Тау тұлғалы азамат Аманқос Өтегеновтің өнегелі өмірі жас ұрпаққа үлгі-өнеге екені кәміл. Аманқос Титауұлы – мемлекет және қоғам қайраткері, Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, Павлодар облысы мен Екібастұз қаласының Құрметті азаматы. Оның есімі «Екібастұзкөмір» өндірістік бірлестігінің бас директоры болған тұңғыш қазақ азаматы ретінде де тарихта қалды. Көмір өнеркәсібінің дамуына ерекше еңбек сіңірген Аманқос Титауұлы тірі болса, биылғы 1 қарашада 80 жасқа толар еді. 3 қарашада Екібастұз тарихи-өлкетану музейінде «Екібастұз шежіресіндегі жарқын тұлға» деп аталған шара өткізіліп, марқұмды көзі көрген замандастары естеліктер айтып, көзден кетсе де, көңілден кетпеген азаматтың ғибратты ғұмыры жайлы сыр шертті.
Әуелгі сөзді Аманқос Титауұлының досы әрі үзеңгілес серігі Самат Рамазанов бастады.
– Рудный индустриалдық институтында бірге оқыдық. Ол әскер қатарында борышын өтеген, өндірісте жұмыс істеп үлгерген сақа жігіт болатын. Топ старостасы, жатақханада студенттер кеңесінің төрағасы болып сайланып, көшбасшылық қабілетімен танылды. 1974 жылы тау-кен инженері дипломын алып, бір топ жас маман жолдамамен Екібастұзға келдік. Сөйтіп біз көмір өндірісінің қат-қабат жұмысына қызу кірістік. Бәріміз бойдақпыз, «Богатырь» кенішінің жатақханасында тұрдық. Сол уақытта ішіміздегі Александр Кузьменко «Біз әлі осы өндірістік бірлестікті басқаратын боламыз» деген еді, жылдар өте келе солай болып шықты. Он екі жігіттің бәрінің қызметі өсті. Аманқос досым бастапқыда «Богатырь» кенішінде еңбек етіп, содан соң «Центральный», «Степной» кеніштерінде түрлі лауазымды қызметтерді атқарды. 1984 жылы жаңа «Восточный» кенішінің құрылысы қолға алынғанда Аманқос Титауұлы кеніштің бас инженері болып тағайындалды. Кейін осы кеніштің директоры болып, 1993-1996 жылдары «Екібастұзкөмір» өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметін атқарды. Ол көмір өндірісін бүге-шігесіне дейін білетін білікті маман, кісілік қасиетке бай азамат еді, – деген Самат Жайынұлы өзінен бес жас үлкен досының жеке өміріне тигізген ықпалын да тілге тиек етті.
Самат Жайынұлының әңгімесіне қарағанда, Ақтөбеде үйлену тойын жасаған соң әкесі баласын туған жерінде қалдырмақшы болыпты. Сол уақытта досы Аманқос: «Балаңызды Екібастұзға жіберіңіз. Өндірісті қалада болашағы зор болады. Жас отбасыға өзім қамқорлық көрсетемін», – деп сөзге араласып, досының әкесін көндірген екен. Содан пәтер алғанға дейін ерлі-зайыптылар Аманқостың үйінде тұрыпты.
Тағы бір көңілге ұялаған естелікті Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміренов айтты.
– Өлеңті ауылынан Екібастұзға келіп, «Шығыс» кенішіне жұмысқа орналаспақшы болдым. Мамандығым еңбек пәні мұғалімі екенін білген кеніш директоры Аксиньин балташы етіп жұмысқа қабылдады. Карьер машинисі болуды мақсат етіп, директордан бірнеше рет курсқа жіберуді өтіндім. Бірақ ол «бізге балташылар керек» деп меселімді қайтарды. Сөйтіп жүргенде директор еңбек демалысына кетіп, орнына бас инженер Аманқос Титауұлы қалды. Қабылдауына кіріп, мән-жайды айтып едім, «Директор мені түтіп жейді ғой» деп күлді де, өтінішіме қол қойып берді. Осылайша көмір өндірісіне тікелей араласып, нағыз кенші болдым, – деді ол.
Иә, абыройлы азаматтың адамдарға да, Екібастұздың өсіп-өркендеуіне де тигізген шарапаты мол екені анық. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған жылдары да Аманқос Өтегенов сайлаушылар үмітін ақтап, Екібастұзға қатысты мәселелердің шешілуіне ықпал етті.
Музейдегі шараға Аманқос Титауұлының балалары да қатысып, мұнай саласында қызмет істейтін ұлы Жеңіс әкесінің қарапайым да талапшыл, еңбекқор адам болғанын әңгімеледі.
– Әкеміздің бойындағы жақсы қасиеттерді көріп, ұқсап бағуға ұмтылдық. Бауырым Азамат көп жыл волонтерлікпен шұғылданды. Африкада болғанында халықтың тұрмысы ауыр екенін көріп, Кенияның бір елді мекенінде мектеп ауласынан ұңғыма қаздырып, таза ауыз су құрылғыларын орнатқызып, жұрттың алғысына бөленді, – деп Жеңіс сөзін сабақтап, сол игі істен түсірілген бейнебаянды жиналған қауым экраннан сүйсіне тамашалады.
Айтпақшы, еске алу кешінде ерлі-зайыпты Сайлау-Рухия Оразбаевтар, ардагер кенші А. Чалбышев ән шырқап, соңында жиналған қауым шараны ұйымдастырған музей басшысы Салтанат Ордабаеваға ризашылық білдірді.
Ж. БҰЛАНБАЙ







