«Жасыбай» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде «Каратэ – нашақорлыққа қарсы» ұранымен кекушинкай каратэден қалалық ашық турнир өтті. Бесінші рет ұйымдастырылған жарысқа Павлодар облысының аудандарынан келген 250-ге жуық спортшы қатысып, татамиде өзара мықтыны анықтады.
Спорттық шараны «Екібастұз қаласының кекушинкай каратэ федерациясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен турнир ұйымдастырушылары жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауды, нашақорлықтың алдын алуға үлес қосуды мақсат еткен.
– Қалалық ашық турнирді биыл бесінші рет өткізіп отырмыз. Жарыс жеңімпаздары медальдармен, кубоктармен марапатталды. Биылғы турнирдің бас жүлдесі – велосипед. Ал қыздар арасында чемпиондық белбеу тағайындадық. Қатысушылар бұл жарыста қайсарлықтарын, тәртіп пен жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Жүлделі орындарға ие болған спортшыларға дипломдар, медальдар мен кубоктар табысталды. Ұйымдастыруға қолдау көрсеткен мемлекеттік мекемелерге, демеушілерге, жаттықтырушыларға, төрешілерге және ата-аналарға алғыс айтамыз, – деді «Екібастұз қаласының кекушинкай каратэ федерациясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, қара белбеудің II дан иегері Әлішер Қанапин.
Жарыстың бас жүлдесі – велосипед жеңімпаз Әділ Сембаевқа бұйырды. Турнирді өткізуге есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы демеушілік қолдау көрсетіпті.
Жарыс қорытындысында бірінші орын алған спортшылар: Амира Назарова, Жансая Қадыржанова, Амира Исина, Захар Темиржанов, Ерали Бекболат, Төрехан Мұхаметқалиев, Адэля Жансеит, Ислам Садық, Аңсар Шарипов, Арина Анщиц және Нұрсұлтан Оразбек.
ГҮЛСАНА ҚУАТҚЫЗЫ







