Бүгінгі таңда әлеуметтік желілердегі түрлі жарияланымдар қазақтың «Атың шықпаса, жер өрте» деген сөзін жиі еске түсіретін болып жүр. Таяуда өзін Ольга М. деп таныстырған Екібастұз тұрғынының бейнежазбасы жұртты дүр сілкіндірді. Нақты айтсақ, ол қазақ халқына тіл тигізіп, Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты пікір айтқан болатын. Тіпті «Әр қазақ орыстың қожайын екенін білуі керек» деп, Путинге әскер кіргізу жөнінде үндеу жасауға дейін барды. Іле бұл әйелді прокуратураның үйлестіруімен Ұлттық қауіпсіздік қызметі ұстап, сотқа дейінгі тергеу басталғаны жөнінде ақпарат тарады. Сондай-ақ күдіктінің бұған дейін есірткі заттарын саудалағаны үшін сотталғаны белгілі болды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасаған ҰҚК істің өзге мән-жайларын жария етпеді. Ең бастысы, бұл бассыздық құқық қорғаушылардың назарынан тыс қалған жоқ.
Ал әлеуметтік желідегі көпшілік видеоүндеу авторын мұндай әрекетке айдап салушы арам пиғылды топтар бар деген болжам жасады. Енді біреулер «Бұл – басшылардың мемлекеттік тілге құрмет көрсетпеуінің салдары» деген пікір жаудырды. Сондай пікірталастар кезінде желі қолданушыларының бірі Екібастұз қаласындағы мемлекеттік тіл жағдайына төмен баға беріп, көшеде ілінген баннердің суретін ортаға тастады. Яғни, баннер желі қолданушысының «Мақтаған Екібастұзың мынау ма?» деген ойын аңғартты. Ендігі әңгіме сол баннер хақында.
Суреттегі баннердің қаладағы «КEGOC» мекемесінің дуалына ілінгені көрініп тұр. Онда «Солтүстік ЖЭТ-ті цифрландыру әрбір битте» деген мәтін жазылған. Әрине, түсінеміз, «бит» дегеніміз – энертетика саласының термині. Бірақ бит сөзінің синонимі – көпшілік үшін жағымсыз жәндіктің атауы. Бұл ұғым әр адамның ұғымында бірден жағымсыздық сезім тудырады. Энергетикадағы «бит» терминін жұртты бәрі біліп жатқан жоқ. Сол себепті бұл баннер тек сайқымазақтық рөл ойнап тұрды деуге болады.
Осы жайтты электронды үкімет порталы арқылы Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және денешынықтыру бөліміне жеткізіп, тиісті шара қолдануды өтінген едік, бөлім өтінішімізге жылдам әрекет етіп, баннердің алынып тасталғанын хабарлады: «Сіздің 2026 жылғы
29 қазандағы №ЖТ-2026-04929754 өтінішіңізге келесіні хабарлаймыз. Өтінішіңізде көрсетілген «KEGOK» АҚ Солтүстік ЖЭТ филиалына тиісті хат жолданып, ақпараттық тақтайша мәтініне қатысты ұсыныстар берілді. Нәтижесінде, өтініште көрсетілген ақпараттық тақтайша алынып тасталды. Сонымен қатар, алдағы уақытта тақтайша мазмұны мен тілдік ерекшеліктерді ескере отырып қайта әзірлеп, ауыстыру ұсынылды. Өтінішіңізде көтерілген мәселе назарға алынып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және көрнекі ақпарат мәтіндерінің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын хабарлаймыз. Белсенді азаматтық ұстанымыңыз үшін алғыс білдіреміз!».
Ж.ҚАДЫРОВА






