3 қараша күні қала әкімдігінде аппараттық кеңес өткізіліп, ең алдымен «Білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары туралы» мәселе қаралып, білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сұлушаш Ибраева баяндама жасады.
– Білім беру ортасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты басымдық болып табылады. Бұл жұмыс Екібастұз қаласы білім бөлімінің қалалық полиция басқармасы және прокуратурамен тығыз ведомствоаралық өзара іс-қимылы арқылы, «Адал азамат» республикалық жобасы және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда, – деген баяндамашы Екібастұз қаласының білім беру ұйымдарында 27 774 кәмелетке толмаған жасөспірім білім алуда екенін айтып өтті.
Өңірде балаларға қатысты кез келген құқық бұзушылық, буллинг немесе қатыгездік фактілері туралы атқарушы органдарға, прокуратураға және полицияға шұғыл хабарлау алгоритмі қатаң регламенттелген. Фактілерді жасыру немесе хабарламау жағдайларына жол берілмейді.
Есепті кезеңде тәуекел тобындағы балалардың саны 7 540 адамды құрап отыр. Тәуекел тобындағы білім алушылардың қатарында 118 колледж студенті және девиантты мінез-құлқы бар кәмелетке толмаған 105 жасөспірім бар. Алдын алу жұмыстарын жүргізу мақсатында отбасылардың санаттары бойынша тоқсан сайын жаңартылып отыратын деректер базасы қалыптастырылған.
Ерекше бақылауда 249 қамқорлықтағы бала бар. Жіліктеп айтқанда, 75 жетім бала және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 174 бала, сондай-ақ, патронаттық тәрбиедегі 13 бала. Әлеуметтік осал санаттарға көпбалалы отбасылардан шыққан
3 812 бала, толық емес отбасылардан шыққан 3 746 бала, өгей әкесімен бірге тұратын 1 122 бала, өгей анасымен бірге тұратын 119 бала және туыстарымен тұратын 137 бала жатады. Сонымен қатар, 49 баланың ата-анасы елден тыс жерде еңбек етеді.
Әлеуметтік жағынан қорғалмаған 1 312 отбасы анықталған, оның ішінде 368 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Сонымен қатар, мүгедектігі немесе ерекше білім беру қажеттіліктері бар 752 бала бақылауда, оның ішінде 136 бала оқуға қабілетсіз деп танылған, ал 86 бала үйде білім алады. Деректер базасында психикалық аурулары бар адамдармен бірге тұратын 370 отбасы да тіркелген.
2026 жылдың өткен кезеңінде кәмелетке толмағандар 7 қылмыс жасаған екен, бұл өткен жылғы көрсеткішпен бірдей. Оның ішінде 3 қылмыс мектеп оқушыларына, 4 қылмыс колледж студенттеріне тиесілі.
Кәмелетке толмағандарға қатысты 26 құқық бұзушылық тіркеліпті.
Аутоагрессивті мінез-құлықтың алдын алу мәселесі ерекше бақылауға алынған. Қазіргі уақытта суицидтік тәуекел тобында 37 кәмелетке толмаған жасөспірім бар, оның ішінде 10 бала ерекше тәуекел санатына жатқызылған, ал 27 балада психологиялық қолайсыздықтың айқын белгілері байқалады. Есепті кезеңде өңірде 4 суицид фактісі тіркелген, ал 2025 жылы мұндай фактілер тіркелмепті.
Девиантты мінез-құлықты 105 оқушы мектепішілік есепте, 15 жасөспірім ювеналды полицияның есебінде тұр. Әрбір оқушыға тәлімгерлер бекітіліп, оңалту карталары әзірленген. Әрбір білім беру ұйымында профилактика кеңесі және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі жұмыс істейді.
Мектеп оқушыларының жұмыспен қамтылуы және тәуекел тобындағы балаларды қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды, оқушылардың 89 пайызы тегін қосымша біліммен қамтылған. «ДосболLIKE» бағдарламасы 10 мыңнан астам оқушыны қамтып, буллинг жасаушылар санын 1,5 пайызға төмендетіпті.
