Денсаулық сыр берген соң №2 емханаға баруға тура келді. Сырт киімімді тапсырмақшы болып әуелі гардеробты іздеп таптым.
– Сіз журналист емессіз бе? – деген гардеробшы әйел жылы шырай танытты.
– Иә. Сонда мені білесіз бе?
– Әрине. «Отарқа» газетін оқимын. Жүзбе-жүз көрмесем де, газет қызметкерлерін жазғандары арқылы білемін.
Бейтаныс келіншектің сөзі майдай жағып, көңіл-күйім көтеріліп, «рахмет» дедім.
– Не үшін? – деп сұрады ол.
– Біздің газетті оқып жүргеніңіз үшін.
«Адам сөйлескенше» демей ме, осылайша екеуара әңгіме өрби түсті. Гардеробшы әйелдің аты-жөні Күлпаш Қыдыралина екен. Сонау 2010 жылы Ақтоғай ауданының Серікбай Мүткенов атындағы ауылынан көшіп келіпті.
– №21 мектепте көп жыл жұмыс істедім. Мектепте «Отарқа» газетіне жазылушы едік. Редакция шопыры Сәкен деген азамат жеткізіп беріп жүрді. Екі жыл бұрын зейнеткерлікке шықтым. Бір жыл үйде отырып немерелерге қарап, биыл осында жұмысқа кірістім. «Отарқа» газетін қазір бейсенбі күндері редакцияға барып аламын. Қала мен ауылдың тыныс-тіршілігін білу, жақсы жаңалықтардан хабардар болу мен үшін дағдыға айналды, – деген Күлпаш замандас біздің басылым жайлы жақсы пікірде екенін айтты.
Кездейсоқ таныстық мені әжептәуір ойға шомдырды. Күлпаш замандас сияқты газет оқуды дағды еткен біраз азаматты жақсы білемін. Ара-тұра жүздесіп, сөйлескенде, басылымда жарияланған мақалалар жайлы пікір білдіріп, ой қосып жатады. Мерзімдік баспасөзге, соның ішінде «Отарқа» газетіне жазылмайтын таныстар да баршылық. Әңгімелескенде газет оқымайтыны сөздерінен аңғарылып, «ұялған тек тұрмас» дегендей, жер шұқып, қипақтап қалады. Бір ғажабы, солардың басым бөлігі – жоғары білімді қаратаяқтылар. Алайда ішкі мәдениеті де, өресі де кемшін. Жайшылықта «Отарқаның» бетін ашпайтын мұндай пәтшағарлар мерейтойы жеткенде, туған-туыстарын құттықтау қажет болғанда редакцияны жұрттан сұрап іздеп тауып, журналистерді жағалап, қиылып өтініш жасауға ұялмайды. Негізі, біз үшін қажет кезде «Отарқа» есіне түсетіндерден гөрі, газетке үзбей жазылатын Күлпаш тәрізді тұрақты оқырман қымбат!
Айтпақшы, №21 мектеп тәрізді, №2 емхана ұжымы да бұрын біздің газетке жыл сайын жазылушы еді. Былтырдан бері бұл үрдіс үзіліп қалды. Бәлкім, емхана басшылары биыл газетке жаздыруды қолға алар. «Солай етсе, ыңғайлы болар еді», – деді қоштасқанда Күлпаш замандас.






