Екібастұз тарихи-өлкетану музейінде Балалар көркемсурет мектебінің биылғы түлектері дипломдық жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. «Жұлдыздар жанғанда…» деп аталатын көрмеге түрлі жанр мен техникада орындалған 50-ден астам жұмыс қойылды.
Көрменің ашылу салтанатында Естай атындағы балалар музыка мектебі директорының орынбасары Ернар Асанов құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді. Одан кейін саксофонмен орындалған музыкалық шығарма жиналғандарға ерекше көңіл күй сыйлады.
Экспозицияда кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылған. Оқушылар Қазақстанның тарихы мен мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрді, туған өлкенің табиғаты мен күнделікті тұрмыс көріністерін бейнелеген. Мәселен, Эсмира Маратованың «Көкпар рухы» атты майлы бояумен салынған жұмысы ұлттық спортқа арналса, Дарина Нұрмағамбетованың «Дәстүр әуені», Кәусар Қожахметтің «Дала мұрасы» атты туындыларында ұлттық құндылықтар көрініс тапқан. Ал Ариана Шагиахметова, Ангелина Дягель, Анна Сердюк және басқа да түлектер табиғат пен қоршаған орта тақырыбындағы жұмыстарын ұсынды.
Биылғы түлектердің жетекшілері – Ботагөз Сағнаева мен Айсұлу Омарова. Ұстаздардың айтуынша, дипломдық жұмыстарды орындау барысында оқушылар тақырыпты өздері таңдап, түрлі материалдар мен техникаларды қолданған.
Көркемсурет мектебінде оқушылар аптасына үш рет сабаққа қатысады. Олар академиялық кескіндеме, сурет, композиция, мүсін және өнер тарихы пәндерін меңгереді. Педагог Айсұлу Омарова биылғы түлектердің дайындық деңгейін жақсы бағалайды.
– Мұндай көрме – жас суретшілер үшін үлкен ынталандыру. Өз жұмыстарын қалалық музейде көрсету – олар үшін маңызды оқиға. Бұл – олардың алғашқы топтық көрмесі. Әрине, әзірге оларды қалыптасқан суретшілер деп айтуға ерте. Дегенмен кейбір жұмыстар өзіндік ерекшелігімен таңғалдырды, – дейді ұстаз.
Түлектердің арасында болашақ мамандығын өнермен байланыстырғысы келетіндер көп. Бірі суретші, енді бірі мүсінші немесе дизайнер болуды жоспарлап отыр. Анастасия Подзорова болашақта сәулетші болып, ғимараттар жобалауды армандайды. Көрмеге ол «Женщина – сердце культуры » атты дипломдық жұмысын ұсынған.
Ал Никита дипломдық жұмысын гипстен барельеф техникасында орындаған. Жұмыс барысында гипстің сынуы сияқты қиындықтар болғанымен, ол туындысын жақсы аяқтап шыққан.
Көрме екі апта бойы жалғасады. Осы уақыт ішінде қала тұрғындары мен қонақтар жас суретшілердің дипломдық жұмыстарымен таныса алады.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ








