Мүмкіндігі шектеулі адамның өміріне өзгеріс енгізу үшін кейде бір ауыз жылы сөз бен шынайы қолдау жеткілікті. Сол қолдау адамға өз күшіне сеніп, спортпен айналысуына жол ашса, оның нәтижесін медальмен ғана бағалау мүмкін емес. Сара Прокофьева үшін спорттың мәні осында. Талай кедергіден өтіп, биік белестерді бағындырған ол бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тартып, белсенді өмір сүруіне көмектесіп келеді. Бірі чемпион атанып, енді бірі белсенді өмірге жай ғана қадам басса – Сара Шариповнаның еңбегі еш кетпегені.
Сара Прокофьевамен алғаш рет жұмыспен қамту бөлімінде кездескенде-ақ оның өзгелердің тағдырына бей-жай қарамайтын белсенді жан екенін байқадым. Көру қабілеті бойынша III топтағы мүгедектігі бар ол мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті қиындықтарын жақсы түсінеді.
Сара Шариповна Павлодар облысындағы «Краснокут» кеңшарында – қазіргі Шолақсор ауылында дүниеге келген. Бала күнінен еңбекке араласып, ерте есейді. Өзінің айтуынша, өмір бойы еңбектеніп, кейде екі-үш жұмысты қатар атқарған. Бүгінде жолдасы екеуі үш баласы мен алты немересін қызықтап отыр.
Спортқа деген сүйіспеншілігі мектеп қабырғасында басталды. Қыста шаңғы теуіп, туған жеріндегі Сілеті өзенінде жүзумен шыңдалды. Велосипед тебу, жүгіру, тау шаңғысы. Уақыт өте келе спорт оның өмір салтына айналды. Шаңғы жарысынан спорт шебері атанып, Қазақстан кубогында күміс жүлдегер болды. Қазақстан чемпионатында бір алтын және үш күміс медаль иеленді. Жүзуден де спорт шеберіне үміткер атанды. 2011 жылы Қазақстан құрамасына енді.
Сараның спорттағы жолы жеке жетістіктерімен шектелмейді. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың, әсіресе, жастардың өз қабілетін танытып, жарыстарға қатысуына жағдай жасайды.
«2001 жылдан бастап Павлодарда мүмкіндігі шектеулі жандарды жарыстарға шақыра бастады. Бірақ Екібастұздан бізді қатыстыра бермейтін. Бір күні облыстық спорт басқармасына барып: «Неге біз жарысқа қатыспаймыз? Біз де бірінші орын алып жүрміз ғой», – деп сұрадым. Содан кейін жарыстарға бара бастадық», – дейді Сара Шариповна.
Ол спортқа бейімі бар адамдарды байқаса, жаттығуға тартуға тырысады. Өзіне сенімсіз жастарды жігерлендіріп, алғашқы қадам жасауына көмектеседі. Олардың үйде отырып қалмағанын қалайды. Мүмкіндігі шектеулі жандармен 17 жыл бойы жұмыс істеген ол мұндай қолдаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Сондықтан кейде жаттықтырушы ғана емес, психолог әрі сырлас болуға тура келеді.
Сара Прокофьева Серік Текебаев басқаратын ұйыммен бірлесіп зағип және көру қабілеті төмен адамдарға арналған құралдарды жөндеу қызметін көрсетеді. Ұялы телефон, сағат және тифлотехникалық құралдары бұзылған зағиптар оның көмегіне жүгінеді.
Ол «Богатырь Көмір» ЖШС-де жылу пунктінің операторы болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Дегенмен зейнет жасы оны белсенділігін бәсеңдеткен жоқ.
С.Прокофьева шәкірттерінің жетістігіне балаша қуанады. Солардың бірі – пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Михаил Ткач. Оның спортқа келіп, үлкен нәтижелерге жетуіне өзі ықпал еткен.
«Оны спортқа өзім жетектеп алып келдім. Қазір халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бірде Алматыда сұхбат бергенде мен туралы айтыпты. Осындай сәттерде еңбегіңнің зая кетпегенін түсінесің», – дейді ол.
Сараның қолдауымен спортқа келгендердің қатарында пауэрлифтингпен айналысатын Галина Туатанова да бар. Ал жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатында екі алтын және бір қола медаль жеңіп алған Фания Алшынбаева спорт шеберіне үміткер атанды.
