Таяу күндері Балаларды ерте дамыту институтының жұмыс жоспарына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері арасында өтетін дәстүрлі «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері» республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Бұл байқау еліміздің мектепке дейінгі ұйымдары әдіскерлерінің кәсіби шеберлігін арттыруға, үздік тәжірибелерін анықтауға, қолдауға және насихаттауға бағытталған маңызды кәсіби алаң екенін атап өткіміз келеді.
Байқауға Екібастұз қаласынан №23 мектепке дейінгі гимназияның әдіскері Үміт Даутқызы Абдинова қатысқан болатын.
Қалалық кезеңнен І орынды жеңіп алып, облыстық кезеңде бас жүлде иеленген Үміт Даутқызы бұл жолы да кәсіби және шығармашылық шеберлігін дәлелдей білді.
Байқау барысында әдіскерлер тәрбиешілермен, педагогтермен және ата-аналармен өзара іс-қимылды ұйымдастыру, білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу бағыттарында атқарған жұмыстарын таныстырып, тиімді әдістері мен озық тәжірибелерін бөлісті.
Байқау нәтижесінде Үміт Абдинова «Жаңашыл әдіскер» номинациясына ие болды.
– Үміт Даутқызының республикалық деңгейдегі бұл марапаты – кәсіби құзыреттілігінің, жаңашыл көзқарасының, шығармашылық ізденісінің және мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласын дамыту жолындағы жүйелі еңбегінің лайықты бағасы. Тынымсыз еңбектің, үздіксіз ізденістің және жаңашылдыққа деген ұмтылыстың нәтижесі! – дейді әріптесі, балабақша әдіскері Сандуғаш Сыздықбекова.
Атап өтерлік жайт, Үміт Абдинованың педагогика саласындағы еңбек өтілі – 20 жыл, соның 17 жылы – №23 мектепке дейінгі гимназияға тиесілі.
Ж.ӘБДІКӘРІМ






