Қала іргесіндегі Қоянды ауылы жылдан-жылға тұрмысқа жайлы болып келеді. Содан да болар, 6 қараша күні ауыл клубында өткен қала әкімінің есеп беру кездесуінде тұрғындар тарапынан сұрақ аз болды.
Айтпақшы, Қоянды ауылында заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.
– Қаржыландыру мәселесі толық шешілсе, спорт кешені жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Әйтпесе алдағы жылдың І тоқсанында іске қосылады, – деді қала басшысы Аян Бейсекин.
Енді әкімге қойылған сұрақтарға көшейік.
– Биыл жаз Алматы облысынан осында 4 отбасы көшіп келдік. Ер-азаматтардың бәрі жұмыспен қамтылды. Жаңа қоныс бізге ұнады. Десек те ауылішілік жолдар асфалтталып, жаңадан балалардың ойын алаңшасы салынса, құба-құп болар еді, – деген ұсынысын жеткізді ауыл тұрғыны Фариза Әкішқызы.
Қала әкімінің айтуынша, бұл мәселелер 2027-2028 жылдары шешімін табуға тиіс. Тағы бір азамат электр бағандарының ескіргенін, трансформатордың қуаты жеткіліксіз екендігін айтты. Есептік кездесуге қатысқан «Горэлектросеть» ЖШС өкілі жаңа қуатты трансформаторға тапсырыс берілгенін, ал электр бағандары біртіндеп ауыстырылатынын, Жеңіс пен Аманкелді көшелерінде электр сымдарының жаңаланғанын тілге тиек етті. Соған қарағанда электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табатын сыңайлы.
Қоянды ауылдық округіне қарайтын шағын Теміртас ауылы бар. Сол ауылдың тұрғыны Марат елді мекенге кіреберіс жол туралы әңгіме қозғады. Мәселенің мән-жайын анықтай келе, кіреберіс жолдың 2 километріне былтыр шағыл тас төселгені, енді қалған бөлігін жөндеу жағы қарастырылатыны айтылды.
Есептік кездесуде Екібастұз полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов ауыл адамдарына сақтық шараларын ұмытпауды ескертті. Әсіресе телефон шалып, қақпанға түсіретін алаяқтар көп. Сонымен бірге, жеке меншік малды қараусыз қалдырмау жөн. Бір топ ұры жаз бен күзде Ақкөл, Зеленая роща, Бәйет пен Шиқылдақ ауылдарынан, қала маңындағы шаруа қожалықтарынан қой ұрлап, сойып, етін Астанаға жөнелтумен шұғылданыпты. Абырой болғанда, ұрылар таяуда ұсталып, қамауға алыныпты.
Полиция бастығы, сондай-ақ, ауылдағы мотоцикл, скутерлерді тіркеуге алу тәртібін түсіндіріп, бұл мәселемен шұғылдануды учаскелік инспекторға жүктеді.
Ж. ЖӘЛЕЛҰЛЫ






