Қоғамда ерекше белсенді адамдар алдымыздан жиі жолығады. Оларды бірде сенбілікте, енді бірде қайырымдылық шаралардан кезіктіріп, бірте-бірте етене тани бастайсың. Олар орта таңдамайды, жұмыс талғамайды, жақсылықтың жаршысы болып, игілікті істердің басынан табылуды азаматтық парыз, адами міндет санайды. Осындай белсенді адамдардың бірі – «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ өндірісті дайындау цехының 2-санатты инженері, жастар активінің төрайымы Самал Мұхамеджанова.
Самал Ермұқанқызы таяуда облыс әкімі Асайын Байхановтың қолынан «Қоғамдық қызмет» аталымында «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығын алып, Екібастұз өңірінің абыройын асқақтатты. Жастарға арналған беделді сыйлыққа 146 адамның арасынан қол жеткізу ерекше мәртебе емес пе?!
– Бұл мен үшін жай ғана марапат емес. Бұл – қоғамдық жұмысқа арнаған уақытымның, жастар үшін жасаған еңбегімнің, күн-түн демей жүгіріп әр іске жанашырлықпен қарағанымның нәтижесі, – деп ағынан жарылды Самалдың өзі бұл жаңалыққа.
Осы тұста жаздың соңында Солнечный кентіне барған сапарымыз еске түсті. Сол кезде кент әкімінің орынбасары Сәния Жұмашева кенттің белсенді жастары қайырымдылық қаражат есебінен Достық, 5, Абай, 2 мекенжайларындағы көпқабатты екі үйдің қасбетін жаңартқанын тілге тиек еткен болатын. Кенттің шырайын кіргізіп, алыстан менмұндалаған қызылды-жасылды үйлерді көргенде, «Бұл еңбек Самалсыз іске аспаған шығар» деп ойлағанбыз. Шынымен де, бұл мақсатқа қаражат жинау Самалдың бастамасымен жүзеге асқан көрінеді. Әрине, белсенді қыздың жанынан Бахтияр Мырзалиев, Темірлан Сейтжанов, Ибрагим Мүсәпіров, Нариман Нұртаңов, Айнұр Қожамқұлова, Нұрлан Умиржанов сынды мүдделес азаматтар (1983-2003 жылдар аралығында туғандар) табылғанын айтпай кетуге болмайды.
Самал кентте ғана емес, Екібастұз қаласында өтетін қоғамдық шаралардың да бел ортасында жүреді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясынан бастап түрлі патриоттық шаралардың бәрінде ол қашанда солнечныйлық жастардың көшін бастап келеді. Ол – Екібастұз қаласы Ауыл жастары кеңесінің төрайымы, 2024-2026 жылдары Екібастұз қаласы Жастар мәслихатының депутаты болып сайланған, Абай атындағы №28 ЖОББМ қамқоршылық кеңесінің төрайымы. Қоғамдық жұмысы лайықты бағаланып,
2025 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жастар медаліне ие болған.
Еңбектегі жолына келер болсақ, Самал Ермұқанқызы Екібастұз гуманитарлық-техникалық колледжін және Қазақстан инновациялық академиясын ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша бітірген.
Әуелі МАЭС-2 станциясында жастар тәжірибесінен өтіп, еңбек жолын курьерліктен бастаған. Түрлі сатыда ысыла келе, бүгінгі таңда станцияның 2-санатты инженері лауазымын абыроймен арқалап жүр. Сөз арасында айта кетейік, Самалдың әкесі Ермұқан да осы станцияда еңбек етеді.
Өмір жолына үңілсек, Самалдың екі әжесі «Батыр Ана» орденін таққан ардақты жандар. Көпбалалы қос әулеттің сыр-сипаты, әрине, Самалдың бойында елгезек мінез, көпшілдік қасиеттің қалыптасуына зор ықпалын тигізгені анық.
– Бала күнімде үйге қонақ көп келетін. Анам жиі-жиі қолдан тәтті тоқаш, ши бауырсақ және қант кәмпит жасап беретін. Қолдың майын, құрт-ірімшік, қоспа мен талқанды жиі жасайтын. Анамның қолы ашық болды, көршілерге қолда барын таратып жататын. Сол кезде жарық жиі өшетін, бірақ электр жарығы болмаса да, ауылдың тіршілігі бітпейтін. Мектепте белсенді болдым, би, ән үйірмелеріне қатысатынмын. Сонда анам көйлек іздеп тауып, әрқашан қасымнан табылатын. Мені іс тігуге, үй шаруасына, тамақ пісіруге баулыды, – дейді ол. Өкініштісі, анасы Фаниза 45 жасында о дүниелік болды. Бірақ әкесінің, әжелері мен туған-туыстың мейірімі оны әрдайым бақыт шуағына бөледі.
Атасы Қамкен Жәнбеков – соғыс азабын да, Сталиннің тозағын да басынан кешкен жауынгер, 15 баланың әкесі. Ал нағашы ата-әжесі Әнуарбек, Клара Садықовтар – жас күнінде отбасылық ансамбль болып танылып, кейін Солнечный кентінің дамуына үлес қосқан жандар. Ата-әжелерінің бойындағы қарапайымдылық, еңбексүйгіштік, үлкенді сыйлай білетін кішіпейілдікті Самал кішкентайынан көріп өсіп, өз бойына дарытты. Міне, өнегелі әулеттер жәдігеріндей асыл қасиеттер бүгінде оған өз ортасында жарқыраған бағдаршамдай жол көрсетуде. Осы тұрғыдан алғанда, Самалға бұйырған «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығы өз иесін тапқан екен дедік.
ЖАНАРГҮЛ ҚАДЫРОВА






