Жасанды интеллектіні меңгеріп, оның мүмкіндіктерін шығармашылықта тиімді пайдалану бүгінгі жастарға тың ізденістерге жол ашып отыр. Соның бір дәлелі – Екібастұз политехникалық колледжінің студенті Кирилл Кузьменконың жетістігі. Ол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған есірткімен күрес бағытындағы республикалық байқауда «Үздік бейнеролик» аталымы бойынша ІІІ орын иеленді. Жас автор заманауи технологияның көмегімен қоғамдағы өзекті мәселеге назар аударып, көрермен қауымға тың идея ұсынды.
Кирилдің жетістігі «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен профилактикалық кездесуде аталып өтті. Қалалық полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов жас студентті жүлделі орынмен құттықтап, оның бастамасының маңыздылығына тоқталды. Жеңімпазға Ішкі істер министрлігі атынан алғыс хат, смарт-сағат және жасанды интеллект көмегімен бейнеролик әзірлеу бойынша шеберлік сабағына қатысуға арналған сертификат табысталды.
Байқауға ұсынылған екі бейнероликте де есірткіге тәуелділіктің адам өміріне әкелетін ауыр зардаптары баяндалған. Алғашқы туындыда бір сәттік қызығушылық пен ойланбай жасалған қадамның тағдырға қалай әсер ететіні көрсетілсе, екіншісінде есірткінің зардабы тек тәуелді адамның өзіне ғана емес, оның ата-анасы мен жақындарына да тиетіні бейнеленген. Кирилдің айтуынша, екі жұмыстың да идеясын өзі ойластырып, сценарийін әзірлеген. Жасанды интеллектіні бейнероликтерді жасау барысында шығармашылық ойын жүзеге асыруға пайдаланған.
Студенттің бұл жетістігі қала басшылығы тарапынан да қолдау тапты. Кездесу барысында қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева Кирилдің ата-анасына алғыс білдіріп, ұлдарының қоғамдық маңызы бар мәселелерге бей-жай қарамай, өз қабілетін игі іске бағыттап жүргенін атап өтті. Отбасына қала әкімі Аян Бейсекиннің атынан алғыс хат табысталды.
– Осындай жетістіктің артында адамның жеке ізденісімен қатар, отбасының қолдауы да тұрады. Кирилл – ізденімпаз, бастамашыл жас. Ол өз ісімен жастардың қоғам өміріне белсенді араласып, заманауи технологияларды игілікке жарата алатынын көрсетіп отыр, – деді Бибігүл Иманғалиева.
Кирилдің ата-анасы Денис пен Елена Кузьменко ұлдарының техника мен компьютерге қызығушылығы бала кезінен басталғанын айтады. Уақыт өте келе бұл әуестік жаңа бағдарламаларды меңгеруге, ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін өз бетінше зерттеуге ұласқан. Қазір Кирилл бос уақытында да осы бағытта ізденіп, білімін жетілдіріп жүр.
Бүгінде ол Екібастұз политехникалық колледжінде тау-кен жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету мамандығы бойынша білім алуда. Техникалық бағытты таңдағанымен, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласына да қызығушылығы жоғары. Алдағы уақытта оқуын жалғастырып, IT бағыты бойынша білімін тереңдетуді жоспарлап отыр.
Колледж ұжымы да студентінің жетістігін мақтан тұтады. Оқытушыларының айтуынша, Кирилл кәсіби байқауларға белсенді қатысып, оқу барысында да, қоғамдық жұмыстарда да бастамашылдығымен ерекшеленеді. Олар жас жігіттің ізденісі мен талпынысы қатарластарына үлгі болып, өзге студенттерді де жаңа идеяларды жүзеге асыруға ынталандырады деп сенеді.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






