Қыс мезгілінде қала көшелерін қардан уақытылы тазалап, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істейді. Биыл қысқы тазалық жұмыстарына коммуналдық кәсіпорындар мен мердігер ұйымдардың 120-дан астам арнайы техникасы жұмылдырылады. Қазір олардың барлығы қысқы маусымға әзірленуде.
Алғашқы аяз бен қарлы күндер қарсаңында қалада арнайы техниканың қысқы маусымға дайындығы тексерілді. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин коммуналдық кәсіпорындардың әзірлігін көріп, техникалардың жай-күйімен танысты. Сондай-ақ, көктайғаққа қарсы материалдардың қоры мен жол инфрақұрылымының дайындығына назар аударды.
«Диас-Дар» ЖШС директоры Берік Мәденов кәсіпорынның қысқа дайындығы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл автопарк екі жаңа жүк тиегішпен және екі арнайы техникамен толыққан. Сонымен қатар 500 тоннадан астам көктайғаққа қарсы материал әзірленген.
Қала аумағын абаттандыру және қысқы маусымға дайындық барысы жөнінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Мәди Зайкен де есеп берді. Оның мәліметінше, жолдарды жөндеу, алаңдарды орнату және инфрақұрылымды қысқа дайындау жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталған.
– Көктайғаққа қарсы қажетті материал қоры жасақталды. Қар қалың түскен немесе басқа да қолайсыз ауа райы жағдайлары туындаған кезде әрекет ету алгоритмдері әзерленді. Қаладағыдай, ауылдық аймақтарда да қысқа дайындық аяқталды. Қар тазалау жұмыстарына тартылатын ұйымдар мен кәсіпорындармен келісімшарттар жасалды, – деді қала әкімі Аян Бейсекин.
Жиын қорытындысында қала басшысы жауапты қызметтерге бірқатар тапсырма берді. Ол қыс мезгілінде туындауы ықтимал жайттар кезінде жедел әрекет етіп, жолдарды уақытылы тазалауды және коммуналдық техникалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігін басты назарда ұстау қажеттігін атап өтті.
Қысқы маусымның өту барысы мен коммуналдық қызметтердің жұмысы жергілікті атқарушы биліктің тұрақты бақылауында болады.
Ділназ Серікбай







