Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Екібастұз қаласы полиция басқармасының әкімшілік полициясы бастығы Руслан Сүлейменов жол-көлік апаттары жайлы сөз қозғады.
Биылғы жылы қала мен қала сыртындағы жолдарда 212 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 352 адам зардап шегіпті. Тарқата айтсақ, 12 адам опат болып, 340 адам жарақат алыпты. Сонымен қатар, Руслан Сембайұлы мынадай мәліметтерді де ұсынды. Екібастұз қаласының көше-жол тораптарында 172 жол-көлік оқиғасы болып, 4 адам өліп, 258 адам жараланған екен. Трассаларда 40 жол апаты болып, 8 адам көз жұмып, 82 адам жарақаттанған. Қала сыртындағы жолдардағы жол апаттарына жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асыруы, жол белгілеріне бағынбауы, арақашықтықты сақтамауы және т.т. себеп болып отыр. Сонымен бірге, қараусыз малдың тас жолға шығып кетуінен 28 жол апаты туындаған көрінеді.
Брифингте «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүргізілген профилактикалық іс-шаралардың нәтижелері де айтылды. Мәселен, рөлге мас күйінде отыру жайттары кеміген екен.
Келесі кезекте қоғамдық қауіпсіздік кеңесі бөлімінің бастығы Медет Бейсенов «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында атқарылған жұмыстар туралы толығырақ баяндады. Медет Жексенбайұлының айтуынша, салааралық комиссия жұмысы пәрмен алып, «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз үй» айлықтары өткізіліп, сол айлықтар кезінде көші-қон тәртібін бұзғандар анықталып, жоғалып кетіп іздеу жарияланған адамдар табылыпты. Құқық бұзушылықтарды анықтауда Оперативтік басқару орталығының пайдасы тиіп тұр екен. Аталмыш орталыққа қала ішіндегі 80 бейнекамера, сонымен бірге, әлеуметтік нысандарда орнатылған камералардан жазбалар түседі. Осындай жазбалардың арқасында даулы болған 70 жол-көлік апатына кінәлілер анықталыпты.
Жалпы, бұл жолғы брифингтегі полиция қызметкерлерінің әңгімесінен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасында қарастырылған талаптар күшейтілгелі тәртіпке бағынбағандар жазадан құтылмайтынын түйсіндік. Олай болса, ең абзалы – қоғамдық тәртіпті сақтау.
Ж. БҰЛАНБАЙ





