Қала көшелеріндегі, сауда орындарындағы, жалпы қоғамдық қызмет көрсету нысандарындағы мемлекеттік тілде жазылған жарнамалар мен ақпарат тақталарында қателер жиі ұшырасады. Бұрынырақта тұрғындар өздері байқаған қате мәтіндерді суретке түсіріп, редакцияға жолдап тұратын еді. Кейін бұл үрдіс сиреп, тіпті тоқтаған болатын.
Таяуда газет оқырмандарының бірі Екібастұз теміржол вокзалында тұрған баннердің суретін жолдады.
Онда: «Құрметті Екібастұз қаласының қонақтары мен тұрғындары. Хостелдің екінші қабатында демалуға және душ қабылдауға болады. Бәрі таза әрі жайлы» деген мәтін жазылыпты. Орысшасына қарасақ, былай екен: «Уважаемые гости и жители города Экибастуза. На 2 этаже имеется Хостел. Все чисто и уютно». Жарнама иесі Хостелдің теміржол вокзалының екінші қабатында орналасқанын айтқысы келген, бірақ қазақша жарнамада вокзалды хостелге айналдырып жіберген. Дұрысы «Теміржол вокзалының 2-қабатында…» немесе «2-қабатта Хостел бар» болуы керек еді. Сол сияқты, «тұрғындары» деген сөзден кейін леп белгісінің қойылмауы да қателік болып саналады.
1997 жылғы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 21-бабында: «Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары мен мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылады» делінген. Ал «Жарнама туралы» Заңның 6-бабы «Жарнама мазмұнының аудармасы оның негізгі мағынасын бұрмаламауға тиіс» дейді. Ал теміржол вокзалында орналасқан хостел жарнамасында мәтін бұрмаланып, негізгі мағынадан ауытқыған.
Деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзған тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабында ескерту және айыппұл түрінде жазалар қарастырылған. Десе де жарнама иесі оған жеткізбей, мәтін жазылған баннерді түзетеді деп сенеміз.
Газеттің өзге оқырмандары да алдағы уақытта көшелердегі, қоғамдық нысандардағы қазақша мәтіндердің дұрыс-бұрыстығына назар аударып, редакцияға фотоайғақтар жолдап, тіліміздің өрісін кеңейтуге үлес қосады деген ойдамыз.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттік нышандарымыздың ең негізгісі, елдігімізді айшықтайтын тұғырымыз. Оның беделін биіктетуге әрқайсымыз үлес қоса білгеніміз жөн.
Ж.ҚАДЫРОВА






