«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыруымен Республика күніне орай Павлодар қаласында ауданаралық волейбол турнирі өтті.
Ата-аналар арасында ұйымдастырылған бұл жарыс отбасылық құндылықтарды нығайту, азаматтық қоғам белсенділерінің бастамаларын қолдау, қоғамның болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілігін күшейту, азаматтық сананы дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Турнирде аймағымыздағы қалалар мен аудандардан 12 команда бақ сынады.
– Бүгінде әркім өз жағдайын күйттеп кеткен жайы бар. Біз – бір елдің азаматтарымыз. Демек, қоғамның дамуы үшін бірлікті нығайтып, ортақ іске жұмыла білуіміз керек. Бұл орайда бүгін ұйымдастырылып отырған волейбол турнирі – адамдарды жақындастырып, азаматтық сананы қалыптастыруға ықпал ететін құралдардың бірі, – дейді шара туралы «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асанов.
Қатысушы командалар жеребе арқылы топтарға бөлініп, жарыс айналмалы жүйе тәртібімен өткізілді. Ұйымдастырушылар қатысушыларға қойылатын талаптардың қатаң сақталғанын атап өтті. Атап айтқанда, әйелдердің жасы 30-дан, ерлердікі 35-тен жоғары болуы, сондай-ақ, кәсіби спортта жетістіктерінің болмауы міндеттелді.
– Біз үшін жарыстың әділ өтуі – басты талап. Сондықтан қатысушылардың жас ерекшелігіне де, спорттық тәжірибесіне де мән берілді. Бұл турнир кәсіби спортшылардың емес, белсенді ата-аналардың басын қосуға бағытталған, – деді «Сенімен Болашақ» ҚБ Павлодар облыстық филиалының басшысы Перизат Құрманәліқызы.
Іріктеу кезеңінен кейін Баянауыл, Ақтоғай және Екібастұз командалары шешуші ойындарға жолдама алды. Қола жүлде Баянауыл ауданының командасына бұйырды. Ал турнирдің тағдырын шешкен финалдық кездесуде Ақтоғай мен Екібастұз құрамалары өзара мықтыны анықтады. Ақтоғай командасы күміс жүлдеге ие болып, Екібастұз құрамасы турнир жеңімпазы атанды.
– Бұл жеңіс оңай келген жоқ. Қарсыластарымыз жақсы ойын көрсетіп, бар күшін салды. Дегенмен біз де соңына дейін күресіп, командалық бірліктің арқасында жеңіске жеттік, – дейді жерлестеріміз.
Жарыс қорытындысы бойынша жекелей номинациялар да табысталды. Марат Дүйсенбек «Үздік үйлестіруші», Асан Кабжапаров «Үздік қорғаушы», Хұсман Көркентай «Үздік шабуылшы» атанса, Дарья Прутковская турнирдің үздік ойыншысы деп танылды.
Ж.ЖАПАРОВА






