Екібастұз тарихи-өлкетану музейінде Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, тың игеру науқанының алғашқы қатысушыларының бірі – Захар Иванович Ильинмен кездесу өтті.
– Захар Ивановичтің естеліктері – тірі тарихпен «жанасудың», өткен тарихты, өңіріміздегі ауыл шаруашылығына тиесілі қазынаның қандай еңбекпен жиылғанын куәгердің өз аузынан есту мүмкіндігі. Біздің музей үшін бұл кісімен өтетін кездесулер ерекше бағалы, – деп таныстырды жүргізуші 90 жасқа таяу күндері толған кейіпкерді.
Захар Ильин 1936 жылдың 6 қазанында Ресейдің Кемер облысы Старо-кузнецк ауданының Красулино селосында дүниеге келген. Әкесі Иван Павлович пен анасы Елена Ивановна фермада еңбек етті.
Мектеп табалдырығын 1944 жылы – соғыстың қызып тұрған кезінде аттаған бала Захар ересектермен бірге мал азығын дайындау жұмыстарында тер төкті. Қатарластарымен бірге шөп маялап, картоп түптеді. Бір сөзбен айтқанда, балалық шағы қара жұмыспен өтті.
1955 жылы кәсіптік училищеде өнеркәсіптік жабдықтар слесарі мамандығын алып, жолдамамен Сталин ТЭЦ-інде жұмыс істеді. Ол уақытта кәсіптік білім алған соң жолдама бойынша төрт жыл еңбектену міндеттелетін. Құрдастары әскери парыздарын әлдеқашан өтеген Захар Иванович өзі сұранып, 1956 жылы Қиыр Шығысқа аттанады.
1960 жылы моряктардың айбынды отряды қатарында комсомолдық жолдамамен Павлодар облысына тың көтеруге келді. Әскерден келген 11 азамат кең профильді механизаторлар даярлайтын Шарбақты училищесіне бағыт алды.
Ал 1961 жылы жас механизаторлар Баянауыл ауданында жаңадан ашылған «Бірлік» кеңшарына барады.
Захар Иванович үнемі ізденіс жолында болды. 1963 жылы Павлодар зооветтехникумына сырттай түсіп, Красноармейка техникумынан агроном дипломын алып шықты. Ал 1970-1978 жылдары Целиноград ауыл шаруашылығы институтында сырттай білім алып, үздік тәмамдады. Мұнымен де тоқтамай, 1983 жылы Павлодар марксизм-ленинизм университетін үздік бітірді.
Захар Ильин агроном болып еңбек етті, «Бірлік» кеңшарының бөлімшесінде меңгеруші болды, «Комсомол» кеңшарында партия комитетінің хатшысы, «Степной» кеңшарында директор және ауылдық кеңес төрағасы болып жұмыс істеді.
1997 жылы зейнеткерлікке шыққан еңбеккердің еңбек өтілі 46 жылды құрады.
Захар Иванович алғашқы төсбелгісі – «Тың жерлерді игергені үшін» белгісін 26 жасында тақты, бұл – оның жүгерітанушы тракторшы болып тер төгіп жүрген шағы. Жүгеріден жақсы өнім алғаны үшін төсбелгіге қоса алтын сағат, Целиноград қаласында өткен алғашқы тың көтерушілердің 3-ші слетіне жолдама алды.
Кеш кейіпкері кездесуде оқушылардың: «Алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме?», «Тәлімгерлеріңіздің қайсысы еңбек жолыңызға ерекше ықпал етті?», «Жұмыста қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?» деген мазмұндағы сұрақтарын қойды. Бұдан соң қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов, ауыл шаруашылық саласының ардагері Сайлаубай Оразбаев жылы лебіздерін білдірді.
Мерейтойлық кешке Захар Ивановичтің замандастары – қалалық ардагерлер кеңесінің жанындағы «Замандастар – құрдастар» ансамблі дайындықпен келіпті. Қарт өнерпаздар хоры орындаған «Туған жер, өзің дегенде», «С песней по жизни», «Ауылың сенің іргелі» әндері, Дүйсенбай Жұматов әуелеткен «Ақбақай» әні, Амангелді Балабеков шырқаған «Тамаша» әні кеш иесіне де, қонақтарға да ерекше көңіл күй сыйлап, жастық шаққа жетеледі.
Кеште, сонымен қатар, Захар Ильиннің кітаптарына шолу жасалып, поэзиялық жинақтарынан өлеңдер оқылды. Автордың тың туралы, ауыл және ауылдастары, табиғат туралы өрген жырлары оқырманына терең ой салып, ізгілікке жетеледі.
– Қымбатты Захар Иванович! Бүгінгі кездесу бәрімізге жүрек қалауына өмірін арнаған адам еңбегінің қадірін ұқтырды. Сіздің өмір жолыңыз маңдай тердің құндылығы, ұрпақтар сабақтастығы мен туған өлкесін дамытуға үлес қосқан адамдарға құрмет тақырыбына үңілуге себепші болды, – деді кешті ұйымдастырушылар.
Ж.ӘБДІКӘРІМ







