Таңдаған мамандығына адалдық танытып, талай жыл еңбек ету – құрметтеуге лайық іс. Әсіресе тәртіп пен табандылықты, қырағылық пен жауапкершілікті талап ететін ішкі істер саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқару – үлкен еңбектің жемісі. Осындай азаматтардың бірі – ішкі істер органдарының ардагері Қанат Қабылшаитов.
Қанат Саметұлы 1973 жылдың 23 қаңтарында Павлодар облысы Ертіс ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді Қарағанды экономикалық университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша алған.
Оның ішкі істер саласындағы еңбек жолы сонау 1994 жылдың сәуір айында Екібастұз қалалық ішкі істер бөліміне қарасты арнайы күзет қызметінен басталды. Содан бері табаны күректей 31 жыл бойы осы салада еңбек етіп, өмірінің маңызды кезеңдерін қызметіне арнады.
Еңбекке сержант шенінде кіріскен Қанат Саметұлы жылдар бойы тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыдан шыңдалып, қызмет сатысымен жоғарылады. Нәтижесінде полиция подполковнигі шеніне дейін жетті. Әрбір шеннің артында маңдай тер, жауапты кезекшіліктер, тынымсыз еңбек пен жинақталған тәжірибе жатқаны анық.
Ол Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының Павлодар облысы бойынша 2-ші батальоны командирінің орынбасары қызметін атқарды. 2023 жылғы 23 қаңтарда ішкі істер органдарындағы қызметін аяқтап, зейнеткерлікке шықты.
Бір мекемеде 31 жыл қызмет ету адамның мінезін берік етіп, тәртіпке беріктік пен жауапкершілікті қалыптастырады. Әріптестері арасында сыйлы азаматтың бұрынғы қызметтес жолдастарымен байланысы әлі күнге дейін үзілген емес. Қалмағанбет Омаров, Жаслан Тілеутеміров, Айдар Тілеубергенов сынды әріптестерімен араласып, жақсы күндерде бас қосып тұрады. Бұл – жылдар бойы қалыптасқан сыйластық пен шынайы достықтың белгісі.
– Ең алдымен, мамандықты жүрек қалауымен таңдау керек. Ал таңдаған соң сол мамандыққа адал болып, өз міндетіңді абыроймен атқаруға тиіссің. Қандай қызмет болса да, оған жауапкершілікпен қарау маңызды, – дейді ол жастарға арнаған сөзінде.
Қанат Саметұлы үшін зейнеткерлікке шығу бұрынғы ұжымнан қол үзу деген сөз емес. Жалпы, ішкі істер органдарының ардагерлері басқарма назарынан тыс қалмайды. Олар түрлі қоғамдық, мәдени және спорттық шараларға тұрақты түрде шақырылып, белсенді қатысып келеді. Мұндай кездесулер – жылдар бойы салаға еңбек сіңірген азаматтарға көрсетілген құрметтің белгісі әрі аға буын мен кейінгі буын арасындағы байланысты нығайтудың да жақсы мүмкіндігі.
Мәселен, 10 қараша – Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері күніне орай Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының екінші полиция батальоны ардагерлер арасында үстел теннисінен жарыс ұйымдастырды. Мұндай шаралар жиі өтеді. Бұдан бөлек, ардагерлер жастарға тәлім-тәрбие беру, тәжірибелерімен бөлісу бағытындағы шараларға да шақырылып тұрады. Сала басшылығы ардагерлерді әрдайым назарда ұстап, олардың қоғам өміріне араласуына мүмкіндік жасап келеді.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ






