Қала әкімі Аян Бейсекиннің ауыл тұрғындарымен кездесулері жалғасуда. Кезекті кездесу Құдайкөл ауылында өтіп, онда елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі, инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, жол, жарықтандыру және тұрғындарды толғандырған өзге де мәселелер талқыланды.
300-ге жуық халқы бар Құдайкөл ауылындағы орта мектепте 60-тан астам оқушы білім алуда. Мектеп жанында 20 орынға арналған шағын орталық жұмыс істейді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары елді мекеннің алдағы жылы 65 жылдық мерейтойы өтетінін айтып, осыған орай ауылды абаттандыруға көңіл бөлінсе деген тілектерін жеткізді. Әсіресе жолдарды асфальттау, көшелерді жарықтандыру және балалар ойын алаңын салу мәселелері көтерілді. Сонымен қатар ол ауылда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жаңа ветеринарлық кешеннің салынып жатқанын және жаздағы табиғи апаттан кейін тұрғын үйлерді қалпына келтіруге қолдау көрсетілгенін айтып, ауыл әкімі Бауыржан Жанайдаровқа алғысын білдірді.
Қала әкімі Аян Бейсекин ауылды жарықтандыру жұмыстары жалғасатынын айтты. Ал жолдарды асфальттау 2027-2028 жылдарға жоспарланып отыр. Балалар ойын алаңын салу жұмысын да келесі жылы қарастыру көзделген.
Кездесуде жазда болған табиғи апат зардабын шеккен тұрғындар да сөз алды. Шілде айындағы қатты жел салдарынан ауылда бірқатар тұрғын үй бүлінген болатын. Кейін зақым келген нысандар тексеріліп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Табиғи апаттан зардап шеккен, құжаттары талапқа сай тұрғын үйлердің иелеріне 100 АЕК көлемінде материалдық көмек көрсетілді.
Тағы бір тұрғын: «Дауылдан зардап шеккен үйлерге қосымша көмек көрсетіле ме?» – деген сауал қойды. Қала әкімінің айтуынша, қажетті құжаттары дұрыс болған тұрғындарға тиісті қаражат төленген. Ал құжаттарын кейін ретке келтірген кейбір тұрғындарға қаражат қараша айының ортасына дейін түсуі тиіс.
Ауыл тұрғыны Назгүл балаларды мектепке тасымалдау мәселесін көтерді. Оның отбасы биыл қазан айында Құдайкөл ауылына көшіп келген. Қазір ол ауылдан шамамен 16 шақырым жерде орналасқан «Ақбұлақ» шаруа қожалығында еңбек етеді. Осыған байланысты фермада тұратын балаларды ауыл мектебіне жеткізетін арнайы көлік қарастыру мүмкіндігін сұрады.
Білім бөлімінің өкілдері аталған отбасы ауылға қазан айында ғана келгендіктен балаларды тасымалдау биылғы жоспарға енгізілмегенін түсіндірді. Мұны жаңа жылдың жоспарына қосу көзделіп отыр. Оған дейін балаларды мектепке жеткізуді шаруа қожалығының иесі өз мойнына алыпты.
Жиында ауылдың санитарлық тазалығы да назардан тыс қалмады. Қала әкімі «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырды. Ауыл әкімі мен учаскелік полиция инспекторын қатыстыра отырып елді мекеннің тазалығына бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Бұл бағытта тұрғындарға түсіндіру және ескерту жұмыстары жүргізілмек.
Қазіргі уақытта Құдайкөлде ауылдық клуб мәселесін шешудің жолдары қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта мектеп ғимаратының бір бөлігін жөндеп, клуб ретінде пайдалануға бейімдеу жоспарлануда.
Кездесу барысында Аян Уахитұлы ауылдың болашағына қатысты жоспарларды айтты. Алдағы жылдары Құдайкөлде жаңа тұрғын үйлер салу көзделіп отыр. Бұл ауылға жаңа тұрғындардың қоныстануына және елді мекеннің дамуына мүмкіндік бермек.
Келер жыл Құдайкөл үшін ерекше жыл болғалы тұр. Ауыл өзінің 65 жылдық мерейтойын қарсы алады. Осыған байланысты елді мекенді көркейту, абаттандыру және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылмақ. Кездесуде көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады. Мерейтой қарсаңында да Құдайкөлде талай игілікті іс жүзеге асары сөзсіз.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ





