Қала әкімінің тұрғындармен есеп беру кездесуі Сарықамыс ауылдық округіне қарасты Қуандық ауылында жалғасты. Бүгінде мұнда 100-ге жуық адам тұрады. Кездесу барысында ауыл тұрғындары балалар ойын алаңын жаңарту және көше жарығын орнату мәселелерін көтерді.
Алғашқы болып сөз алған ауыл тұрғыны Талғат Сайым балалардың ойын алаңының әбден тозғанын айтып, оны жаңартып, заманауи талаптарға сай жабдықтауды сұрады.
– Біздің ауылдағы балалардың ойын алаңының орнатылғанына 14 жыл болды. Қазір ескіріп, тозған. Оны кеңейтіп, балаларға арналған заманауи ойын құрылғыларын орнатып берсеңіздер, – деді ол.
Қала әкімі бұл өтінішті алдағы екі жыл ішінде қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны елді мекеннен 300 метр қашықтықта орналасқан мал сою алаңына электр қуатын тартуға көмек сұрады. Оның айтуынша, нысанның ауылдан шалғай орналасуы электрмен жабдықтау мәселесін қиындатып отыр.
Аян Бейсекин жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бастаманы қолдайтынын айтып, электр қуатын тарту жайы қарастырылатынын жеткізді.
Кездесу барысында ауылдың инфрақұрылымына қатысты басқа да жайттар қозғалды. Ауыл ақсақалы Мұрат Баттал өңірде жүзеге асып жатқан оң өзгерістерді атап өтіп, қала басшысына алғысын білдірді. Дегенмен ауыл ішіндегі жолдар мен көше жарығына қатысты түйткілдер әлі де шешімін күтеді.
– Ауыл ішіндегі көшелерімізге асфальт төселмеген. Басқа ауылдарға барғанда, олардың кіреберіс жолдары жарықтандырылғанын көріп, бізде де осындай жағдай болса дейміз. Кешкі уақытта көше шамдары жанып тұрса, ауылымыздың да ажары кірер еді. Біздің ауылдың кіреберісіне жарық орнатуға мүмкіндік бар ма?– деп сұрады ақсақал.
Қала әкімі бұл жұмыстардың кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Оның сөзінше, келесі жылы Төртүй мен Тай ауылдарына кірме жолдарды жөндеу жұмыстарына басымдық беріледі. Одан кейін өзге елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеу де біртіндеп қолға алынбақ.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






