Қыр астында қыс келе жатыр емес пе. Арқаның алты ай қысында болатын сарышұнақ аяз бен ақтүтек боранды күндері төтенше жағдайлар туындаған жағдайда тиісті қызметтер мұндай сынаққа сақадай сай болуы абзал. Осы орайда, республикалық «Қыс-2026» оқу-жаттығуы жарияланып, 10 қараша күні «Проммашкомплект» кәсіпорны алдында арнайы техниканың түр-түрі сап түзеген байқау өтті.
Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дәурен Қашқаринов Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиеваға апаттан кейін байланысты қалпына келтіру командасының, төтенше жағдайда денсаулық сақтау саласында жедел әрекет ету тобының, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың әзірлігін баяндады. Айта кетерлігі, бұл қызметтер қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған. Мәселен, сап түзеген өрт сөндірушілер командасының әр мүшесінде «дабыл чемоданы» бар. Оған өрт сөндірушіге қажетті құралдар, тіптен бір тәулікке жетерлік азық та салынған екен.
– Біздің қаламызда екі өрт сөндіру бөлімі қызмет көрсетеді. Оған қоса, төтенше жағдай туындағанда құтқарушылар қызметі де іске кіріседі, – дейді №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Темірбек Айсабеков нық сеніммен.
БАҚ өкілдеріне Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дәурен Қашқаринов сұхбат беріп, «Қыс-2026» оқу-жаттығуының мақсаты мен міндеттерін айтып шықты.
«Қыс-2026» оқу-жаттығуы бұдан соң Шідерті кентінде жалғасып, онда көктайғақ салдарынан тас жол жабылғанда жолаушыларды құтқару, оларға көмек көрсету әрекеттері пысықталды.
Ж. Жәлелұлы