Қазір ол 18 жастағы Рунара Абдуловаға ерекше үміт артады. Бірінші топтағы мүгедектігі бар жас қыз шаңғы спортымен айналысады. Сараның баптауымен алғашқы жүлделі орындарын алып үлгерген.
«Рунараны өзімнің орнымды басатын спортшы ретінде тәрбиелеп жүрмін. Оның спортты тастамай, алға ұмтылғаны қуантады», – дейді Сара.
Тағы бір шәкірті – 18 жастағы Ильяс Абдуллаев. Есту қабілеті бұзылған спортшының болашағынан үміт күтеді. Сара жастарды спортқа көбірек тартып, жаңа дарындарды іздеуді жалғастырып келеді.
Алайда жас спортшылардың жолында кедергілер аз емес. Әсіресе шаңғы спорты қомақты қаражатты қажет етеді. Арнайы шаңғы, киім-кешек, аяқ киім мен өзге де жабдықтарды әр отбасының сатып алуға мүмкіндігі жете бермейді.
«Балаларға демеушілер жетіспейді. Шаңғы спорты өте қымбат. Сондықтан оларға қолдау жасалып, жеке құрал-жабдықтарын сатып алуға көмек көрсетілсе екен деймін», – дейді жанашыр жаттықтырушы.
Екібастұзда шаңғы тебуге қолайлы таулардың болмауы да жаттығуды қиындатады. Спортшылар дайындық үшін Павлодарға баратын жол шығынын өздері көтереді. Дегенмен қаланың спорт бөлімі қолдау көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға аптасына төрт рет бассейнге тегін баруға және жаттығу залдарын пайдалануға жағдай жасап отыр. Мұндай қолдауға дән риза.
Сара Шариповнаның айтуынша, шаңғы жарысына дайындық қар түскенде ғана басталмайды. Спортшы жыл бойы өзін шымыр қалыпта сақтап, велосипед теуіп, жүгіріп, жеңіл атлетикамен айналысуы керек. Спорт – үлкен еңбек. Нәтиже бір күнде келмейді.
Қанша қиындық болса да, Сара Шариповна спорттың рахатын сезінуден жалыққан емес. Оның сүйікті спорты – шаңғы жарысы. Таудан шаңғымен сырғанау оған керемет әсер сыйлайды. Отбасымен бірге жыл сайын Алтай Альпілеріне барып, кейде Мурманск облысындағы Киров қаласында да тау шаңғысын тебеді.
«Таудан төмен қарай құлдилап түскендегі сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Ерекше драйв, адреналин! Спортсыз өмірімді елестете алмаймын», – дейді ол.
Спортқа деген осындай құштарлығын шәкірттеріне де дарытқысы келеді. Өзі бұл жолда талай кедергіге кездескен. Бірақ мойымай, өз мүмкіндігін дәлелдеп, өзгелерге де жол ашуға тырысқан.
Спортшының бір арманы бар. Ол – садақ атып көру.
«Шынымды айтсам, садақ атып үйренгім келеді. Бірақ көру қабілеті нашар адамдар үшін бұл – орындалмас арман», – дейді ол.
Сараның осы бір орындалмаған арманы өзге ісіне еш кедергі емес. Өзіне бұйырмаған мүмкіндіктерді шәкірттерінің еншісіне бергісі келеді. Олардың жарыстарға қатысып, жеңіске жетуіне, спорт арқылы қабілетін танытуына бар күшін салуда.
Еңбегі еленбей қалған жоқ. Сара Прокофьева әкімдік пен мәслихаттың алғыс хаттары мен марапаттарына ие болған. Дегенмен өзі үшін ең үлкен қуаныш – шәкірттерінің жеңісі. Алдағы уақытта ол Рунара бастаған жас спортшыларды Қазақстан кубогына дайындап, Универсиадаға қатыстыруды көздейді.
«Мені шын бақытты ететін нәрсе – жастардың спортқа келуі, – дейді аналық көңілмен. –Жастардың жолы ашылып, жақсы нәтижелерге жетсе деймін».
ГҮЛСАНА МЕДЕУБАЙТЕГІ






