10 қараша күні Астанадағы Президент орталығында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезекті VIII құрылтайы өтіп, алқалы жиынға 300-ден аса адам қатысты.
Бұл Құрылтайдың бұған дейінгілерінен ерекшелігі оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің келешегін елдің экономикалық, ғылыми және технологиялық дамуымен байланыстыра қарау қажеттігін айтты. Мемлекеттік тілге құрмет азаматтық борыш болғанымен, оның қоғамдағы орнын нығайтатын нақты негіз болуы керек.
– Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат, – деді Мемлекет басшысы.
Президент білім беру мен мәдениет саласындағы бірнеше көрсеткішке тоқталды. Биыл мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған. Колледждер мен университеттерде де қазақ бөлімдерінің саны көбейген. Былтыр баспадан шыққан алты мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылған. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілінде жарық көрген. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл деректерді мемлекеттік тілге сұраныстың артып келе жатқанының белгісі деп бағалады.
Ол қазақ мәдениеті мен зияткерлік әлеуетін шетелге танытып жүрген азаматтардың үлесін де атап өтті. Олардың қатарында Димаш Құдайберген, Самал Еслямова, Бибісара Асаубаева, Ерсін Балтағұл және Higgsfield AI стартабының жетекшісі Ерзат Дулатов бар. Президент оларды елдің рухани елшілері деп атады.
Мемлекет басшысы тілдің тағдырына қатысты үнемі күмән келтіріп, түңіле берудің пайдасы жоқ екенін айтты. Оның пікірінше, басталған жұмыстардың нәтижесін ескеріп, қазақ тілінің жаңа салалардағы мүмкіндігін кеңейтуге күш жұмсау қажет.
Атап өтерлік жайт, қазір «Қазақ тілі» негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр, бұл жайында «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы баяндады. Біріншіден, қазақ тілін оқытудың әдістемесі мен тәжірибесін жетілдіру амалдары. Екіншіден, қазақ тілін көпке тартымды және заманға сай контент, яғни, мазмұнмен байыту шаралары. Үшіншіден, тілімізді қазіргі технологиялармен ұштастыру және жаһандық жаңа технологиялық үдеріске қосу. Осы бағытта өткен жылы 40-қа тарта аймақтық, республикалық және халықаралық іс-шара мен бірқатар ауқымды жоба іске асқан. Елорда төріндегі құрылтайда кейінгі екі жылда атқарылған жұмыс туралы есеп беріліп, алдағы кезең мақсаттары анықталды.
Ерлан Қарин баяндамасында қазір қазақ тіліндегі цифрлы контенттерді көбейтуге, білім беру жүйесін әдістемелік тұрғыдан қолдауға, ІТ саласындағы жетістіктерді тіл мәселесін шешу үшін тиімді пайдалануға айрықша мән беріліп жатқанын айтты. Тілді сақтау оны жаңа заманға бейімдеу екенін, осы тұрғыда атқарылар шаруа көп екеніне тоқталды. Озық технологиялар, жасанды интеллект секілді салалар қазақ тілінде сөйлеуі қажет екенін алға тартты. Әсіресе инженерлік-техникалық, жаратылыстану ғылымдарын қазақша сөйлету маңызын атап өтті.
Жиында соңғы жылдары қазақ тілін үйренуге ниет білдіргендердің қатары көбейіп келе жатқаны да тілге тиек етілді. Тіл үйренушілерге арналған озық әдістемелер мен цифрлық оқу құралдарын әзірлеуге тіл мамандарын және ақпараттық технология саласының өкілдерін жұмылдыру ұсынылды.
Құрылтайда мемлекеттік тілдің жасанды интеллект пен цифрлық қызметтердегі қолданысы да сөз болды. Президент OpenAI зерттеуіне сілтеме жасап, қазақ тілінің соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелеріндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейген тілдердің қатарына кіргенін айтты.
Сондай-ақ ол Yandex компаниясының бір өнімін қазақ тілінде қолданатындар саны былтырдан бері 30 пайызға артқаны туралы мәлімет келтірді. Google компаниясының қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізгенін де осы бағыттағы ілгерілеудің мысалы ретінде атады.
Алдағы міндеттердің бірі – қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау. Мемлекет басшысы әдеби-мәдени мұраның едәуір бөлігі әлі толық әрі сапалы цифрландырылмағанына назар аударды.
– Сол себепті мұрағатта немесе кітапханаларда ғана сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұрағат (архив) және мұражай (музей) қорларын цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет, – деді Президент.
Ғылыми және кәсіби білімнің қазақша қолжетімділігіне де басымдық берілмек. Инженерияны, медицинаны, құқықты, экономиканы және ақпараттық технологияларды мемлекеттік тілде оқып-үйренуге жағдай жасау үшін сапалы оқулықтар мен оқу құралдары қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта бұрын жіберілген қателіктер мен олқылықтар барын айтып, жоғары оқу орындарын қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу еңбектеріне ерекше назар аударуға шақырды.
