардың жүзеге асуына қаржы саласы қызметкерлерінің қосар үлесі зор, – деді Бибігүл Иманғалиева. – Қала бюджетінің көлемі де жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2023 жылы бюджет шамамен 26 миллиард теңгені құраса, бүгінде 60 миллиард теңгеге жетті. Бұл өңірдің даму мүмкіндіктерінің кеңейіп, атқарылатын жұмыстар ауқымының артқанын көрсетеді.
Мерекелік жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі, адал еңбегі мен кәсіби жауапкершілігі үшін қаржы саласының бірқатар маманы марапатталды.
Атап айтқанда, Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамотасымен «KEGOC» АҚ-ның «Солтүстік ЖЭТ» филиалының жетекші бухгалтері Надежда Белянина, «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ-ның аға бухгалтері Камила Ибрагимова, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-нің қаржы директоры Арман Қабдулов, «Восточный» кенішінің контроллинг жөніндегі сарапшысы Татьяна Кива, «Горэлектросеть» ЖШС бас бухгалтерінің орынбасары Лариса Кузина, «Богатырь Көмір» ЖШС қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Наталья Самотаева және «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС-нің жоспарлау жөніндегі жетекші экономисі Любовь Тихомирова марапатталды.
Ал қала әкімінің алғыс хатына Екібастұз қалалық мемлекеттік қазынашылық басқармасының бас маманы Әлия Айбасова, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Лаура Вассу, «ForteBank» АҚ-ның жетекші менеджері Айгүл Қадауова, Қазақстан Халық банкінің кредиттік операцияларды әкімшілендіру бөлімінің басшысы Дария Касаткина, «Екібастұз жылу желілері» ЖШС-нің бухгалтері Ержас Рымжанов және «Отбасы банк» АҚ-ның маманы Диана Уалиханова ие болды. Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ







