Қаламызда сотталған азаматтардың еңбекпен қамтылуын кеңейтіп, әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған жаңа бастама қолға алынды.
Осы орайда қала прокуратурасының бастамасымен өткен кездесуде қала әкімдігі, прокуратура, Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС өкілдері бас қосты. Кездесу қорытындысында төртжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Төртжақты меморандум аясында «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС аумағында сотталғандарға арналған асхана ғимараты бой көтереді. Жобаның құны – 200 млн. теңге. Құрылысты кәсіпорын өз қаражаты есебінен қаржыландырады.
Тараптар сотталғандарды жұмыспен қамту аясын кеңейту, еңбек жағдайларын жақсарту және олардың қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беретін тетіктерді талқылады. Құжаттың негізгі мақсаты – мемлекеттік органдар мен жеке сектордың күшін біріктіре отырып жазасын өтеп жүрген азаматтарға еңбек етуге, кәсіп меңгеруге және адал еңбегімен табыс табуға мүмкіндік жасау.
– Бұл бағыттағы жұмыстың маңызы зор. Өйткені сотталған адамның қоғамға қайта оралуы жазасын өтеумен ғана шектелмесі анық. Оның қолында белгілі бір кәсібі, еңбек тәжірибесі және тұрақты табыс табу дағдысы болуы да маңызды, – дейді бұл туралы қала прокуроры Қ.Атығаев.
Еңбекке тарту – әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі. Қазіргі уақытта №47 мекемеде шамамен 108-110 адам жазасын өтеп жүр. Олардың біршамасы 2023 жылдан бері «Greenhouse-Qaztomat» жылыжай кешенінде еңбек етеді. Кәсіпорын сотталған азаматтарды жұмысқа тарта отырып олардың кәсіби машығын қалыптастыруға және қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріп келеді.
Жылыжайда бүгінде қиярдың үш, қызанақтың бес түрі өсіріледі. Еңбек тәртібі жалпы жұмыс талаптарына сәйкес ұйымдастырылған: жұмыс күні сегіз сағатты құрайды, демалыс күндері мен жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қарастырылған.
Кәсіпорында қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған.
– Біз 2023 жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Қазір кәсіпорында сотталған азаматтар да еңбек етеді. Олардың жалақысы 300 мың теңгеден асады. Өндірісте қауіпсіздік мәселесіне басымдық берілген. Жұмысшылардың тәртібі мен қауіпсіздігін бақылауға қажетті заманауи жүйелер орнатылған. Мұндай бастамаларға әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жүргізілуде, – деді басқосуда кәсіпорын басшысы Аңсат Жанатаев.
«Greenhouse-Qaztomat» ЖШС-інде орташа айлық табыс 300 мың теңге шамасында. Бұл қаражат олардың сот шешімдері бойынша міндеттемелерін орындауына, жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуіне мүмкіндік береді. Азаматтар еңбек арқылы бостандыққа шыққаннан кейінгі өміріне де қаржылық негіз қалыптастырады.
Меморандумның орындалуын қала прокуратурасы бақылауға алады.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ






