Ауласында биік-биік қарағай мен шырша аралас өскен «Черноярская жемчужина» – зейнеткер қарттар тынығатын әрі ем қабылдайтын шипажай. Әудем жерде – шоқ-шоқ теректі тоғай, шымырлай сырғып аққан қарт Ертіс өзені. Екі-үштен, төрт-бестен топтасқан демалушылар таңертең не кешқұрым тоғай ішінде серуендеп жан сергітіп қайтады. Осылайша мұндағы тіршілік сырт көзге күн сайын біркелкі өтіп жатқан сияқты көрінгенімен, шын мәнінде олай емес. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» демекші, әңгімелесе келе әр адамның ішкі жан дүниесі де, тағдыры да әркелкі екенін білесің.
Жалғыздық
Бізбен көршілес бөлме екі шалға бөлінген екен. Бірі – кісі жатырқамайтын, дабдыр-дабдыр еткен сөзуар қарт. Екіншісі – томаға-тұйық, жабырқау қарт. Сөзуар адам естіп-білгенін жұртқа жариялап жібереді емес пе, қамкөңіл қарияның ішкі жан күйзелісінің сырын шипажайдағылар да естігенде, бас шайқап, аяушылық білдірумен болды.
– Некелі әйелі екі баласын күйеуіне тастап, өзі байға тиіп кетіпті. Отыз жасты орталаған шағы екен. Қайта үйленбей, бейнет көре жүре он екі және он жастағы екі ұлын ер жеткізіп, үйлендіріп, әкелік парызын өтейді. Алайда азамат болған балалары әкесімен қарым-қатынасты үзіп, қартайған шағында жападан-жалғыз қалдырыпты. Көршім түнімен дөңбекшіп, күбір-күбір етіп сөйлеп шығады. «Балаларыңмен татулассайшы» деп күндіз кеңес берсем, құп көрмей, тоңтеріс болып, екеуара араз күй кешеміз. Не істерімді білмей далмын, – деп, сөзуар қарт шипажайдан кеткенше әйтеуір жабырқау қартқа қамқорлық танытып жүрді.
Айтпақшы, сөзуар шал өзгелерден екі күн бұрын жолға жиналды. Қара шаңырақта отырған ұлы жеңіл көлігімен келіп алып кетті. Есік көзіне дейін шығарып салған жабырқау қарт көлікті көзімен ұзатып, тағы да состиып жалғыз қалды…
Мерей
Бір үстелде сегіз адам отырып тамақтанамыз: екі жұп ерлі-зайыптылар, жасы сексеннен асқан және апалы-сіңлілі әжелер мен егделеу әйел. Дастархан біріктіріп, аз күннің ішінде бір үйдің адамдары сияқты болып кеттік. Өзіміз, бала-шағамыз туралы әңгіме сапырып, ішіп-жеген сайын дәмді ас дайындаған аспаздарды, тынығуға тамаша жағдай туғызған шипажай қызметкерлерін мақтаймыз. Шипажайда әр адамға ерекше ілтипатпен қарау мәдениеті мен әдебі қалыптасқан. Әдеттегідей түскі тамаққа кірісіп едік, шипажайда мәдени іс-шараларды ұйымдастырып жүрген келіншек микрофон ұстап ортаға шығып, «Бүгін Ғалия апайдың туған күні. Мерейлі жетпіс бес жасқа толып отыр», – деп құттықтау хат пен естелік сыйлық ұсынды. Демалушы қауым ду қол шапалақтап, бәріміз жылы лебіз білдіргенде Ғалия апаның қой көздері күлімдеп, жүзі нұрланды.
Ал кешкілік біз күтпеген тосын сый болды. Апалы-сіңлілі қариялар асханаға торт, жеміс, манты мен салаттар ала кіріп, дастархан-дастарханға таратты. Сөйтсек, түс ауа Ғалия апаның ұлы мен келіні, немересі ауылдан келіп, отанасын құттықтап, көңілін жадыратып кетіпті.
Негізі Ғалия апа – құрметке лайық адам. Сыпайы, мәдениетті апа қайратты да екен. Қырық екі жасында жесір қалып, алты баланы ер жеткізіп, бүгін ұл-қыздарының, немере-жиендерінің ортасында шалқып отырған көрінеді.
Айтпақшы, Ғалия апамыз өнерлі болып шықты. Дойбыдан өткен жарыста әйелдер арасында жүлделі орын алып, мәдени шарада қазақтың ескі әндерін сызылта айтып, қошеметке бөленіп, алғыс хатқа ие болды.
Қарттыққа Ғалия апа сияқты әдемі жету де бақыт!
Шипажайда тазалыққа айрықша мән беріледі. Тазалықшы қыз-келіншектердің қолынан шүберек түспейді. Әсіресе, Оля есімді жас келіншек пысық. Мінезі жайдары, қызметтік міндетінен бөлек шаруаларды да қабақ шытпай атқарып, қарттарға қолғабыс тигізіп жүреді.
Оляның еден жуғанда қазақ әндерін тыңдайтын әдеті бар. Реті келгенде сұрап едім, «Маған ұнайды. Әуендері жан дүниеңді толқытып, мұң мен сағынышыңды басады», – деп іркілмей жауап қатты. Содан соң сағынышы жайлы әңгімені бастап кетті.
– Мен – неміс қызымын. Ауылдас орыс жігітіне тұрмысқа шықтым. Сонау аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдары әке-шешем, ағам Германияға қоныс аударды. Менің де туыстарыммен бірге кеткім келіп еді, күйеуім қош көрмеді. Отбасымды сақтап ауылда қалдым. Арада бірнеше жыл өткенде әкем де, анам да өмірден өтті. Ол уақытта тұрмысымыз жүдеу болатын, жолға шыға алмай, іштей күйзелсем де, үй ішіне сыр білдірмедім. Әйтсе де әке-шеше қабірлеріне менен бір уыс топырақ бұйырмағанына әлі күнге жүрегім сыздайды. Қазіргі уақытта тұрмысымыз түзелді, үш ұлымыздың үлкені – студент, кішілері – оқушылар. Күйеуім тарихи отаныма барып келуімді құптап отыр. Жалғыз ағамды сағынып жүрмін, сағынып, – деген Оля «Негізі ұшаққа мінуден қорқамын, бірақ ағамды көру үшін үрейімді жеңуім керек», – деп сөзін түйіндеді.
Осылайша сәл мұңайып, қайта жайдары қалпын тапқан неміс қызы – Оля шаруасына кірісті. Мен ақын Төлеген Айбергеновтің «Сағынған көздің моншағы, шашылып жатыр төсекте» деген жыр жолдарын еске алып, Оляның ағасын көріп сағынышын басуын тіледім.
Өз елімізде, өз туған-туысымыздың арасында жүрген біз сағына білеміз бе екен?
Ж. Жәлелұлы,
«Черноярская жемчужина» шипажайы





