Экономиканы алға бастырудың бір тетігі – өңірге инвестициялар тарту. Аппараттық кеңесте қала әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Медет Шоқан тартылған инвестициялар жайында және негізгі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады.
2026 жылдың 9 айында Екібастұз өңірінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 312,8 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 129,9% деңгейінде қалыптасыпты. Осылайша, инвестициялық белсенділіктің тұрақты оң динамикасы сақталып отыр. Енді ағымдағы жылы іске асырылған жобаларды атайтын болсақ, олар:
«Fonet Er-Tai Mining» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің гидрометаллургиялық зауыты;
«RailCast Systems» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұсталық-бандаж кешені;
«АЗА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асфальтбетон зауыты.
Жалпы инвестициялардың болжамды көлемі 424 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл әу баста жоспарланған көрсеткіштен біршама көп. Қараша және желтоқсан айларында тағы 71 млрд. теңге инвестиция тарту күтілуде. Бұл жылдық жоспарды 495 млрд теңге көлемінде толық орындауға мүмкіндік бермек.
Баяндамашы инвестициялық портфельді тілге тиек еткенінде, облыстың жалпы инвестициялық портфелінің жартысынан астамы (58,2%) Екібастұз қаласына тиесілі екенін атап өтті.
Айтпақшы, қазіргі уақытта жалпы құны 7,1 трлн теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба сүйемелденуде екен.
Инвестициялық портфельдің негізгі бөлігі мынадай салаларға тиесілі:
энергетика – 5 трлн теңге сомаға 4 жоба;
металлургия – 1,9 трлн теңгеге 9 жоба;
машина жасау – 111 млрд теңге сомаға 6 жоба.
Сонымен қатар, облыстық инвестициялық штабтың қарауында қосымша 6 жоба бар. Соның ішінде мынадай жобалар:
алтын-мыс кендерін флотациялау цехы және алтын-барит кендерін қайта өңдеу («СП «Тау голд коппер» ЖШС); мыс балқыту («Astana Danengye mining Co LTD» ЖШС);логистикалық хаб пен қонақүй салу («CKC Company» ЖШС);өнеркәсіптік база құру («Project introduction» ЖШС).
Биылғы жылы инвестициялық пулға енгізілген жобалардың ішінен жалпы құны 256,7 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылып, пайдалануға берілген. Сонымен бірге, ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында «Greenhouse-Qaztomat» жылыжай кешенін кеңейту, «Мотор Сити» автокөлік орталығын салу жобалары жүзеге асырылады. Ал 2027 жылы тағы 5 инвестициялық жоба бойынша жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Олар:
– деректерді өңдеу орталықтары алқабын салу;
– ферроқорытпа зауытын салу;
– темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт салу;
– «Royal Petrol» және «Helios» брендтерінің жанармай құю станцияларын салу.
Баяндамашы өз сөзінде бөлімнің негізгі міндеттерінің бірі – инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын талап ететін мәселелерді жедел шешу екенін айтты. Осы орайда, жыл басынан бері инвесторлар көтерген 16 мәселе шешіліп, 3 мәселе бойынша жұмыс жалғасуда екен.
Іске асырылып жатқан жобалардан барынша экономикалық тиімділік алу мақсатында инвесторлар мен мердігер ұйымдарды жергілікті салық органдарында есепке қоюда жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осылайша, ағымдағы жылдың басынан бері 5 компания Екібастұз қаласында қайта тіркеуден өткізіліп, олардан түскен салық аударымдарының жалпы сомасы 4 млрд теңгеден асыпты.
Медет Шоқан баяндамасында 2026 жылдың соңына дейінгі негізгі міндеттер деп негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жылдық жоспардың орындалуын қамтамасыз етуді, жоспарланған инвестициялық жобаларды аяқтап, пайдалануға беруді, инвесторлардың мәселелерін жедел шешуді, жаңа перспективалы жобаларды тарту есебінен инвестициялық портфельді одан әрі кеңейтуді атап өтті.
Қаралған мәселені талқылау кезінде қала әкімі Аян Бейсекин Екібастұздың ірі инвестициялар мекеніне айналғанын айтып, алдағы уақытта инвестициялақ портфельдің тіптен өсетінін тілге тиек етті. Инвесторларды қолдау міндетіне тоқталып, кәсіпкерлік бөлімі басшысына қараша-желтоқсан айлары ішінде олармен кездесу ұйымдастыруды жүктеді.
Ж.ЖӘЛЕЛҰЛЫ





