Қала әкімі Аян Бейсекиннің тұрғындармен есеп беру кездесуі Төртқұдық ауылдық округіне қарасты Бозшакөл ауылында жалғасты. Бүгінде мұнда 266 адам тұрады. Кездесу барысында ауыл тұрғындары күнделікті тіршілікке қажетті су, жарық пен жылуда қиындық жоқ екенін жеткізді. Дегенмен елді мекеннің алдағы дамуына қатысты бірқатар ұсыныс та айтылды.
Ауыл ақсақалы Бекболат Шөлкебаев тұрғындар атынан жаңа клуб салу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ауылға мәдени іс-шаралар өткізіп, тұрғындардың басын қосатын заманауи ғимарат қажет.
Қала әкімі бұл ұсыныстың бұған дейін де айтылғанын еске салып, клуб құрылысы алдағы жоспарларда қарастырылатынын жеткізді. Алайда қазіргі уақытта жол мәселесі толық шешілмеген елді мекендердегі жұмыстарға басымдық беріліп отырғанын атап өтті.
– Клуб салу мәселесін алдағы жоспарларда қарастырамыз. Қазір жол мәселесі толық шешілмеген елді мекендер бар. Сондықтан барлық жұмысты кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз, – деді Аян Бейсекин.
Сондай-ақ мектеп директоры Батырбек Есімханов футбол алаңының қоршау торын жаңарту қажеттігін айтты. Оның сөзінше, қолданыстағы қоршаудың кейбір тұстары тозып, торлары жыртылып, майыса бастаған. Доп ойнау кезінде зақымданған қоршау балалар үшін қауіпсіз емес.
Қала басшысы тұрғындар айтқан жайттарды назарға алып, оларды алдағы уақытта белгіленген тәртіппен қарастыратынын жеткізді.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