«Заң және тәртіп» жобасы аясында білім беру ұйымдарында 20 мыңнан астам оқушыны қамтыған 45 негізгі құқықтық іс-шара өткізіліпті. «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы 12 мыңнан астам оқушыны қамтып, «Закладчики» фильмін 3 739 жоғары сынып оқушысы көріпті.
700-ден астам жасөспірім мен 395 ата-ана психологтердің көмегіне жүгініп, 1 085 тренинг өткізілгені де атап өтілді.
Баяндамашы Сұлушаш Ибраеваның айтуынша, осындай жүйелі жұмыстарға қарамастан, Екібастұз қаласының білім беру ұйымдарының алдында ведомстволар мен құқық қорғау органдары тарапынан бақылауды талап ететін бірқатар өзекті мәселе тұр. Жасөспірімдердің интернетке тәуелді деструктивті қауымдастықтарға, онлайн-казино мен қаржылық пирамидаларға тартылу тәуекелдері байқалады. Ерекше назар аударатын мәселе – ата-аналары материалдық қамтамасыз етуге басымдық беріп, балаларымен рухани және эмоционалдық байланысты әлсіретіп алғандықтан, сырт көзге қолайлы отбасылардан шыққан жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтар саны өсіп отыр екен. Деструктивті мінез-құлықты ерте диагностикалау және кәмелетке толмағандар арасындағы аутоагрессивті көріністер мен суицидтік тәуекелдердің алдын алу үшін ведомствоаралық үйлестіру жұмысы маңызды болып қала бермек.
Аталған мәселелерді шешу мақсатында 2026 жылғы қыркүйектен бастап білім бөлімі «Қайнар» ББК-мен бірлесіп «Құқық бұзушылықсыз қала» қалалық кешенді жобасын іске қосыпты. Оның мақсаты – формалды шаралардан жүйелі профилактика моделіне көшу, жұмыстың сапасы мен сүйемелдеудің мақсаттылығын арттыру, сондай-ақ, ведомствоаралық өзара іс-қимылдағы олқылықтарды жою. Жобаның сайты, педагогтердің электрондық есептілік жүйесі, оқушыларға арналған Qoldau қосымшасы және суицидтік үрдістерді ерте анықтауға арналған «Өмір сканері» цифрлық платформасы бар.
2026–2027 оқу жылында «Құқық бұзушылықсыз қала» жобасы аясында «Сен жалғыз емессің», «Қауіпсіз орта», «Тірек нүктесі», «Қатарлас қолдауы»,«Тәуекелсіз демалыс», «Баланың өз пікірі» қосымша жобалары іске қосылыпты. Солардың арасынан баяндамашы «Сен жалғыз емессің» кабинетінің жұмысын ерекше атап өтті. Сенім кабинеті ашылған сәттен бастап 32 өтініш келіп түсіп, 4 балаға мектеп педагог-психологтері тарапынан тұрақты сүйемелдеу ұйымдастырылып, бір бала психиатрдың консультациясына жіберіліпті. Сонымен бірге, 21 өтініш бойынша қажетті көмек көрсетіліп, балалар мектептердің одан әрі бақылауына беріліп, 11 өтініш бойынша онлайн көмек көрсетілген. Мамандар балалардың жағдайын нақтылап, олардың көңіл күйі мен психологиялық жай-күйін бақылауға алыпты.
Жоғарыда сөз болған жобаларды жүзеге асыру деструктивті және аутоагрессивті мінез-құлықтың алдын алудың мақсатты моделіне толық көшуді қамтамасыз етпекші.
Баяндама аяқталған соң қала әкімі Аян Бейсекин қолға алынған жобалардың жақсы нәтиеже беруі үшін сапалық жағына айрықша көңіл бөлу қажеттігін айтты. Бұл орайда, мамандар жауапкершілігі күшейтілуі тиіс.
ЖАССЕРІК СӘДУАҚАС





