Екібастұз қаласындағы №24 және №35 гимназия-мектептерінің ұйымдастыруымен «Тәжірибе. Инновация. Ынтымақтастық» қалалық жобасы аясында әдістемелік күн өтті. Білім бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға қала мен ауыл мектептерінің педагогтері қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Қонақтарды Естай атындағы балалар музыка мектебінің жас мамандарынан құралған ансамбль әуезді әуенімен қарсы алды. Одан кейін екі білім ошағының басшылары – №24 гимназия-мектебінің директоры Жазира Сыздықова мен №35 гимназия-мектебінің директоры Нұргүл Жаналиева бірлескен жұмыстың маңызын атап өтіп, педагогтер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған серіктестікке қадам басты.
Қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Динара Құматованың айтуынша, жобаның басты мақсаты – білім сапасын арттыруға бағытталған тиімді педагогикалық тәжірибелерді бөлісу, әдістемелік құралдарды ортаға салу және ұстаздардың кәсіби құзіреттілігін жетілдіру.
– Бұл басқосу мектептер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, озық педагогикалық тәжірибені таратуға мүмкіндік береді. Әріптестер бір-бірінен үйреніп, білім беру үдерісіне тиімді әдіс-тәсілдерді енгізу жолдарын талқылайды, – деді ол.
Әдістемелік күнге қаладағы 40 мектептің өкілдері қатысты. Педагогтер мектеп басшылары, оқу ісі жөніндегі орынбасарлар, бастауыш сынып мұғалімдері мен жас мамандарды қамтитын алты бағыт бойынша жұмыс істеді. Ұйымдастырушылар – қос білім ошағының «Next Qadam» командасы қатысушыларға кәсіби дамудың түрлі қырын қамтитын бағдарлама ұсынды.
Атап айтқанда, «Сапалы білім» бағыты оқушылардың білім көрсеткіштерін арттыру жолдарын қарастырса, «Дарынды балалар» бағыты олардың қабілетін анықтау мен дамытуға арналды. «Цифрлық педагог және жасанды интеллект» алаңында заманауи технологияларды сабақта қолдану талқыланды. Ал «Оқитын мектеп», «Жас педагог: болашаққа серпін» және «Кәсіби шеберлік» бағыттары оқу мәдениетін қалыптастыру, жас мамандарды қолдау және педагогердің кәсіби біліктілігін жетілдіруді қамтыды.
Әр бағыт бойынша қатысушылар ұйымдастырушы мектептердің тәжірибелі ұстаздарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылап, күнделікті сабақ барысында қолдануға болатын әдіс-тәсілдермен танысты.
Шараның тағы бір ерекшелігі – білім алушылар да өз қабілеттерін көрсетті. Мәселен, № 35 мектептің робототехника үйірмесіне қатысатын оқушылары өздері құрастырып, іске қосқан роботтарын таныстырды. Айта кетейік, білім ордасында робототехника негіздері бастауыш сыныптан бастап үйретіледі.
Білім бөлімі мамандарының мәліметінше, мұндай әдістемелік басқосу қала көлемінде екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жоба оқу жылының соңына дейін жалғасып, ай сайын өткізілмек.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ







