Алма гүлдегенде көктеуің керек еді,
Бүріңді жармай кетпеуің керек еді.
Жемісіңді беріп үлгере алмадың,
Өмірден бұлай өтпеуің керек еді…
Осыдан он жыл бұрын, 2016 жылы қараша айында, ақын Алмагүл Жүгінісованың өмірі жол үстінде үзілгенде, ақын Бағдат Дүйсенов қабырғасы қайысып «Үзілген өмір-ай!» жоқтау өлеңін жазып, қараша халықты жұбатқан-ды. 16 қазан күні «Өнер» мәдениет сарайының кіші залында «Атамұра» мәдениет орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Алма жырдың жұпары» еске алу кешінде сахна шымылдығы жоқтау жыр оқылған, көрермен көңіліне мұң ұялатқан әсерлі көрініспен ашылды.
Талантты ақын қыздың артында көзі тірісінде баспадан шыққан «Алма гүлдегенде», көзі жұмылған соң жарық көрген «Алма жырдың жұпары» өлең жинақтары қалды. Поэзия әлемінен өз орнын ойып алған Алмагүл Жүгінісова ел-жұртқа әуелгіде айтыскер ақын болып танылып, шәкірттер тәрбиелеп, ұстаз бола білді. Еске алу кешінде айтыскер ақындар: Рауан Қайдаров, Абзал Қабдраш, Алтай Қадырбек, Нұрбол Бәкір, Аспанбек Шұғатаев шумақ-шумақ жыр төгіп, Алмагүл марқұмның кісілік келбетін, Екібастұз өңірі руханиятына сіңірген еңбегін әдемі жеткізе білді.
Алмагүл ақынның туған жері Ақтөбе облысы болғанымен, өсіп-өнген жері – Екібастұз қаласы. Ақын Рауан Қайдар осы жайтты «Батыстың даласында туғанымен, Байрағыңды көтерген балаң еді», – деп айта келе, «Тәлім берер ұстазым ғана емес, жанын берер жанашыр адам еді», – деп, 9-сыныпта оқып жүргенінде айтыста томағасын сыпырғанын жырға тиек етіп, «Айтыстың есі болған, сесі болған, Күнәсі болса егер, кешір, Аллам!» – деп, толғауын аяқтап, ет жүректерді елжіретті.
«Атамұра» мәдениет орталығында қызмет істеп жүрген жылдары Алмагүл Бауыржанқызы талапты балалардың басын біріктіріп, жас ақындар клубының жетекшісі болды. Өлеңге құмар жеткіншектер арасынан қос шәкірті – Ерболат Әміренов пен Еламан Төлеутаев дараланып шығып, өздеріне тән жыр өрнегін таба білді. Еске алу кешінде Ерболат пен Еламан сахнаға көтеріліп, ұстаздары – Алмагүл ақынға арнаған сиясы әлі кеуіп үлгермеген өлеңдерін оқыды.
Жаратушы қарым-қабілетті үйіп-төгіп берген Алмагүл ақын өз өлеңдеріне ән шығарып, түрлі іс-шараларда орындап, көрермен қауымның ықыласына бөленгені белгілі. Бұл жолы Алмагүлдің әндерін өнердегі үзеңгілес серіктері орындап, ақын қыздың аяулы бейнесін көрерменнің көз алдына келтіріп, сыршыл сөздерімен тебірентті.
Пейілімен періште
Үміт артқан таңдарға.
Алладан соң анадан
Құдіретті жан бар ма?
Алақаның мамық, нұр –
Мейірімнің бесігі.
Табаныңның астында –
Пейіш дүние есігі, – деп әнші Сұңғат Көпежанов «Адамзаттың анасы» әнін әуелетсе, Айнұр Смағұлова «Егіз аққу, қос сезім», Жанболат Илеубаев «Арман елік», Жасұлан Рахимбаев «Неге, неге?», Гүлмира Алданова «Сен бар жерде», Қуат Құдайқұлов «Ғашығым», «Дарын» триосы «Ауылым – Қарасуым», Арман Рай мен Алтынгүл Бақытхан «Соңғы жапырақ» әндерін шырқады.
Ақынды еске алу кешінде өміршең жырларына да кезек берілді. Алмагүл Бұзаубаева мен Самал Сәрсенбекова Алмагүлдің «Мұңдасу», «Қос бақытым» өлеңдерін жатқа оқыды.
Еске алу кешінің соңында қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақберген Жұмабаев сөз сөйлеп, Алмагүл ақынның анасы – Райхан апаға сый-сияпат жасады. Шалғайдағы Ақтөбеден келген туыстары іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылық білдіріп, кеш шымылдығы «Мұрагер» халықтық вокалдық аспаптар ансамблінің орындауында «Атамұра» әнімен жабылды.
Ақын Алмагүл Жүгінісованың өлеңдері арасында ақын Ұлбикенің қасіретті тағдырын арқау еткен «Ұлбике» дастанының көркемдігі бөлек. Дастан:
Ғазиз басы арылмай қасіреттен,
Өтті қыздар жырларын жасын еткен.
Он сегіз мың ғаламды Жаратушы
Ақындықты аруға нәсіп еткен.
Жұдырықтай жібітіп жұмыр етті,
Талай сұлу жүрекке жырын екті.
Әр пенденің басына бұйырмаған
Құраннан соң қара өлең құдіретті.
Дүниеде салғанмен атың дүбір,
Әл фәниде солғанмен ақырғы гүл.
Ақ кебінмен адамзат ақыретке,
Аттанғанмен, ажалсыз Ақын ғұмыр! – деп түйінделген. Өзі ой түйсігімен болжағанындай, Алмагүлдің өмірі келте болғанымен, ақындық ғұмыры жалғаса бермек!
Ж. СӘДУАҚАС





