Екібастұзға жұмыс сапарымен келген Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантай мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев «Восточный» кенішінің еңбек ұжымымен кездесті. Басқосуда Президент Жолдауында белгіленген міндеттер, өндіріс саласын дамыту, еңбек адамдарының жағдайы мен жастарды қолдау мәселелері талқыланды.
Кездесуде Жарқынбек Амантай көмір энергетикасының ел экономикасындағы маңызына тоқталып, қалдықсыз көмір генерациясын дамыту, электр энергиясын өндіру көлемін арттыру және геология саласын өркендету бағыттары туралы айтты.
Бүгінде «Восточный» кенішінде 2300-ге жуық адам еңбек етеді. Ұжым құрамында жастардың да үлесі артып келеді. Кәсіпорынның көлік-технологиялық колоннасының бастығы Александр Ларенц те өндірістің тұрақтылығы мен еңбек жағдайының маңызын атап өтті.
– Әлемдегі түрлі экономикалық қиындықтар мен тұрақсыздықтарға қарамастан, елімізде өндіріс қарқынды дамып келеді. Әсіресе еңбек адамдарына жағдай жасау, өндірісті жаңғырту және жас мамандарды қолдау бағыттары біз үшін өзекті, – деді Александр Ларенц.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






