Павлодар облысында тұрғындардың денсаулық сақтау саласына қатысты өтініш-тілектерін тыңдауға арналған бірыңғай қабылдау ұйымдастырылды.
Екібастұзда бұл шара «Өнер» мәдениет сарайында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын медицина ұйымдарының басшыларына тікелей қоюға мүмкіндік алды. Қабылдауға қалалық аурухананың, «Дисконт» ӨК-нің және дербес медициналық орталықтардың өкілдері қатысты.
Бүгінде медициналық ұйымдар мен тұрғындар арасындағы байланыстың бірнеше жолы бар. Әлеуметтік желілер мен WhatsApp чаттары арқылы сұрақ қойып, жауап алуға болады. Сонымен қатар әр медициналық ұйымда пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді. Соған қарамастан кейбір мәселелерді жауапты мамандармен бетпе-бет талқылаудың маңызы зор.
Қалалық аурухананың пациенттерді қолдау қызметінің басшысы Светлана Подзорованың айтуынша, аурухана басшылығының қабылдауына күн сайын әр түрлі мәселемен 2-3 адам келеді. Ал қазіргі өзекті мәселелердің бірі – компьютерлік томографтың істен шығуы.
– Кейінгі кездегі проблема – КТ аппаратының жоқтығы. Қазір ол жөндеуде тұр. Құны аса қымбат болғандықтан, жақын күндері қалпына келеді деп нақты айта алмаймын. Дегенмен пациенттер қажетті тексерусіз қалған емес. Қажет болған жағдайда ішкі келісім арқылы басқа медициналық ұйымдарға жіберіп, тексеруден өткіземіз, – дейді Светлана Валерьевна.
Кездесу барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жоспарлы операцияларды тегін жасату тәртібі де түсіндірілді. Өйткені тұрғындардың арасында мұндай мүмкіндіктің барын білмейтіндер де кездеседі.
Осы сұраққа жауап берген «Дисконт» ӨК басшысы Қуаныш Нысанбеков жоспарлы ота жасатқысы келетін науқас алдымен өзі тіркелген емханадағы дәрігердің кеңесін алуы қажет екенін айтады. Одан кейін ол тиісті жолдамамен облыстық ауруханаға жіберіледі. Медициналық көрсетілімдер расталған жағдайда науқас емдеуге жатқызу бюросының порталы арқылы кезекке қойылып, операцияны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жасата алады.
Жалпы мұндай кездесулердің берері мол. Біріншіден, тұрғындар өздерін мазалаған мәселелерге тікелей жауап алады. Екіншіден, медицина саласындағы мүмкіндіктер мен қызметтер туралы ақпараттан хабардар болады. Алайда бұл жолғы қабылдауға келген тұрғындардың қатары көп болмады.
Кездесу туралы әлеуметтік желілерде алдын ала хабарланғанына қарамастан, оған санаулы адам ғана қатысты. Әдетте мұндай қабылдаулар халықтың өтініш-тілегін тыңдап, мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Өкініштісі, жауапты маманның алдына барып, сауалыңды тікелей қоюға болатын осындай мүмкіндікті пайдалана бермейміз. Соның салдарынан мәселенің мән-жайын анықтамай тұрып шағымдануға асығатындар да жоқ емес. Сондықтан мұндай кездесулерге тұрғындардың белсенді қатысқаны жөн болар еді.
ГҮЛСАНА МЕДЕУБАЙТЕГІ