Президент қазақ тіліндегі кейбір сөздер мен ұғымдардың әртүрлі қолданылуы оқырманды шатастырып, тілдегі бірізділікке кедергі келтіретінін айтты. Осыған байланысты емле ережелерін жүйелеп, сөздіктерді жаңарту мәселесін көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік деңгейде ресми бекітілген орфографиялық сөздік 1983 жылы шыққан. Кейін бірнеше сөздік жарық көргенімен, олар мемлекеттік деңгейде бекітілмеген.
– Сондықтан қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіруіміз керек. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент аударма мен термин жасауда да кәсіби пайым қажет екенін жеткізді. Ол «шәкіртақы», «еңбек өтілі», «жанармай», «ғаламтор», «жасанды сана» сияқты сөздердің қолданысқа орнығуын оң бағалады. Ал «күйсандық», «қылтима», «себезгі», «үнқағаз», «жеделсаты» тәрізді бірқатар баламаның қажеттілігіне күмән келтірді. Сондай-ақ дінге қатысты көне қазақ сөздерінің орнына араб сөздерін жиі қолдану үрдісіне тоқталды. Бұл мәселелер бойынша кәсіби ғалымдар салмақты пікір айтуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің халықаралық байланысын нығайту үшін сапалы екітілді және көптілді сөздіктер әзірлеу қажеттігін айтты. Осы орайда «Қазақ тілі» қоғамының Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыруды қолдады.
Президент қазақ тілін БҰҰ-ның негізгі ресми тілдерімен байланыстыратын сөздіктер жасауды ұсынды. Атап айтқанда, қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай және қазақ-араб сөздіктері қажет. Бұған қоса қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей, қазақ-парсы сөздіктерін әзірлеп, қазақ-орыс сөздігін уақыт талабына сай жаңарту мәселесі қойылды. Олардың электрондық нұсқалары үнемі толықтырылып отыруы керек.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы тілдің болашағын тек оқулық пен сөздікке тіреп қоюға болмайтынын ескертті.
– Адам қай тілде ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алса, сол тілдің әлеуеті күшейе түсетіні анық. Сондықтан цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту – аса маңызды міндет. Әсіресе қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін ІТ-өнімдер, балалардың тілін дамытуға арналған фильмдер мен ойындар көп болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік және спорт тақырыптарындағы қазақша өнімдерді әзірлеуге мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсету ұсынылды. Осы жұмысқа «Қазақ тілі» қоғамы да үлес қосуға тиіс.
Жұмағали Қоғабаев, ақын, Екібастұз «Қазақ тілі» қоғамының бұрынғы төрағасы, «Ана тіл үшін ат үстінен түспеген жылдар» кітабының авторы:
– Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайына қатысу мен үшін үлкен қуаныш, шын мәнінде мәртебе болды. Себебі осыдан 37 жыл бұрын, 1989 жылы 22 қараша күні, Алматы қаласында өткен «Қазақ тілі» қоғамын құру мәселесі қаралған І Құрылтайға Павлодар облысынан бес адам қатысқанбыз, оның бірі Арман Қани болды. Ол Тәуелсіздік таңы атар жылдар қарсаңы, «тіліміз бостан болса, тірлігіміз жарқын болар» деп болашақтан үлкен үміт күткен кезең еді. «Қазақ тілі» қоғамы құрылған алғашқы құрылтайдан соң зиялы қауым қалаларда және облыста қоғамның филиалдарын құруды бастап кетті. Содан бері 37 жыл уақыт өтіпті.
1989 жылғы бірінші Құрылтайда негізінен қазақ ұлты көп болса, биылғы Х Құрылтайда мемлекеттік тілді жетік меңгерген түрлі этнос өкілдерінің қалың қатарын көзбен көріп, құлақпен тыңдап, тәнті болдық. Президентіміз ұстанып отырған тіл саясатының дұрыс екендігіне көз жеткіздік. Президентіміздің 40 минутқа жуық баяндамасынан «Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырынан түспейді, тіл – баршамызға ортақ құндылық, Тәуелсіздік болмаса, біздің халқымыздың тығырыққа тірелетіні анық еді. Біз экономикасы дамыған, технологиясы үздік, әлем мойындаған мықты мемлекет болсақ, тіліміз де қуатты болары анық, тілде бірізділік, қазақ тіліндегі контенттің ауқымы мейлінше кең болғаны дұрыс, тіліміздің болашағына бәріміз жауаптымыз» деген мағынадағы сөздерін санамызға тоқыдық.
Ж.ӘБДІКӘРІМ






